Құқықтық мәдениетті азамат - құқықтық мемлекеттің тірегі
Фото: pexels.com
Тәуелсіз еліміздің Ата Заңында Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет деп жарияланғаны баршамызға мәлім. Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы құқықтық саналы, құқықтық мәдениетті болуы қажет. Құқықтық оқыту және құқықтық тәрбие өзара табиғи байланысқан. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үзіліссіз процесс болуы қажет. Сонда ғана ол өз кезеңінде тұлғалардың заңдарға бағыну санасын қалыптастырады. Құқықтық білімді күнделікті кеңейту және тереңдету әрекеттер өзіндік мазмұнына сәйкес бағытталуы керек.
Қазіргі кезде азаматтар күн сайын, тіпті сағат сайын мәмілелер жасап жатады, бірақ оны өздері онша сезіне қоймайды. Көпшілік арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі мынандай болды: біріншіден: автобусқа отырған азамат тасымалдау келісім-шартын, киім ілгішке киімін өткізген азамат сақтау шартын, дүкенге келген азамат сатып алу-сату шартын жасасқанын түсіне бермейді. Чек, билет, жетон т.с.с. мәмілелерді растайтын заттардың құқықтық маңызы бар екенін тіптен елей қоймайды. Екіншіден: өз құқықтарының бұзылу жағдайында азаматтардың басым көпшілігі қайда барып жүгінуді білмейді. Үшіншіден: өз беттерімен заңдылық құжаттарды рәсімдей алмайды. Төртіншіден: заңдардың бар екенін біле тұра оны іске асырудың жолын білмейді. Аталмыш жағдайлар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, арттыру мәселесін алға қояды.
Заңды білу және оны құрметтеу – құқықтық мемлекетті құрып отырған Қазақстан мемлекетінің әрбір тұрғынының қасиетті борышы. Құқықтық ағарту немесе құқықтық білім қалыптастырудың мақсаты - заң ережелерін насихаттап, азаматтардың күнделікті тұрмыста ұстана алатын дәрежеге жеткізу. Құқықтық білімді қалыптастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру, жастардың алған білімнің күнделікті тұрмыс талаптарына сәйкестігі мен адамгершілік нормаларына сабақтастығы оның негізділігінің белгісі ретінде қарастырылады
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру әр мемлекеттің идеологиялық қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады. Тарихқа үңілсек барлық мемлекеттерде құқық пен құқықтық тәртіп туралы дүниетанымдарды тарату қызметін жүзеге асырудың ерекше көздері болып мешіттер, шіркеулер, мектептер, әдебиеттер, өнер (барлық деңгейдегі мектептер), басылымдар, радио, теледидар арнайы заңгерлік білім беру мекемелері танылған.
Мемлекеттің даму деңгейі жоғары болғанымен құықтық сананың мәні, оның бағалығы, қызметі біршама тұрақты болып қала береді, ал оның азаматтардың санасына әсер етудің мазмұны мен тактикасы, объектілері, нысаны және амалдары ауысып отырады. Тек шынайы демократия жағдайларында құқықтық білім беру кәсіби мамандардың мақсатты бағытталған және арнайы ұйымдасқан қызметі болуы мүмкін. Ол өзі көп мақсатты, қызметті, болжамды стратегиялық, ұзақ мерзімді мақсаттар және тактикалық мақсаттарды, таяудағы жалпы және жеке мақсаттарды көздейді.
Қазіргі таңда құқықтық нигилизмді (құқықты жоққа шығаруды) жеңуіміз қажет, оған көпшіліктің таңқалуын тоқтатып, заңға деген сый, құрметтеуге тәрбиелеу және жауапкершілік сезімдерін ояту қажеттілігі, яғни бұл жерде жемқорлық, заңды басынушылықтар, заңға немқұрайлы қараудың құқықтық жүйеге кереғар екендігін түсіндіру және қоғамдық моральді бейтараптық жаулап алуына жол бермеу керек. Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын кеңейтуде немесе қоғамдық сананы құрудың негізі адамгершілік және әлеуметтік әлемді тұрақтандыру арқылы, яғни барша азаматтардың қолдауымен барлық қоғамдық топтардың, халықтың белсенді қызмет етуге және адам құқығының шеңберін кеңейтуге жол ашу. Құқыққа немқұрайлы қарау қандай да бір шектен шығушылық, әлеуметтік басқа да нормаларды, психологиялық жеке тұлғаларда заңға деген жауыздықпен қарауы, демократиялық формадағы «Не істегім келсе, соны істеймін» деген қарама – қайшылық құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды құру жағында үйінділерді білдіреді, яғни бұл жерде осындай кереғарлықтарды жою керек. Бұндай әлеуметтік кереғарлықты жеңу қажет, басынушылықты және нигилизмнің алдын – алу жұмыстарының (әлеуметтік апатияны) бірден – бір маңызды құрамдас бөлігі болып азаматтарға құқықтық тәрбие беру шараларының белсенділігі болып табылады.
Қазақстанда құқықтық нигилизм профилактикасын дамыту керек, яғни осы салада арнайы бағдарламалар қажет. Себебі, жастар арасындағы құқықтық нигилизмге бой алдырушылық өз кезеңінде біршама қауіп тудырады. Сондықтан қолданылатын заңның қызметті сапалығын қамтамасыз ету, заңның және құқықтық тәртіптің тұрақтылығы, соттардың мәртебесін жоғарлату және соттарды уақыт талабына сай соттың реформаларды, халыққа уақытқа сай етіп құқықтың тәрбие беруге негізделу мәселесі бірінші кезекте тұруы қажет.
Салыстырмалы түрде азаматтардың құқыққа деген құрметінің пайда болып заңды болары сөзсіз. Олардың алған құқықтық білімдері жеке өздерінің сеніміне айналуы қажет, ол келесідей: құқыққа бағынулары, оларды қатаң сақтаулары, одан барып – ішкі қажеттіліктеріне заңдарды жарату және оны әдетке айналдыру, нәтижесінде құқықтық белсенділіктерін көрсетулері қажет, яғни күнделікті өмірде жүзеге асырулары керек.
Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың келесідей амалдары бар: құқықтық насихат, құқықтық білім беру, заңдылық тәжірибе, яғни өзін-өзі тәрбиелеу немесе құықтық өмірге бейімделу. Жоғарыда көрсетілген амалдардың астарында оның негізгі қайнар көзі құқықтық ақпарат жатыр. Ол арқылы тұлғаның оңды әрекет етуіне ықпал етудің маңызы зор. Бұл жерде ерекше орынға «құқықтық минимум» проблемасы ие болады, яғни әлеуметтік шеңберде әрбір азаматтың мәртебесіне қандай да болсын қоғамда тәуелсіз, құқықтық білімді міндетті деңгейде иеленуі қажет, яғни өзіне қажетті деңгейде иеленуі ықтимал. Бұл процесті тиімді басқару үшін нақты құқықтық ақпарат қайнар көзінің жүйесі болуы керек және оларды азаматтардың іс – жүзінде қолдануы, сонымен еңбек ұжымдары, топтардың және тұрғындардың өмір тәжірибесінде қолдануы жатады.
Ш.Монтескье адамзат үшін әділдіктен артық еш нәрсе жоқ деп айтқан. Сондықтан да сотқа деген құрмет және барлық қарама -қайшылықтарды сотта шешу қажеттілігі, құқықтық тәрбиенің компоненті ретінде өз құқығын жүзеге асыруда құқықтық тәрбиенің маңыздылығы туындайды. Сайып келгенде мына амалға көңіл аударуымыз қажет, яғни өзін - өзі тәрбиелеу барлық құқық субъектіледінің құқықтық санасының құрылуына тиімді әсерін тигізеді. Өзін - өзі тәрбиелеудің астарында құқыққа деген құрмет қалыптастыру жатыр, яғни қажеттіліктерін ұйғарымдарға байланысты өзін - өзі оқыта отырып және қатаң сақтап, өз тәжірибесінде жеке басының дербестігі арқылы талдау жасауы керек.
Қоғамның құқықтық өміріне әрбір азаматтың қатысуы, оның құқықтық санасына өз әсерін тигізе отырып, сондай-ақ құқықтық мәдениетін қалыптастыруға себепкер болады. Заңға бағынушылық және әлеуметтік белсенділіктің қалыптасуы, оның құрылуына қоғам мен мемлекет мүдделі болуы қажет. Құқықты үлкен әлеуметтік құндылық деп пайымдайтын болсақ, онда мемлекет бірден-бір жеке тұлғаның бостандығын және сөз бостандығын таратушы ретінде, заңдылықты бекіту құқықтық тәртіпті, қоғамдық тәртіптің қалыптасуына себепкер болады. Құқықтық сананы тәрбиелеу өнегелі табиғи байланыспен бастау, демократиялық сананың барлық азаматтарға берілуі, қоғамдық мәдениеттің көтерілу үрдісін қалыптастырады, сондай-ақ адамдарға әділеттілікті бостандықты дұрыс иеленуге шақырады. Сонымен қатар демократияның дамуында заңдылықтың және тұлғаның бостандығы, адам құқығы, оның азаматтық жауапкершілік сұрақтары өзекті болып табылады. Адам бостандығы және оның адамгершілігі, құқықтық нысанын мына формада адамдардың тұлғалық әрекетін көруге болады: оның өзгелерге деген, қоғамға, мемлекеттік мүдделерге құрметпен қарауынан, оның дұрыстығы яғни таза, өнегелі, ақылды т.б. сый – құрмет сияқты әрекет негізіндегі қатынастарынан байқауға болады.
Азаматарды құқықтық рухта тәрбиелеу құқықтық білім берумен шектеліп қалмайды, керісінше жастардың заңға, құқыққа деген позитивті қатынастарының қалыптасуына және оның құқықтық мәдениетте құқықтық белсенділігінің артуымен айқындалады. Азаматтардың құқықтық мәдениеті заңдылық білімінің негізімен сиптталады, яғни құқыққа, заңға деген құрметі, саналы түрде құқық нормасын сақтау, әлеуметтік заңдылық жауапкерішілігін түсіну, құқық бұзушылыққа жол бермеумен, онымен күресуді білдіреді. Олардың мемлекет және қоғам алдындағы жауапкершіліктері және құқықтары мен бостандықтары құқықтық мәдениеттің құрамдас бөлігі екенін түсінуі, құқықтық санасында мемлекет және оның органдары арқылы өз құқығының қорғалуына сеніміділік сезімі қалыптасып, заңдылық мүдделерін қолдануға және мемлекеттің алдына қоятын міндеттерінің әділдігі және ол басқа азаматтармен құқықтық теңдігі, яғни ол басқа азаматтармен заң және сот алдындағы тең екендігіне сенуі.
Құқықтық мәдениет – азаматты өзінің мемлекет және қоғам алдындағы міндетін саналы түрде жүзеге асыруын талап етеді.
Құқықтық білім беру және қоғамды жетілдіру мәселелері өзара байланысты. Қоғам дамуының өзі осы мәселелерді оның қажетіне айналдырды, өйткені мемлекетіміздің дамуының түбегейлі жаңа сатысы оның зияткерлік, мәдени және ізгілік әлеуетіне тікелей байланысты. Мұның бәрі өзгерген қоғамдық өмір шындығына сай құқықтық білім берудің ерекше маңызын айқындап отыр.
Білімді адам санатына қосылу үшін қазіргі жасөспірімдерге негізгі пәндерді игеру және талдау қабілетінің сауаттылығы аздық етеді. Ол өмірдің әр тетігіне үңіліп, тығырықтан шығар жолға даяр болуы қажет.Құқықтық білім беруді қалыптастыруда жоғары оқу орындары маманның жан-жақты қалыптасуын, құқықтық мәдениеттің дамуын, әлеуметтік және шаруашылық сұрақтарын шешетін, құқық жағынан сауатты болуын талап етеді. Маманның құқықтық сауаттылығы құқықтық мемлекеттің саяси жағынан хабардар болуына септігін тигізеді. Аталмыш міндеттердің шешімі ғылыми-теориялық процессті меңгеру, мемлекеттік құқықтық аспектілер және құқықтық тәртіптегі құқық нормаларын бағалау позициясы, жоғары оқу орнына сай маманға құқықтық білім беру, маманның құқық нормаларын толық меңгеруі болып табылады. Жоңары оқу орындарында құқықтық білім берудің халықаралық – құқықтық аспектілері болуы қажет.
Республикамыз өз тәуелсіздігін алып, небір қиыншылықтарды артқа тастап, бүгінгі күнде экономикасы дамыған мемлекетке айналған тұста да елімізде ақсап жатқан келе лі мәселелердің бар екендігі жасырын емес.Ел болған соң, соңғы кездері жалпы халықтық құқықбұзушылық теріс әрекеттерінің қоғамда өршіп, оның алдын алудағы құқықтық тәрбие берудің ақсап тұрғаны қоғамдағы өзекті мәселеге айналуда. Қоғам болашағын құқықтық мемлекет тағдырымен байланыстыра қарап отырған шағымызда ұлттық дәстүрлі ерекшелігімізді негізге ала отырып. жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесін жалпы білім беру мазмұныңда қарастырудың маңыздылығы бүгінгі күні өз қажеттілігін танытып отыр. Күнделікті күйбең тіршіліктің құрығына түсіп, өз ар-ожданын, ұятын, намысын бір сәттік дүниенің жалған қызығына айырбастап, заңды сыйламау арқылы қоғамда құқықбұзушылықтың кең өршіп отырғаны ойланарлық жағдай. Осының өзі жас ұрпақтың, одан қала берсе жалпы халықтың құқықтық санасын жетілдіру идеясын қуаттайды. Бұл идея тек халық арасында айтылып қалмай, мемлекет тарапынан қолдау табуы керек, яғни жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға қажетті нормативті - құқықтық база қалыптастыру қажет. Қоғамда орын алған құқық бұзушылық сипаттағы келеңсіз құбылыстарға жол бермеуді ойластыру, оған білім беру мекемелері арқылы құқықтық насихат жүргізу іс-шарасын ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болуы керек.
Құқықтық білім беруді іске асыру адамның тікелей құқықтық нормаларда көрсетілген актілерді оқып танысуы, нормативтік актінің мәтінін оқу, радио арқылы есту т.б. шаралардың жүзеге асырылуымен байланысты. Барысында немесе онымен жанамалай басқа жақтардың қатысуы арқылы (мысалы: біреулердің айтуы арқылы, өмірлік жағдайларда нақты кездесетін құқықтық актімен танысу) жүзеге асады. Бұл екі әдіс бірін-бірі толықтырып отырады. Заңның немесе басқа да нормативтік актінің мазмұнын заңгер емес адамдар белгілі жеңіл әдістер арқылы игере алады. Мұндай жағдайда оны түсіндіруші кім екендігі маңызды рөл атқарады. Оның құқық туралы ақпараты қаншалықты білікті, толық және шынайы екендігінің орны ерекше. Бұл құқықтық ақпаратты еркін игеруге, терең түсінуге ықпал етеді. Осы жерде біз республикамызда жастардың өздерінің мүдделерін қорғайтын заңдарды білу деңгейлеріне көңіл бөліп көрелік: «Республикалық әлеуметтік сауалнама қорытындылары бойынша жас жігіттер мен қыздардың 13,8 пайызы ғана өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін заңдарды біледі. Қайта ересек жастағы жастар топтары өз хабардарлығының мұнан екі есе жоғары екендігін көрсетті. Білім деңгейі жоғарлаған сайын заңдарды білу деңгейі де жоғары (2,9 пайыз толық емес орта білімдіден, 22,7 пайыз жоғары білімдіге дейін)». Келтірілген мәлімет көңіл қуантарлық емес. Бірақ бір заңдылықтың бары байқалады. Ол жастардың білімі неғұрлым жоғары болған сайын заңдар туралы білімі де жоғарылай түседі.Қазақстандық жастардың еңбек, білім, денсаулық сақтау, демалысқа қатысты құқықтық білімдері төмен екендігін байқадық. Жалпы құқықтық сананың құрылымында құқықтық білімнің маңызды орны бар. Біздің айтарымыз, кұқықтық мемлекет — өзінің болмысы және өзі әзірлеген әлеуметтік қатынастардың мәні жағынан қылмыс жасаушылықтың пайда болуына жол бермейтін қоғамды қалайды. Бірақ, бұл сіз бен біздің күйбең тіршілік ізімен кетіп, құқықтық саясат тұжырымдамасын талқылаудан сырт қалсақ, өздігінен жасала салатын дүние емес. Сол себептен де елімізде бүгінгі күні криминогендік жағдай ушығып тұр деп білеміз.
Құқықтық білім беруді барлық жерлерде қолға алып, оған ерекше мән беру жастардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттыруға, жастарды құқықтык-патриоттық рухта тәрбиелеу ісінің табысты болуына және жалпы халықтың құқықтық санасын оятуға жәрдемдесері күмәнсіз. Бұл салада халықты құқықтық ақпараттандыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша жұмыс жасайтын жергілікті атқарушы органдардың жанындағы үйлестіру-әдістемелік кеңестер мен жоғары оқу орындарының заңгерлер, болашақ құқық пәні мұғалімдерін даярлайтын факультеттермен арадағы байланыстың жоқтығы, олардың ортақ құқықтық насихат жүргізу қызметтерінің әлсіздігі айқындалады.
Қазіргі кезде қоғамда адамгершіліктің азайып, адамдар арасындағы қарым-қатынастың дөрекіленіп, адамгершілік жүгінен адамдардың босанып алғанын, қоғамның барлық салаларында адамгершіліктің құны төмендеп бара жатқанын, т.б. баспасөз құралдары жиі көтеріп жүр.
Жоғарыда айтылған ойлар құқықтық тәрбиенің көпшілік болып, жұмыла атқарылатын қоғамдық іс екендігін айқындап отыр, яғни, құқықтық мемлекетті құруда азаматтардың құқықтық тәрбиесіне аса көңіл бөлу мемлекеттің басты назарында болуы қажет. Құқықтық тәрбие мәселесінің шешілу мақсаты, міндеті, мазмұны бар ғылыми тұжырымдаманы қажет етеді. Сондықтан жастардың құқықтық тәрбие мәселесі тек қана теориялық емес, практикалық сипат алғанда ғана өз нәтижесін береді. Педагог ғалым В.В. Берманның теориясы бойынша: «Құқықтық тәрбие ғылымда адамдардың санасы мен әрекетіне белгілі бір мақсатпен ықпал ету бойынша шара қолдану жүйесі ретінде ұғындырылатын тәрбиелеудің ерекше түрі». Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтарын тәрбиелеуде Ата Заң нормативтерін жүйелі қолдану арқылы құқықтық тәрбие мәселесіне назар аудару басты мақсатымыз.
Газизова Нәзигүл
педагогика ғылымдарының кандидаты