KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Көл байлығын арттыру – экономикалық әлеуеттің кепілі

Фото: gubkin.city

8.12.2024, 13:15 16 Гульжан Мусина

Балық шаруашылығы – Қазақстан экономикасының дамуы үшін маңызды салалардың бірі. Әсіресе, еліміздің су ресурстарына бай өңірлерінде бұл бағыттың әлеуеті жоғары. Ертіс су бассейні – Қазақстандағы үшінші ірі су аймағы ретінде елдің балық шаруашылығына айтарлықтай үлес қосып келеді. Аймағымыздағы балық шаруашылығы су айдындарының қатарына төмендегі басты су айдындары кіреді: Жайсан (Зайсан) көлі, Бұқтырма су қоймасы, Шүлбі су қоймасы, Өскемен су қоймасы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысы шегіндегі Ертіс өзені, Шығыс Қазақстан, Павлодар бойынша жергілікті маңызы бар су айдындары және Қаныш Сәтпаев каналы.

Балық шаруашылығы экономиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бұл сала ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың табысын арттыруға көмектеседі. Қазақстанның балық өнімдері әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие, бұл экспорттық табысты арттыруға мүмкіндік береді.

Су экожүйесінің дұрыс сақталуы балық шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Балық өсіру су қоймалары мен көлдердің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді, бұл табиғатқа жанама пайда әкеледі.

Облыста кәсіпшілік бағытта балықтың 11 түрі ауланады, оның ішінде коммерциялық тұрғыда аса бағалы көксерке, шортан, сазан, табан балықтары бар.

Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасында мынандай негізгі индикаторлар айқындалған: республика бойынша балық өсіру көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту, Шығыс Қазақстан бойынша 2030 жылға қарай жылына 9 мың 774 тонна өсіру міндеттері қойылған. Біздің мақсат –белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Балық шаруашылығы ауыл тұрғындары үшін күнкөріс көзі болып табылады. Сонымен қатар, бұл бағыт халықтың тағамдық өнімдерге деген қажеттілігін қанағаттандырады. Балық – ақуыздың маңызды көзі ретінде халықтың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді.

Осы орайда айта кетсек, қазір балық шаруашылығында субсидиялау және салықтық жеңілдіктер сияқты мемлекеттік қолдау шаралары бар. Облысымыздың балық өсірушілері балық шаруашылығына салынған инвестициялардың 25%-ын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау алды. Сондай-ақ балықтың үш түрі: тұқы, бекіре және албырт бойынша азық сатып алу кезіндегі шығындардың 30%-ы субсидияланды. Бұл тізім лат, цихлид, сондай-ақ шаян тәрізділер есебінен кеңейтіліп отыр. Бұдан басқа, шығыстардың 50%-ына дейінгі өтеу бойынша субсидиялардың жаңа түрлері: балық өсіру -биологиялық негіздемелердің құнынан; балық өсіру материалын сатып алуға; бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға; дәрілік препараттарды сатып алуға алдын ала субсидия беріледі. Бұл күрделі салымдарға, техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгі компоненттерге, атап айтқанда жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алуға кеткен шығындарды өтеуге арналған субсидиялар.

2023 жылы қыркүйекте Балық шаруашылығы бағдарламасына кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерін, су беру және балық өнімдерін қайта өңдеу құнын субсидиялау бойынша, сондай-ақ балықпен байланысты инвестициялық жобаларға кредит беру мүмкіндігі бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Ертіс бассейні – су ресурстары мол аймақ. Онда жыл сайын шамамен 9,7 мың тонна балық аулау жоспары бекітілген. Бұл су қоймалары мен өзендердің биологиялық әлеуетін тиімді пайдалануды білдіреді. Ертіс бассейнінде кездесетін балық түрлеріне шортан, сазан, көксерке және табан балық жатады. Сонымен қатар, аймақтағы арнайы шаруашылықтарда құнды тұқы балықтары өсіріледі.

Былтырғы қараша айында Парламент Мәжілісіне бизнесті қолдауды кеңейтуді көздейтін «Акваөсіру туралы» Заң жобасы енгізілді. Балық аулайтын және оны өңдейтін субъектілер үшін қосылған құн салығы төмендетілді. Балық өңдеу кәсіпорындарын қолдау және оларды шикізатпен қамту үшін өңделмеген балық экспортын шектеу мәселелері пысықталды.

Құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мақсатында бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасында балық шаруашылығын жүргізуді оңайлату және әкімшілік кедергілерді жою бойынша бірқатар өзгеріс көзделген.   

Атап айтқанда:

- биологиялық негіздемелерге мемлекеттік экологиялық сараптаманы алып тастау және су айдындарын қайта бекіту рәсімдерін жою;

- жергілікті маңызы бар су айдындарында жыл сайын емес, үш жылда бір рет ғылыми зерттеулер жүргізу;

- инвестициялық жобаларды конкурссыз іске асыру үшін су айдындарын бекіту;

- су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарына қызмет көрсету объектілерін салуға рұқсат беру;

- бекітілген су айдынына жақын жерлерді балық өсіру объектілерін орналастыру үшін конкурстық рәсімдерсіз беру.

Балық шаруашылығы су қоймаларын бекіту бойынша конкурс өткізудің жаңа ережелері қолданылады, ол барлық қатысушыларға түсінікті және ашық. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Конкурстық рәсімдер оларды аукцион түрінде өткізуге байланысты автоматтандырылды және оңайлатылды, мұнда түпкілікті нәтиже аукционға қатысушылардың өздері қабылдаған шешімдерге байланысты болады. Аукцион барысында  әрбір қатысушы өз бағасын кезең-кезеңімен жариялайды және ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз болады. Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер gosreestr.kz веб-порталында қабылданады. 

Қазір облыста балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы іске асырылып жатыр. 2023 жылы тауарлы балық өсіру көлемі Шығыс Қазақстанда 1746 тоннаға жетті.

Былтыр балық шаруашылығына облыста жергілікті атқарушы орган тарапынан 188,9 млн теңге, республикалық бюджеттен 51,1 млн теңге субсидия бөлініп, игерілді.

Балық шаруашылығын жүргізу үшін балық шаруашылығы су қоймалары кәсіпкерлерге бекітіліп беріліп жатыр. Жергілікті маңызы бар 15 су қоймасы бойынша конкурс өткізілді. Барлық келісімшарт 20 жылға қарастырылған. Халықаралық маңызы бар Бұқтырма су айдынының жеті учаскесі бойынша конкурс өткізілді, қазір екі учаске бойынша пайдаланушы балық өсіруден бас тартты. Бұл учаскелерге алдағы уақытта қайтадан конкурс жарияланады.

Балық қорын сақтау мақсатында инспекцияның құқық қорғау органдарымен, мекемелермен бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. Бақылаудағы аумақтарға 1564 жедел рейд жүргізіліп, 1025 бұзушылық анықталды. Олар бойынша 1025 адам жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 124 материал заңды өрескел бұзғаны үшін сотқа жолданды, 22,1 млн теңге айыппұл салынды. Оның 19,7 млн теңгесі өндіріліп алынды. Зиянды өтеу бойынша 18,3 млн теңге сомасына талап қойылды. Тыйым салынған 1052 аулау құралы, синтетикалық моноталшықтан жасалған 941 дана ау, заңсыз ауланған 3448 кг балық тәркіленді. Жиыны 15 қылмыстық іс қозғалды, оның 14-і қаралып, біреуі қысқартылды.

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі балық шаруашылығына кері әсерін тигізіп отыр. Су деңгейінің төмендеуі және температураның өзгеруі балықтардың мекен ету ортасын шектейді. Осы мәселелерді шешу үшін Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу маңызды. Балық шаруашылығын дамыту үшін заманауи технологияларды енгізу қажет. Бұл – арнайы торлы шаруашылықтарды құру, су сапасын жақсарту үшін аэрация жүйелерін орнату, балықтардың көбеюіне жағдай жасау.

Қазақстан Үкіметі балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. 2021 жылы қабылданған «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында:

  • Су қоймаларын тиімді пайдалану,
  • Балық түрлерін көбейту,
  • Балық экспортын арттыру мақсаттары көзделген.

Инспекция құрамына орталық аппараттың бір бөлімі және жеке құрамның 49 қызметкері, аудандық инспекциялардың алты бөлімі кіреді. Уылдырық шашу кезеңінде қызметкерлердің инспекторлық қадағалау жұмыстары күшейтіледі. Ертіс бассейнінің байлығы – Қазақстанның экономикалық және экологиялық әлеуетін арттыруға негіз. Су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы балық шаруашылығын дамытып, ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкіндігі зор. Бұл үшін табиғаттың берілген сыйын сақтап, жауапкершілікпен пайдалану маңызды.

 Фархат Байбазаров,

 Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы

бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу