ШҚО-да су тасқыны қаупі бар аймақтарда аэровизуалды тексеру жалғасуда

Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерді аэровизуалды тексеру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, ШҚО ТЖД бастығы және басқа да мүдделі органдардың мамандары бір күн бұрын Глубокое, Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарын әуеден бақылап шықты. Бұл жұмыстар Марқакөл ауданында жалғасты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында Ертіс өзеніндегі бөгеттерді нығайту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Орта Теректі өзені бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы жасалуда. Қалжыр өзенінде жағалауды нығайту, арнасын түзету және тазарту жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Қалжыр өзеніндегі "Алқым" учаскесіндегі бөгетті күшейту шаралары қолға алынған.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі