Ірі жобалар қолға алынып, ілкімді істер жүзеге асып жатыр
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары. Айталық, экономика үш пайызға, өңірлік өнім 14 пайызға өскен. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың XIII сессиясында айтылды.
Былтыр облыс бюджетіне 485,9 млрд теңге кіріс кірген. Ал үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында экономика 7,7 пайыз, өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 пайыз, инвестиция 14 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру 10 пайызға өсті.
Ірі инвестжобалар іске асып жатыр
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында 53 млрд теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың көпшілігіне мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Өткен жылы ауыл шаруашылығына 48 млрд теңге, азық-түлік өндірісіне 8 млрд теңге инвестиция салынды. 437 млн АҚШ долларының өнімі экспортталды, өңделген өнімнің үлесі 43 пайызды құрады.
Сонымен қатар өңірде былтырдан бері 6 ірі сүт фермасы салынып жатыр. Жалпы құны 21 миллиард теңге болатын бұл фермалар жылына 40 мың тоннадан астам сүт өндірмек.
Сүт фермалары Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша салынуда. Жобаларға мемлекет тарапынан 11 миллиард теңгенің қолдауы көрсетілді. Фермалар іске қосылған соң жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 66 пайызға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ импортты алмастырамыз, халық өз сүтіміз бен сүт өнімдерімізді тұтынатын болады, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылады.
Ауылда бизнесті дамытудың бір тетігі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 1,5 млрд теңге бөлінді және қаражат негізінен мал басын сатып алуға жұмсалды. Биыл қаржыландыру 5,6 млрд теңгеге ұлғайтылды.
Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 22 ауыл шаруашылығы кооперативі мен мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Сондай-ақ жыл соңына дейін өнеркәсіп саласындағы 10 жоба іске асады. Бүгінгі таңда облыста бірыңғай республикалық пулға енген 35 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар жеңілдетілген несиелендіру және жер учаскелерін беру секілді мемлекеттік қолдау көріп отыр. Былтыр осылардың ішіндегі инвестиция көлемі 81 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға берілген.
Биыл өңір басшысының айтуынша, 50 млрд теңгенің 10 жобасын іске қосу жоспарланған, оның ішінде 3 ірі жоба бар: Глубокое ауданының Секисовка ауылындағы «Baur Gold» алтын өңдейтін кәсіпорнын жаңарту, облыс орталығында жартылай іске қосылған «Алтай» көтерме-тарату орталығы, құрылысы ұзаққа созылған «Maxi Mall» сауда және ойын-сауық орталығы.
Бұл жобалардың барлығына қомақты инвестиция салынған. Сонымен қатар аймақ басшысы облыс үшін шағын жобалар да маңызды екенін атап өтті, өйткені олар облыс экономикасының құрылымын өзгертуге әсер ететін болады.
Айта кетейік, бүгінде жалпы аймақтық өніміндегі өнеркәсіп үлесі 35%-ға дейін жетеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, Алматы қаласы экономикасының құрылымында өнеркәсіп небәрі 5%-ды құрайды, ал жалпы өнім шағын және орта бизнес есебінен қалыптасады. Бұл ретте оңтүстік мегаполис бүгінде республикалық бюджеттің доноры болып отыр. Шығыс өңірі де осындай көрсеткішке ұмтылуда.
«Қонақжай отбасының» ауқымы кеңейді
Өңір тұрғындарының қолдауына ие болған «Қонақжай отбасы» жобасы биыл жалғасын тапты. Аталмыш жоба енді барлық ауданда жүзеге асырылмақ.
«Қонақжай отбасы» – мемлекеттік тілді тілдік ортада оқытуға бағытталған еліміздегі бірегей жоба.
Биыл Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Шемонаиха және Алтай ауданынан келген 100 бала Катонқарағайдың ауылдарында тұрып, тілді меңгерді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр «Қонақжай отбасы» жобасына облыстың түкпір-түкпірінен 67 бала қатысып, жиырма күн бойы Катонқарағай аудандағы отбасыларда тұрып, тіл үйренген болатын. Сондай-ақ олар сол өлкенің табиғатымен, мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік алған.
Жаңа жылу электр орталығы салынады
Энергетика министрлігі және «Самұрық-Энерго» АҚ-мен бірлесіп Өскеменде жаңа жылу электр орталығының (ЖЭО) жобасы іске асырыла бастады. Нысан салынатын жер учаскесі анықталған. Қазір техникалық құжаттама әзірленіп жатыр.
