KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да Сарбаздар ант қабылдады

7.12.2024, 14:30 99 Төлеуғазы Жансая

Өскемендегі Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде күзгі шақырылыммен мерзімді қызметін өтеуге келген 400-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады. Биыл Қарулы Күштердің қатарына іліккен жауынгерлер еліміздің 12 өңірінен жиналған, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі. 

Салтанатты жиынға әскерилер мен ата-аналар, қала тұрғындарымен қоса, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Осы уақытқа дейін сарбаздар алғашқы әскери дайындық курсынан өтті. Яғни қару-жарақты ұстап үйреніп, әскери ұрыс тактикаларын меңгерді. Атап айтқанда, осымен алдағы оқу-жаттығу жұмыстарының негізгі дағдыларын игеріп болды. Сонымен қатар, Қарулы Күштердің жарғысымен танысты. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттар оларға тәлімгер рөлін атқара отырып, жас жауынгерлерді әскери тәртіп пен командалық жұмысқа бейімдеген. 

– Жас сарбаздар ант қабылдап болған соң, өздерінің әскери бөлімшелеріне тарқайды. Бүгінгі шараға 2000-нан астам ата-ана жиналып, балаларын құттықтауда. Біздің сарбаздар өзінің антына адал болады деп сенеміз, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Дархан Ажибаев. 

Әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын өтеуге келгендердің бірі – тараздық Дастан Талғатұлы. 

– Ата-аналар бізге жан-жақтан ізгі тілектерін жаудырып жатыр. Ерекше сезім екен. Бізде өзіміздің ұранымыз бар: «Дәстүрді жалға, намыспен алға!» деген. Сол дәстүрмен енді бір жыл бойы Отан алдындағы борышымызды өтейміз, - дейді тараздық жас сарбаз Дастан Талғатұлы. 

Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеуді абыройлы іс деп білетін Шымкенттен келген Ақжол Түгел де бар. Ол ел тыныштығын күзету -  ерлердің ісі екені Ата Заңда да айқын көрсетілген дейді. Сондықтан әскери бөлімдегі темірдей тәртіп өзін шыңдап, шынықтыратын нағыз өмір мектебіне айналатынына сенімі мол.  

- Бүгін Отан алдында ант қабылдадым. Өмірімдегі тарихи сәт болды. Бұл салтанатты шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Осы бір ай уақыт ішінде сержанттар мен офицерлер бізге әскери өмірді үйретуде, – деді жас сарбаз Ақжол Түгел.

Айтулы шараға қатысқан ата-аналар қауымы ерекше сезімде болды. Ал жас сарбаздар бір ай ішінде меңгерген әскери ұрыс тәсілдерін, саптық жүрістерін паш етіп, жоғары деңгей көрсете білді. 

- Баламыздың ант қабылдау рәсіміне келдік. Өздерін де көріп жатырмыз. Жағдайлары жаман емес. Өте керемет! Бәрі де ойдағыдай, – дейді Ақтөбе облысы, Қобда ауданынан келген ата-ана Дулат Қалиев.  

Ал шымкенттік  Ақылбек Беріков, бүгін дүйім жұрттың алдында әскери ант қабылдап, жауынгерлік қызметін абыроймен өткеруге серт берген ұлына қарап, көңілі марқайып қалғанын жасырмады. Өз баласына үлкен үміт артқан әке осылайша, жан тебіренісімен бөлісті. 

- Ант қабылдау күні болып жатыр. Шынымды айтсам, өз басым, қатты толқып тұрмын. Қуаныштымын, ұлымның да Қазақстанымызды қорғайтын азамат болып ер жеткеніне өте ризамын. Барлық сарбаздардың Отан алдындағы борыштарын өтеп, аман-есен үйлеріне оралуын тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - деді Глубокое ауданынан келген ата-ана Жанар Қозыбаева. 

Бұл ретте, Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Азамат Джумагазиев сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне дейін, ата-аналарға екі күн бойы «Ашық есік күні» ұйымдастырылғанын айтады. Сонымен қоса, ол бүгінде мемлекет тарапынан әскери қызметтің сапасын арттыруға негізделген көптеген іс-шара жүзеге асырылып жатқанын және бұл бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары екенін алға тартты. Сәйкесінше, негізгі тәрбие жұмысы кез келген заң бұзушылықты болдырмай, олардың алдын алуға бағытталатынын мәлімдеді.

Арайлым Орсаринова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу