KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Марқакөлдің мақтанышы: Құмарбек Жұпбайдың өмір жолы

9.12.2024, 10:30 19 Гульжан Мусина

Құмарбек Жұпбай – инженер-ғалым, шежіреші, ақын. Марқакөлдің төл тумасы. Бүгінде жетпістің жетісіне шыққан Жетісу облысына қарасты, Текелі қаласында тұрып жатыр. Сәті келіп бір жолыққанымызда жерлес ағамызды әңгімеге тартқан едік.

– Құмарбек аға, сіздің есіміңізді Марқакөл ауданының әсіресе аға буын үлкендер жағы осы күнге дейін айтып отыратын көрінеді. Тұстастарыңыз сізді сонау 80-ші жылдары аудан шаруашылығында аты дүркіреген, алдыңғы қатардағы инженер болған деседі.

– Соғыстан  кейінгі  алғашқы  аласапыран  жыл.  Сол  1946  жылы  Марқакөл  ауданындағы  Ақшоқы  елді  мекенінде  рудник  жұмыскерлерінің  үйінде өмірге  келіппін.  Әкеміз Зейнолда (ол  кісіні  аға  деуші  едік) алтын өндірісі орналасқан «Батпақ-Бұлақ»  руднигінде  есепші,  шешеміз Дәнекер  жай  жұмысшы  болып  істепті.  Мені,  тұңғышы  болғандықтан,  атамыз  Арнапасқа  береді.  Сол  кісінің  қолында  өстім.  

Мен  атамыз  бен  апамыздың  қолында,  Алтайдың жайдақ сілемі саналатын Ақшоқыда  жеті  жасқа  дейін  тау-таста  ойнап  өсіп,  мектептің  1-сыныбын  бітіргеннен  кейін, 1954  жылы  жанұямызбен  Жаңауыл  селосына  көштік.  Жаңаауылдағы  Ленин  атындағы  орта  мектепте  8-сыныпқа  дейін  оқыдым.  Жаңауыл  орта  мектебін  Қазақстанның  Халық  мұғалімі,  алғашқы  қазақ  интеллигенциясының  өкілі  Түкібаев  Садық  ұйымдастырып,  директоры  болып  еді.  Ол  кісі  мектепте  интернат  ашып,  онда  бүкіл  ауданнан  балалар  келіп,  тұрып  оқитын  еді.  Орта  мектеп  жабылатын  болған  соң, енді  Боран  селосында  оқитын  болдық.  Сонда  11 жылдықты үздік бітіріп,  «Алтын  медальмен»  аттестат  алдым.

Игілікті іс бастаған инженер

– Сол  заманда,  оқушылар  арасында  «Инженер»  деген  мықты мамандық бар екен!» деген хабар тарап, біздің бірталайымыз соның оқуына бармақ боп шештік. Сөйтіп, 1964 жылы орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға тарттық. Мен Ауылшаруашылық институтының механизация факультетіне түстім. Студенттік бес жыл өмір  көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шықты. 1969 жылы оқуымды қызыл дипломмен бітірдім.

Елге барайын деп, Марқакөлге жолдама алған боларсыз?

– Иә, сол кезде ел ішінде көп кездесе бермейтін «Ауыл шаруашылығының инженер-механигі» деген мамандық алып, 1969 жылы елге қайтып оралдым. Жолдамамен Марқакөл ауданының «Қалжыр» совхозына инженер-механик болып орналасып, мұнда үш жыл істедім. Институтта алған білімімді жұмыста қолдануға мүмкіншілік алдым. Кеңшардың қой совхозы деген атағы бар. Қой қырқу, тоғыту жұмыстарын механикаландыру бойынша өз жобамды жасап, совхоз басшылығына ұсындым. Ол жоба – ірілендірілген, бір орталықтағы қой қырқу пунктінің жобасы еді.

Жобам қабылданып, совхозда тұңғыш рет бір орталықтағы қой қырқу пунктін салып, ойымызды іске асырдық. Бұл өте тиімді әдіс болды. Бұдан өзге, совхоз орталығындағы электр желісін толығымен жаңадан ауыстырдық. Тоқ көзі ретінде жаңа дизель-генератор орнаттық.

1979 жылы Марқакөлдегі «Боран» қой совхозына бас инженер болып тағайындалдым. Бұл совхоздың маған қатысты бөлігі мен қабылдап алғанда әбден  шаршаған шаруашылыққа айналыпты. Техниканың бәрі дерлік, жөндеу базасының да әбден тозығы жеткен, кадрлар жетіспейді, т.с.с. Соның бәрін қолға алып, мойныммен көтеру қажет болды. Бірте-бірте «Боран» совхозы ендігі жерде басқа  кеңшарларға көмекке баратын халге жетіп, аудан басшыларынан: «Ауданның флагманы – «Боран» совхозы», – деген мақтау еститін болдық.

«Боран» совхозынан кейін бес жылдай  аудандық  «Казсельхозтехника» бірлестігінде жұмыс істедім. Содан соң  жасымның ұлғайюына байланысты, қайта мұғалімдік жұмысқа оралдым.

Жетісуға қоныс аударуларыңызға не түрткі болды?

– Марқакөлден Талдықорғанға 1990 жылы, зілзаладан кейін көштік. Үйіміз көп зақымданып, басқа амал қалмады.

Талдықорған  аймағына  көшіп  келген соң,  Қаратал  орта  мектебіне  мұғалімдік  жұмысқа  орналасып, 7-11 сыныптарда физика, математика сабақтарын оқыттым. Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін сырттай оқып, мұғалімдік диплом алдым. Осы мұғалімдік жұмыстан зейнетке шықтым.

Бір кітапқа 12 жыл сарп еткен

Әңгімеміздің негізгі  діңіне енді таяған сияқтымыз. Қолға қалам алып, шежіре жазу, өлең жазу қашан басталды?

– Шығармашылық-шежіре әлеміне келген кезім 1980-ші жылдар. Алдымен өзіме кездескен шежіре, тарихи материалдарды  жинастырумен басталды. Сол кездері «Қазақ энциклопедиясы» шыға бастаған. Онда көптеген қызықты фактілер бар екен. Ауылдағы ақсақалдардан да естігендерімді біраз жинадым. Ескінің әңгімесін білетін үш атамыз болды. Аталарымыз дегенде, олар төрт ағайынды: Жұпбай атамыздың ұлдары Зәбен (Мұхаметзари), Мұхаметжан, Арнапас, (Қасейін ерте қайтыс болған), Әбдіғани еді.

Сол кісілерден шежіре, аңыз сияқты біраз материалдарды жазып алдым. Сол жылдардан бастап атақты тарихшылардың кітаптары да шыға бастады. Жалпы, 20-шы ғасырдың соңғы ширегі – қазақ тарихы мен шежіресінің қарыштап алға басу кезеңі деуге болады. Сол материалдарға сүйене отырып, тарих пен шежіреге бойлай бердім. Әуелі қазақ хандығының заманы, одан Шыңғысхан заманы, одан түрік қағанаттары, сақтар мен ғұндар, оғыздар, көне түріктер – бәрі бірінен кейін бірі алдымнан шықты. Сөйтіп, Нұх пайғамбар мен ұлы топан суға дейін жеттім. Жеткен жерлерімде мүмкіндігінше оқиғаның болған уақытын (жылдарын) анықтауға тырыстым. Менің жазған тарихымды жылнама деуге болатын шығар. Соншама материалдан шағын ғана «Көне түрік тарихына шолу» деген жылнама кітап шықты. Бұл кітапқа 12 жылымды сарп еттім.

Поэзия әлеміне келсек, өлеңге ден қою 1997 жылы басталды. Неге десеңіз, 90-шы жылдардың ортасында кеңес өкіметі тарап, ауылда колхоз-совхоз ыдырап, елдің бәрі жұмыссыз қалды. Сол босаған уақыттарда жазу-сызумен, өлеңмен айналыса бастадым. Өлең адамды бірте-бірте өзіне тартып алады екен. Бара-бара күнде өлең жазатын болдым. Тақырыбы – сан алуан, тарих та бар. Әртүрлі. Әуелі қысқа-қысқа, одан кейін орташа, одан кейін көлемді өлеңдер кетті. «Өр Алтай, Мұзтау, Марқа – атамекен» атты өлеңдер жинағым бертін шықты.

Сіздің өлеңмен жазылған, 460 шумақтан тұратын «Найман шежіресі» деп аталатын көлемді туындыңызды оқығандар әлі күнге дейін өзінің лайықты бағасын алмағанын айтып жүр. Бұл жыр-шежіре қалай жазылды?

– «Найман шежіресінің» көлемі үш оқушы дәптеріне толды. Бұл шежірені аяқ астынан бастап, үш-төрт күнде жазып бітірдім. Жинаған материалдарымды қарап отырып, күтпеген жерден кірісіп кеттім. Бұрыннан жазайын деп сайланып жүрген жоқ едім. Алдымен, жеке брошюра түрінде бастырып шығардым, аз ғана тиражбен. Кейін өлең жинағыма енгіздім.

Жасың ұлғайған сайын екпінің де бәсеңдей береді екен. Бірте-бірте өлең жазу да азайды. Шығармашылығымның соңғы нәтижесінің бірі – «Қожамбеттің шежіресі». Бұл кітап шыққаннан кейін көп ұзамай Марқа өңірінде  Қожамбет бабамызға ас берілетін боп, ел біраз дүрлікті. Бұл менің кітабыма қатысы жоқ, өз бетімен өткізілген ас болатын. Бірақ кітаппен тұстас келуі сүйіндірді. Тек, кітаптың басылу тиражы аз болды. Демеуші табылмады. Бұл бәрімізге таныс проблема ғой.

Кібісе жылы жоқ күнтізбе

– Сізді бертіндері өзгеше бір күнтізбе жасап  шығарды деп естіп едік...

– Соңғы алты-жеті жылда күнтізбе (календарь) жасаумен шұғылдандым. Қазақтың ескі күнтізбесіне негіздеп «Жаңа түрік күнтізбесі» деген атпен шығардым. Менің күнтізбемде қазіргі күнтізбенің кемшіліктері жоқ. Мысалы, дәлдігі өте жоғары, кібісе жыл (високос) деген де жоқ. Айлардың бәрі 30 күннен. Айдың әр күніне аптаның 1 күні сәйкес келеді, т.с.с.

Кібісе жыл деген 1 жылдағы тәулік саны бүтін сан болмағандықтан, 365 тәулік 5 сағат 48 минут 46 секунд артық, 5 сағаттан төрт жылда бір тәулік қателік жиналады. Сол артық тәулік 4-ші жылға қосылып, оны кібісе жыл дейді. Онда 366 тәулік бар.

Күнтізбемді «Қазақ тарихы» мен «Физика және астрономия» журналдарында бастырдым. Жоба ретінде  Ғылым академиясына, ел Үкіметінің кеңсесіне, тіпті Президент кеңсесіне де жібердім. Бір данасын Еуропадағы ЮНЕСКО-ның кеңсесіне де жібердім. Жауап болмады.

Менің шығармашылығым осылайша аяқталды. Не істейсің?! Жас келді. Енді шапқылауға шама да жоқ.                         

Құмарбек аға, ауыл шаруашылығы саласының ардагері ретінде жаңа аудан, туған жеріңіз Марқакөлді қалай көтеруге болады, сол жайлы ойыңыз қалай?

– Марқакөл ауданының қайтадан құрылуы – әрине, барлық марқакөлдіктер үшін зор қуаныш. Марқакөлде өндірілген, Алтайда өрген малдың еті, жүні, қырға егілген қауын-қарбызы және басқа өнімдерінің аты кезінде жер жарды ғой. Ондай жетістіктерді қайтадан қалпына келтіру оңай емес. Оның үстіне ел көшіп кетіп,  бос қалған жердің жағдайы қиын-ақ. Көшіп кеткен елді қайта шақырып, жинау үшін көп жағдай, көмек жасауы керек. Көшіп келушілерді барынша қолдау қажет.

Сонда, негізгі бағыт қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Бұрынғысынша,  «Негізгі бағыт – ет-сүт өндіру болуы керек!» деп ойлаймын. Сүт өндірісін жаңадан ұйымдастырған жөн. Алғашында  екі-үш ұжымшар жасаса (колхоз, жеке меншік, т.б.) деген де ойым бар. Оларға жаңа техника-трактор, машиналар беріліп, құрылыс саласы өрістеуі қажет. Үйлер, фермалар, материалдық-техникалық базалары, т.б. салына бастауы керек. Инженер-техник, агроном, құрылыс мамандары көп қажет болады. Оларды іздестіріп табу да оңай шаруа болмайды. Жұмыс орасан көп. Бірақ көп біріксе, ұмтылыс пен қолдау болса, нәтиже шығады деп ойлаймын. Әсіресе техникаға көп көңіл бөлінуі керек.

Марқада қосымша сала ретінде туризмді өз дәрежесінде ұйымдастыруға да негізі бар. Тау-кен өндірісі де бұрын болған. Оның да мүмкіншіліктерін қарастыруға болады.

Қысқасы, Марқакөлде бүкіл өндірісті қайтадан, жаңаша, нөлден бастау керек болып тұр ғой. Бұны іске асыру үшін елін сүйген, адал, білімді, темірдей төзімді, рухы мықты басшы керек!

- Рахмет аға, әңгімеңізге, жасыңыз ұзақ, еңбегіңіз жемісті болсын!

 Серік Құсанбаев

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу