ШҚО-да Марқакөл мен Қанас көлдерін байланыстыратын трансшекаралық туристік маршрут құрылмақ (Видео)
Шығыс Қазақстан облысында туристік инфрақұрылымды дамыту аясында маңызды қадамдардың бірі ретінде Қазақстанның Марқакөл көлі мен Қытайдың Қанас көлі арасында трансшекаралық туристік маршрут құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңейтілген брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық ұзақ мерзімді перспективаға ие.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, бұл маршрутты дамыту тек туризмді жақсартумен шектелмейді, сонымен қатар аймақ экономикасын нығайтатын маңызды бастама. Бұл жобаның іске асуы туристер ағынын арттырып, өңірге инвестициялардың ұлғаюына ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі.
Шығыс Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – оның табиғи байлығы мен ерекше географиялық орналасуы. Бұл өңір жыл бойы туризмді дамытуға қолайлы.
Бұдан бөлек, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын – дәретханаларды, автотұрақтарды және тамақтану орындарын бірыңғай стандартқа келтіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Туристік тартымдылықты арттыру мақсатында өңірде бірнеше брендтік іс-шаралар өткізілуде. Олардың қатарында «AltaiFest – Өрлеу» және «Шығыс салбурыны» фестивальдері бар. Бұл шаралар тек жергілікті емес, халықаралық туристердің де қызығушылығын арттырып отыр.
Маңызды жобалардың бірі – Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған Құзыреттілік орталығының ашылуы. Бұл орталықты әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы басқарады.
Жергілікті тұрғындар үшін қонақ үйлер қосымша табыс көзіне айналды. Коробиха мен Зимовье ауылдары жыл бойы туристерді қабылдап келеді. Енді осы тәжірибе Поперечное ауылында да сәтті жүзеге асырылуда. Риддерде белсенді демалыс пен тау шаңғысы спортына арналған кластер құрылмақ, ал Катонқарағай ауданында жаңа қонақүйлер салынбақ.
Бұл бастамалар туризмге салынған инвестициялардың 23%-ға өсуіне ықпал етті. Сонымен қатар, туристер саны 50%-ға, ал орналастыру орындарының саны 20%-ға артты.
Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті мен бірегей табиғаты алдағы уақытта өңірдің тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналмақ.