KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Жағалаудағы ауданның жағдайы қалай?

8.12.2024, 18:15 30 Гульжан Мусина

Самар ауданында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп, туризм, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қоса халықты таза сумен және жылумен қамтамасыз ету, жол жөндеу және абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғыртуға да басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мұхаметжановтың айтуынша, биыл бюджетке 3,8 миллиард теңгеге жуық кіріс түседі деген жоспар бар. Бес ай көлемінде меншікті кіріс түсімінің жоспары артығымен орындалғаны байқалды. Айталық, жыл басынан бері жоспарланған 1,023 млрд теңгенің орнына бюджетке 1,424 млрд теңге түсім түскен.

2024 жылдың бес айында аудан бюджетіне ағымдағы нысаналы және облыстық бюджеттен дамуға берілетін трансферттер бойынша бірқатар нақтылау енгізілді. Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне 1,55 млн теңге көлеміндегі жәрдемақы белгіленген. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне материалдық көмек ретінде бюджеттен 4,537 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін басқа да жәрдемақылар мен төлемдердің көлемі нақтыланды. 

– Облыстық бюджеттен бірқатар трансферттер бөлінді. Оның ішінде Самар ауылының көшелерін жарықтандыруға – 45,25 млн теңге, Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан жер учаскелеріндегі электр желілерін сатып алуға – 129,4 млн теңге, Көкжыра ауылындағы Мәдениет үйінің ғимаратының жөндеуге 28,04 млн теңге жұмсалды, – дейді  Мұрат Мұхаметжанов.

Сонымен қатар ол Самар ауданындағы жол жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қосымша трансферттер бөлінгенін айтты. Атап айтсақ, Новостройка ауылының кіреберісіндегі жолды орташа жөндеуге – 105,686 млн теңге, Көкжыра ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуге – 102 млн теңге, Қараөткел ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуге – 260 млн теңге, Самар ауылындағы көшелерді орташа жөндеуге – 297,759 млн теңге, сондай-ақ Аққала, Мариногорка және Сарыбел ауылдарындағы көшелерді орташа жөндеуге әрқайсына 50 млн теңгеден жұмсалды. 

Ауыл шаруашылығы алға басып келеді

Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мұхаметжанов атап өткендей, өнеркәсіп Самар ауданы экономикасының жетекші салаларының бірі болып қала береді. Дегенмен биылғы бес айдың қорытындысы бойынша кейбір кәсіпорындарда өсу қарқыны аздап төмендегені байқалады. Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айларында Самар ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,011 млрд теңге болған, бұл былтырғы көрсеткіштен төмендеу.

– Негізгі себеп – белгілі бір маусымда ғана жұмыс істейтін Сәтпаев тау-кен байыту кәсіпорнында өндірілетін өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеуі болды. Сондай-ақ «Дигам» кәсіпорнында ауланған балық көлемінің азаюына байланысты өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемінің төмендеуі байқалады, – деп түсіндірді Мұрат Мұхаметжанов.

Ауданның ауыл шаруашылығында алға басушылық бар. Мәселен, аталған салада жалпы өнім көлемі 4,416 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 111,1% болды.

Құрылыс жұмыстарына келсек, биылғы бес айда жалпы ауданы 1,2 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер салынған.

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары былтыр Самар ауылында жалпы ауданы 5714,9 шаршы метр болатын бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өтті. Оның ішінде 22 пәтердің он екісі қызметтік пәтер және он пәтер көпбалалы, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі.

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 96,6 млн теңгеге 10 жеке тұрғын үй салу жоспарланған.

Жалпы, Самар ауданындағы 925 шағын және орта бизнестің белсенді субъектілері – негізінен жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары. 

Тарихи қалыптасқан жағдайларға байланысты бүгінде Самар өңірінде ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізгі драйвері болып саналады. Ал ауыл шаруашылығындағы басым бағыттар ет-сүт мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы болып қала береді.

Мал шаруашылығын айтар болсақ, ауданда екі ірі асыл тұқымды мал шаруашылығы бар, тағы бес шаруа қожалығы ірі қараның етті тұқымын селекциялық өсіруге маманданған, олар барлығы 1147 бас ірі қара ұстап отыр.