ЖЭО салу өңірді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа жылу көзі тозығы жеткен бес қазандықты жабуға, 15 мыңнан астам жер үйді орталық жүйеге қосуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, экономика салалары мен қала инфрақұрылымының нақты секторын дамытуға серпін береді. Жоба жүзеге асқан соң, жаңа жұмыс орындары да ашылады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Үкіметтің қолдауымен Риддер ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа 7,5 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінде жабдықтардың тозуы 17,2%-ға және жылу желілерінің тозуы 3,5%-ға төмендеді. Жөндеу жұмыстарынан кейін жылу орталығында апат болған жоқ.
Биыл Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жалғасты. 8,5 млрд теңге бөлінген. 18,9 км жылу желілерін жаңғыртылды. Жабдықтың тозуы тағы 17,5%-ға төмендеді.
Ауыл туризмі түлей түсті
Шығыс өңірінде ауыл туризміне ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта маңызды жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде Коробиха, Зимовье, Поперечное секілді көрікті елді мекендердің тұрғындары саяхатшыларға қоналқы үйлерін жалға беріп, табыс табуда. Ауыл туризмінің түлеуі жаңа жұмыс орындарының құрылуына да жол ашады.
Жалпы, туризм саласы шағын және орта бизнестегі елуден астам қосалқы саланың дамуына ықпал етеді. Өткен жылы өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілері шығаратын өнім көлемі 28 пайызға өсті. Осыған сәйкес бюджетке түсетін түсім де 34 пайызға артып отыр.
Дегенмен аймақ басшысы жол-көлік инфрақұрылымының сапасын жақсартпай туристік саланы дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Алдағы уақытта жол, автотұрақ және жол бойында орналасқан нысандардағы санитарлық тазалық мәселесі назарға алынады.
Шығыс өңірінде қазір Бұқтырма жағалауы, Сібе көлдері, Дұбығалы мен Шыбындыкөлде жағажай демалысын, Риддер қаласы мен «Алтай альпісінде» қысқы демалысты дамыту басымдыққа ие. Ішкі және сыртқы туризмді қатар дамытуға мүмкіндік мол. Өңір билігі аймақтың табиғи әлеуетін және климаттық ерекшеліктерін пайдалана отырып, инфрақұрылымды жақсартуды көздеп отыр.
Сонымен қатар қоғамдық тамақтану және қонақ үй бизнесінің жетекші кәсіпкерлерінің қатысуымен технологиялық колледж базасында қонақжайлылық негіздерін оқыту бағдарламасы әзірленді. «Қызылтас тауына хайкинг», «Бүркітшілер фестивалі» секілді іс-шаралар да туризм саласын ширатуға септігін тигізеді.
2025 жылға қарай Катонқарағай ауданында TORRE компаниясының құны 8,3 млрд теңгеге барабар бес жұлдызды қонақ үйі бой көтереді.
Сонымен қатар облыстық онкология және хирургия орталығының базасында медициналық туризмді дамыту қолға алынғанын айта кетуіміз керек. Өңірдегі сала мамандары Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының өкілдерімен жұмыс істеп, жобаның бизнес-жоспарын әзірленген. Қазір жобаны басқа да медициналық ұйымдармен үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.
Көшелері асфальт көрмеген ауылдарға көңіл бөлінді
Биыл облыста Жол жылы аясында жалпы ұзындығы 600 шақырым болатын жолдар мен көшелер жөнделді. Оның 180 шақырымы облыстық жолдар болса, 420 шақырымы – аудандық жолдар және елді мекен көшелері.
Биыл облыстық және аудандық жолдарды жөндеу жұмысын қаржыландыру 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғайды. Ал елді мекендердің көшелерін жөндеуді ескере отырып, жалпы 31 млрд теңге игерілді.
Бұдан басқа Осинов асуын айналып өту үшін Өскемен – Рахман қайнары жолын реконструкциялау жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Өскемен мен Риддерде жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту мәселесі де оң шешілуде. Былтыр екі қалаға 42 автобус сатылып алынса, биыл тағы 76 автобус пен 30 шағын автобус сатып алынды.
Ауызсу мәселесі екі жылда толық шешіледі
Өңір тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесін толық шешу үшін жалпы сомасы 17,5 млрд теңге болатын 16 жоба қолға алынған. 8 жоба биыл іске асырылса, жалпы сомасы 12,8 млрд теңге болатын қалған 8 жоба 2025 жылы іске асырылады.