«Қаныш және ғылыми майдан» кітабы оқырманға жол тартты (видео)
Өскеменде «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы, шығыстанушы, ағартушы, жаңа туындының авторы Санжар Керімбай мен редакторы Әділбек Нәбидің «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жылдығына орай Санжар Керімбай мен Әділбек Нәбидің халқымыздың сүйікті перзенті, геолог-ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаев жайында сыр шертетін «Қаныш және ғылыми майдан» атты кітабының таныстырылымы Шығыстағы техникалық білім мен ғылымның ордасы Д.Серікбаев атындағы университетінде өтті.
Игілікті шараға «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының директоры Бағдат Құдияр, Абай және ШҚО бойынша «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының өкілі Ажар Сағымбаева, Абай облысы бойынша «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының өкілі Бекзат Нұртай, Өскемендегі жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, қала жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Университет залында қонақтарды «Алтай» фольклорлық ансамблінің музыканттары күмбірлеген күймен қарсы алып, көптен күткен кездесуге жиналғандар «Ғылым және білім - ел дамуының негізі» кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының аясында жарық көрген «Жас Қаныш», «Қаныш және ғылыми майдан» кітаптары мен «Бала Қаныш оқыған кітаптар» сериясымен жарық көрген алты кітаптан тұратын топтама баспадан шыққан өзіндік бағасына сатылды.
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабында Қаныш Сәтбаевтың болмысы, өмір жолы, ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктері талданады. Әсіресе 1946 жылы ашылған Қазақ Ғылым Академиясының тарихы мен жетістігі кеңірек баяндалады.
Қаныш Сәтбаевтың жанына серік болған ғылыми майдандағы достары - М.Әуезов, Ж.Шаяхметов, Ш.Шөкин, Ш.Есенов, E.Бөкетов, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев жайында да құнды мәлімет беріледі.
Туынды «Қаныш үшін күрес», «Қуғындалған Қаныш», «Академияның ашылуы», «Полигонға қарсылық», «Маңғыстауға талас», «Қаныш және отбасы», тағы да басқа бірнеше тарауға бөлініп, қалың оқырманға түсінікті, қарапайым тілмен жазылған.
Автор Қаныш Сәтбаевтың белгілі бір шешімдері мен іс-әрекеттерін түсіндіруде экзистенциалды талдау, онтология, логотерапия және феноменологиялық әдістерді пайдалану арқылы өзіндік ерекшелігімен танылған шығармасының жазылу тарихымен бөлісті. Сондай-ақ, кездесу барысында спикердің отбасылық құндылықтар мен қазақ халқының мәдени мұрасын жастар арасында насихаттаудағы қызметі талқыланды.
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабы бұл жолы 5 мың дана таралыммен үшінші рет басылып отыр. Кітап қазақ мәдениеті мен танымына, ұлы тұлғалардың өміріне қызығатын қалың оқырманға арналады.
Сондай-ақ бұл туындымен бірге «Бала Қаныш оқыған кітаптар» сериясымен алты кітаптан тұратын топтама, Төкен Оразовтың «Қаныштың жастық шағы», Ебіней Бөкетовтың «Жас Қаныш», Медеу Сәрсекенің «Қуғындалған Сәтбаев» кітаптары да қайта басылып шыққан.
Айта кетейік, биыл ғалым-геолог, металлогения ғылымының және мектебінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті және академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Ол 1899 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Оның есімі Қазақстанның өнеркәсібі мен ғылымының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты.
Қ.Сәтбаев ̶ Қазақстан жер қойнауының пайдалы қазбаларын, Жезқазғандағы мыс қорларын ашқан алғашқы қазақ геологы, Қазақстан Ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, Кеңес Одағының шығыс республикаларынан шыққан КСРО Ғылым академиясының тұңғыш академигі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, Мемлекеттік және Ленин сыйлықтарының лауреаты, Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
«Қаныш 1941 жылы Алматыға келгенде бірден ғылыми майданды бастап кетті. Ол бұл сөзді жиі айтатын. Кейін 1945 жылы Ғылым академиясы құрылғанда да, ол: «Ғылыми майдан басталды. Ұрыста тұрыс жоқ. Енді аянбай еңбектеніңіздер!» деп айтқан болатын» Ісмет Кеңесбаевтың естелігінен
Айжанат Бақытқызы