Биыл Самар ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 66 349 гектар болды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 1167 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 

Өткен жылдың соңында аудан шаруашылықтарының машина-трактор паркі 356,2 миллион теңге тұратын 27 ауылшаруашылық техникасымен толықты.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін  демалыс күндері жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Былтырғы жәрмеңкелерде 30 миллион теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері сатылды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін облыс орталығына да апарып өткізіп тұрамыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары. 

Оның айтуынша, ауданда соңғы екі жылда суармалы жер көлемін ұлғайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2022 жылы жалпы жер көлемі 500 гектар болса, алдағы уақытта бұл көлемді тағы 130 гектарға арттыру жоспарлануда. Жалпы, Самар ауылындағы суармалы жер қоры мен Ешкібай су қоймасының бөгеті 751 гектарды құрайды.

Туристер саны артып отыр

Ресми мәліметке жүгінсек, былтыр Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында 20 мың турист демалған. Жалпы, аудандағы демалыс базалары бір мезетте кемінде 2220 адамды қабылдай алады.

– Туристерді көптеп тарту мақсатында Сарыбел ауылындағы жағалауды дамыту үшін арнайы жоспар қабылданған. Ол бірінші кезекте инфрақұрылымды дамытуды, соның ішінде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуді қамтиды, – деп түсіндірді Мұрат Мұхаметжанов. 

Жағалауды дамыту жоспарын жүзеге асыру аясында 95 млн теңгеге облыстық маңызы бар Самар – Васильев өткелі жолы және 90 млн теңгеге Сарыбел ауылының кіреберіс жолы жөнделді. Биыл Новостройка ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу көзделіп отыр.

Мұрат Мұхаметжановтың айтуынша, қазір Самар ауданында ауызсумен қамтамасыз ету – 87 пайыз. Ауданның кейбір ауылдарында су құбыры желілерінің қызмет ету мерзімі 50 жылдан асады. Мәселен, Самар ауылында 1955 жылы, Сарыбел ауылында 1972 жылы, Палатцыда 1968 жылы тартылған су құбырлары бар.

Бүгінде ауданның 18 ауылына ауызсу тартылған. Оның ішінде сегіз шағын ауылда блок-модульді станциялар жүйесі жұмыс істейді. 

– Бұл Қараөткөл, Шұбарқайың, Новостройка, Подгорное, Қайыңды, Жаңажол, Мойылды, Раздольное, Қойтас, Қаракөл және Песчанка қатарлы ауылдар. Сонымен қоса Аққала, Құлынжон, Көкжыра, Көкжота ауылдарына жаңадан су құбырлары тартылды. Бірақ бүгінде Аққала, Құлынжон және Көкжыра ауылдарында аталған жобаларды жүзеге асырып жатқан мердігер мен лауазымды тұлғалар соттасып жатқандықтан су құбыры жұмыс істемей тұр, – деп түсіндірді Мұрат Мұхаметжанов.

Сондай-ақ ол биыл Самар ауданының 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында Сарыбел, Көкжота ауылында су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Самар ауылының су құбыры желілері 693,9 млн теңгеге қайта жаңғыртылған. Құрылыстың 95%-ы орындалды, қалған іске қосу жұмыстары биыл жүзеге асырылады. 

Жылумен қамту саласына келер болсақ, биыл ауданның 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында Самар ауылының жылу желілерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда. 

Көшелер жарқырап, жолдар жөнделеді

Жалпы, ауданда 2024 жылға 2,2 миллиард теңгенің 34 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 10 тұрғын үйдің құрылысы, Бастаушы, Аққала, Көкжота, Қараөткел, Мойылды ауылдарының көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Облыстағы Жол жылы аясында аудандағы Самар, Бастаушы, Құлынжон, Новостройка, Көкжыра, Қараөткел, Аққала, Мариногорка, Сарыбел ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді.

Бастаушы ауылында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіліп, аудан орталығындағы «Дәншік» балабақша-бөбекжай ғимаратының қасбетіне және Мариногор орта мектебінің жатақханасының қазандығына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жамбыл атындағы орта мектеп ғимаратындағы терезе ойықтарын, еңістерін және терезе төсеніштерін ішінара жөндеу жүргізілді. Самар бастауыш мектебінің шатырын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Көгалдандыру мәселесіне келсек, Құлынжон, Көкжыра, Жаңажол және Раздольное ауылдарында жаңа балалар ойын алаңдары салынды. Ал Самар ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қоршалды.

 Екатерина Гуляева

Аударған – Ақмарал Мұхтарбекова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу