KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Ауыл медицинасының ахуалы – бас дәрігер көзімен

8.12.2024, 15:00 20 Гульжан Мусина

Ұлт саулығы еліміздің тұрақты дамуының кепілі болғандықтан медицинаға қатысты мәселелер назардан тыс қалған емес. Бұл сала жыл сайын жылдам әрі жан-жақты дамып келе жатыр, деп хабарлайды  Altainews.kz. Он ұйықтасақ түске кірмейтін түрлі ем-шаралық әдістер мен заманауи медициналық аппараттар бүгінде қалаларға ғана емес, ауылды жерлерге жетіп, кеңінен қолданылып жатқанын мойындамасқа болмайды.

Ауылдағы медицинаның ахуалы ұзақ уақыт бойы көңіл көншітпегені рас. Бас ауырып, балтыр сыздаса тез арада ем қабылдай алатын мүмкіндік те болмаған еді. Осыдан екі жыл бұрын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсартуды тапсырған болатын. Сол жұмыстар біртіндеп кезең-кезеңімен атқарылып, оның жемісін қазір ауыл халқы көріп отыр.

Дегенмен мәселелер түгел шешілді дегенге әлі ерте. Ауыл медицинасының бүгінгі ахуалы жайлы Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Мирхат Увазыров айтып берді.

Өзгеге жақсылық жасасаң, өзіңе қайтып келеді

Мирхат Увазыров медицинадағы еңбек жолын хирургия бөлімшесінде мейіргерліктен (медбрат) бастап, бас дәрігер лауазымына дейін жетіп отыр. Еңбек жолында ол мектепте фельдшер де болды, COVID-19 пандемиясы кезінде балалардың «қызыл аймағында» бала дәрігері ретінде кезекшіліктер атқарды, учаскелік бала дәрігері, дәрігер-сарапшы, бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етті. Облыс орталығында да, ауылдық жерлерде жұмыс істеді, яғни медицина саласындағы барлық проблемалармен жіті таныс десе болады. Қазір Глубокое ауданының 26 мың тұрғынына қызмет көрсететін ірі медициналық мекемелердің бірін басқарып отыр.

– Әжем «Өзгеге жақсылық жасасаң, өзіңе қайтып келеді» деп айтып отыратын. Өзі де кез келген адамға көмекке келуге әзір жан еді, сонысымен маған үлгі бола білді. Бала кезімде анам қатты ауырып қалған еді. Соның бәрі әсер еткен болар, дәрігердің оқуына түсемін, өзімнің жақсы көретін адамдарымды емдеймін деп шештім, – дейді Мирхат Фархатұлы.

Бес жыл медициналық университетте білім алып, фельдшердің сертификаты қолына тиген сәттен бастап жұмысқа кіріскен екен. Алдымен онкологияның аса күрделі хирургиялық бөлімшесінде мейіргер (медбрат) болады. Кейін интернатурада оқып жүріп, Өскеменнің №22 орта мектебінде жұмыс істейді.

– Мамандық бойынша «Педиатрия» бағытын таңдадым, себебі балаларды жақсы көремін. Дәрігер ретіндегі алғашқы жұмыс орным – Шығыс Қазақстан облысының Ана мен бала орталығы. Одан кейін жалпы практика дәрігері, яғни учаскелік дәрігер болып қызмет атқардым, – дейді ол.

Мирхат Увазыров Ана мен бала орталығында үш жыл жұмыс істеген соң Защита ауруханасына бас дәрігердің орынбасары әрі алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің басшысы болып тағайындалады. Мұнда екі жыл қызмет атқарып, халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету саласында үлкен тәжірибе жинақтаған.

– Осы кезде COVID-19 вирусына байланысты пандемия басталып кетті. Бұл сырқатпен ата-анам да ауырып қалғанда, белгісіз сырқатпен күресу жағынан өте көп тәжірибе алдым. Ойланбастан, бірден Ана мен бала орталығына оралып,  «қызыл аймақта», яғни балаларға арналған жаңа ковид емханасында бөлімше меңгерушісі болдым. Бұл – аймақтағы ең үлкен бөлімше еді – 350 төсек-орынға шақталған. Жұмыс қиын болды, себебі бас кезде ауру туралы ешкім ештеңе білмеді. Жұмыс жағдайы да ауыр болды. Біз тәулік бойы қорғаныс костюмдерін киіп, бетперде мен арнайы көзілдірік тағып жұмыс істедік. Дегенмен, қиындыққа қарамастан науқастарды қабылдап, емдедік, өте ауыр жағдайда түсетін. Өзімнің адамдық та, дәрігерлік те парызымды өтедім деп санаймын, – дейді Мирхат.

Мирхат – төрт баланың әкесі. Отбасы оның мамандығының күрделі тұстарына түсіністікпен қарап, барлық жағынан қолдау көрсетіп отырады екен.

– Мен – дәрігермін, сондықтан өзімнің таңдаған мамандығыма қызмет етуім керек. Яғни, қайда жіберсе, сонда барып жұмыс істеуге тиіспін, себебі сол жерге менің қызметім қажет деген сөз. Ана мен бала орталығындағы екі пандемиялық маусымнан кейін Шемонаиха аудандық ауруханасына ауыстым. Онда бас дәрігердің орынбасары болдым. Отбасым мен балаларымның дамуын да ойлауым керек қой, сол үшін облыс орталығына оралуға тура келді. Мұнда №2 емханада дәрігер-сарапшы болып қызмет етіп, ізінше бас дәрігердің сапа бойынша орынбасары болдым. Алайда көп ұзамай тағы да ауданға жіберілдім. Бұл жолы Глубокое аудандық ауруханасына бас дәрігер етіп тағайындады. Бұл лауазымда жүргеніме екі жылдай болып қалды, – дейді ол.

Ауылдағы денсаулық сақтаудың кемшін тұстары

Ауылды жерлерде қызмет атқарып, біраз тәжірибе жинақтаған маман ауыл медицинасына қатысты өз ойларымен де бөлісті.

Айтуынша, ауылдағы денсаулық сақтаудың қиындық туғызатын ең бір кемшін тұсы – елді мекендердің шашыраңқы орналасуы. Бұл, әсіресе, осы Глубокое ауданына қатысты. Мұнда елді мекендердің арасындағы қашықтылық пен облыс орталығына жақын орын тебуі біраз кедергі келтіретін көрінеді.

– Біздегі ауылдардың тұрғындарына, мысалы, Бобровканың дейік, аудандық ауруханаға келу қолайсыз. Сондықтан олар қаладағы емханаларға тіркеледі. Ал біз үшін бұл – қаражат жоғалту, яғни мұнда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша бөлінетін қаражатпен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан пациенттер үшін түсетін ақша да бар, – дейді бас дәрігер. – Тағы бір үлкен мәселе – аудандағы ауыл тұрғындарының көбі сақтандырылмаған. Қазір біз бұл мәселені шешу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өткен жылы тұрғындарымыздың ішінде 12 мың адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылмаған болатын, бүгінде бұл көрсеткішті 9 мың адамға дейін азайтып отырмыз. Тізім бар, біз де, әкімдік те, Қор да әр адаммен жеке жұмыс жүргізеді. Ең өкініштісі, адамдардың көпшілігі медициналық сақтандырудың қажеттілігін тек күрделі ота не қымбат ем-шара керек болғанда ғана түсінеді. Қазір бірақ сақтандыру қорына бірден 12 айдың төлемін енгізуге болады. Бұл – өте үлкен көмек. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тағы бір жағымды тұсы ретінде медсақтандыру аясында емделуге, стационар қызметіне, жоғары технологиялы медициналық көмекке квоталар санын арттыруды атар едім. Соның арқасында енді бізде тіркелген ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде мүмкіндіктер көбейді.

Ауыл халқы скринингтен неге қашады?

Мирхат Увазыров ауыл халқының денсаулығын жақсарту жағында кедергі келтіретін тағы бір жайтты айтып өтті. Ауыл тұрғындары онкологиялық скринингтерден өтуге ықылассыз екен.

– Қазір бізде диспансерлік тіркеуде онкологиямен 900 науқас тіркеуде тұр. Бұл – көп. Әрине, асқынған ауыр жағдайлар да бар, дегенмен біз ерте анықтау бойынша көрсеткіштерімізбен мақтана аламыз. Сондай-ақ пациенттердің өмір жасын бес жылға дейін ұзарту жағынан да айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алдық. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр, онкологиялық науқастарға «жасыл дәліз» ұйымдастырылған, олар бірден жолдама алып, тексеруден өтеді, ем-шараны дер кезінде бастайды. Бірақ онкоскринингтер бойынша жоспар жиі орындалмай қалып жатады. Сондықтан ауылдықтарға айтарым, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмай, өз денсаулықтарыңызға ерте кезден қамқорлық танытыңыздар, – деген аудандық аурухананың бас дәрігері тұрғындарды скринингтен үнемі уақытында өтіп отыруға шақырды.

Маман тапшылығы шешімін тапты ма?

Кезінде Глубокое ауданының тұрғындары ауруханалардағы маман тапшылығына жиі шағымданатын. Материалдық-техникалық база жағы да көңіл көншітпегенін жасырып қайтеміз? Жалпы мұндай мәселелер барлық аудандарда болған. Ауыл медицинасын дамыту жағы республикалық деңгейде қолға алынғалы бері жағдай түзелді ме екен? Одан бөлек шешімін таппаған тағы қандай өзекті мәселелер бар?

Мирхат Фархатұлының айтуынша, қазір аудандық ауруханада барлық қажетті мамандар бар.

– Біз халыққа қажетті диагностикалық, хирургиялық және ем-шаралық көмек көрсетеміз. Ең бастысы, барлық мамандар бар! Кәсіби хирургтер, алты гинеколог, УЗИ маманы, екі эндокринолог, тіпті кардиолог. Өзімізде ғана істейтін дәрігер болса дейміз, әрине, бірақ тапшылық мәселесін қызметтерді қоса атқару арқылы шешіп келеміз. Мамандар бірнеше сағатқа келеді, дәрігерлер кезекшілік атқарады. Әзірше бұл жағынан қиындықтар жоқ, үлгеріп жатырмыз. Жуықта наркоздық-дем алу аппаратын сатып алып, оттегін беретін палаталар жасадық. Енді колоностойка сатып алуды армандап жүрмін, бұл терапевтік диагностикалық процедура, оның көмегімен дәрігер наркоз арқылы ауыртпай еркін тексеріп, диагноз қоя алады, – дейді бас дәрігер.

Одан бөлек, аудандық аурухана ғимаратының қасбетін жөндеу, кедергісіз кеңістік ұйымдастыру секілді мәселелер де бар екен.

– Өкінішке қарай, біздің аурухананың ғимаратын салған кезде бұл жағы ескерілмей қалған, сондықтан қозғалысы шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына қатысты қиындықтар бар. Бірақ жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, алдын ала есептеулер бойынша шамамен 26 миллион теңге қажет. Осы мәселе шешіліп, ауылдықтардың денсаулығын жақсарту бойынша жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз деген үміттеміз, – дейді Мирхат Увазыров.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу