KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Фаина Мейірманова: «Мақсатыма жете білдім»

10.12.2024, 17:15 78 Гульжан Мусина

Өскемендік спортшы Фаина Мейірманова Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Х Азия-Тынық мұхит ойындарында тамаша өнер көрсетіп, дүбірлі доданың екі бірдей медалін жеңіп алды. Бүгін Өскемен әуежайында сужаңа чемпионды бір топ жанкүйері күтіп алып, спортшыға зор қошемет көрсетті.

Айта кетейік, Малайзия жерінде өткен байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз ұзындыққа секіру сайысында алдына жан салмай, доданың алтын медаліне қол жеткізді. Өскемендік бұрымды 5 метр 55 сантиметрге тең межені еңсерді. Сол сияқты Фаина 4х100 эстафестасына қатысып, ойындардың қола жүлдесін ие болғанын айтқан жөн.

– Қарсыластарым осал емес болды. Әсіресе, Қытайдан келген спортшылардың дайындығы мықты екен. Ал өзіме келсем, нәтижеме көңілім толады. Мұндай ірі жарыста жеңіске жетудің өзі бақыт қой. Өте қуаныштымын. Жалпы, жарыс басталмай тұрып алдыма бас жүлде аламын деген мақсат қойған едім. Және сол мақсатыма жете білдім. Бұл ретте маған қолдау білдірген жерлестеріме, ұстаздарыма, ата-анам мен бапкерім Богдан Весельскийге ерекше алғыс айтқым келеді, – дейді чемпион қыз.

Еске салайық, бұл – Фаинаның биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесі емес. Жерлесіміз сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жалауын желбіреткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізген болатын. Сол сияқты, шілде айында Тайбэйде өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан-ды.

Сурдо-жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы және Фаина Мейірманованың жеке бапкері Богдан Весельский Малайзиядағы жарыс өте тартысты өрбігенін, дегенмен шәкіртінің жеңісіне еш күмәнданбағанын айтты.

– Фаинаның әлеуетін білеміз. Сондықтан, оның жеңісіне деген сеніміміз зор болды. Енді келесі жылдың күзінде Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына дайындықты бастаймыз. Сонымен қатар, менің шәкіртім кәдімгі спортшылар арасындағы жарыстарға да қатыса алатындықтан, биыл Перу астанасы Лимада өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында да бақ сынап, жүлдеге таласатын боламыз. Алдағы мақсат-міндеттеріміз осындай, – дейді бапкер.

Нұржан Кенжеұлы

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу