KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Дүбірлі додаларға тас-түйін дайын

7.08.2024, 15:40 443 Анель Слямғазықызы

Өткен апта өзгемен бірге, спорттық іс-шараларға да бай болды. Төрткүл дүние көз тіккен Париждегі жазғы Олимпиада ойындарынан бөлек, еліміз бен облысымызда да бірқатар маңызды жарыс ұйымдастырылды. Саңлақтарымыз шетелдерде өткен байрақты бәсекелерден олжалы оралды. Енді солардың кейбіріне тоқталсақ.

 

Жерлестері Әлем чемпионын қарсы алды

 

Шығысқазақстандық спортшы Фаина Мейірманова Тайбэйде өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, дүбірлі доданың алтын медалін жеңіп алды. Жақында «Өскемен-1» теміржол вокзалында сужаңа Әлем чемпионын бір топ жанкүйері күтіп алып, спортшыға зор қошемет көрсетті.

Айта кетейік, Тайбэйде өткен жаһан біріншілігінде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз биіктікке секіруден 20 жасқа дейінгі есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы әлем рекордын жаңартты. Өскемендік бұрымды 1 метр 76 сантиметрге тең биіктікті еңсерді.

– Қарсыластарым осал емес болды. Әсіресе, Беларусь пен Украинадан келген спортшылардың дайындығы мықты екен. Ал өзіме келсем, нәтижеме көңілім толады. Әлем чемпионатындай ірі жарыста жеңіске жетудің өзі бақыт қой. Өте қуаныштымын. Жалпы, жарыс басталмай тұрып алдыма қажетті биіктікті бірінші мүмкіндіктен еңсеріп, бас жүлде аламын деген мақсат қойған едім. Және сол мақсатыма жете білдім. Бұл ретте маған қолдау білдірген жерлестеріме, ұстаздарыма, ата-анам мен бапкерім Богдан Весельскийге ерекше алғыс айтқым келеді, – дейді чемпион қыз.

Еске салайық, бұл – Фаинаның биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесі емес. Жерлесіміз сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жалауын желбіреткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізген болатын.

Сурдо-жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы және Фаина Мейірманованың жеке бапкері Богдан Весельский Тайбэйдегі жарыс өте тартысты өрбігенін, дегенмен шәкіртінің жеңісіне еш күмәнданбағанын жеткізді.

– Негізі, Фаинаның жеке рекорды бұдан да жоғары. Сондықтан, оның жеңісіне деген сеніміміз зор болды. Енді келесі жылдың күзінде Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына дайындықты бастаймыз. Сонымен қатар, менің шәкіртім кәдімгі спортшылар арасындағы жарыстарға да қатыса алатындықтан, биыл Перу астанасы Лимада өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында да бақ сынап, жүлдеге таласатын боламыз. Алдағы мақсат-міндеттеріміз осындай, – дейді бапкер.

Ал республикалық жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Павел Кукиннің айтуынша, Фаинаның жетістігі Қазақстан жеңіл атлетикасы үшін тарихи жеңіс болды. Себебі, осыған дейін отандастарымыз бұл спорт түрінен дәл осындай белестерді бағындырып көрмеген-ді.

– Биылғы маусым Фаина үшін өте сәтті болуда десем қателеспеспін. Енді тамыз айында Перуде өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында жерлесімізден жеңіс күтеміз, – деген жеңіл атлетика федерациясының өкілі болашақта Мейірманова Сурдлимпиадада ғана емес, Олимпиада ойындарында да ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыға айналатынына сенім білдірді. Оның сөзіне сенсек, бұған Фаинаның әлеуеті жетіп тұр. Демек, Мейірманованы осыдан төрт жылдан кейін АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында да көріп қалуымыз ғажап емес.

 

Балуандарымыз да қалысар емес

 

Өскемендіктер жастар арасында еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болған Айқын Болатұлын қарсы алды.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын Тайландтың Сирача қаласында 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастары арасында еркін күрестен Азия чемпионаты өткен болатын. Бұл байрақты бәсекеде еліміздің намысын шығысқазақстандық Айқын Болатұлы да қорғаған еді. Жерлесіміз 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (U20) сынға түсіп, жарыстың күміс жүлдесіне қол жеткізді.

– Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Барлық спортшы өз елінің намысын қорғау үшін мықты дайындықпен келген. Мықтылар арасынан озып шығу оңай болған жоқ. Қазір босаңсуға уақыт жоқ. Алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Жеңіс тұғырынан көрінуге барымызды саламыз, – деді жас спортшы.

Айта кету керек, Айқын Болатұлы қыркүйек айында Испанияда өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Дәл сол күндері өскемендік спортсүйер қауым тағы бір балуанымызды құрмет-қошеметпен қарсы алды. Бір атап өтерлігі, Айқын Болатұлы секілді бұл балуан да Тайланд жерінде ұйымдастырылған Азия біріншілігінің жүлдегері атанған-ды. Тек бұл жерлесіміз жекпе-жектің өзге түрінен – грек-рим күресінен өткен жасөспірімдер арасындағы құрлықтық додада көзге түсті.

Дәлірек айтсақ, 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әли Бекенғазыны қарсыластарының бәрінен басым түсіп, Сары құрлық чемпионы атанды.

– Әли өзіне жүктелген барлық тапсырманы жүз пайыз орындады. Чемпионатқа аттанар алдында ол маған жеңімпаз болатынын айтқан. Ол өзіне сенді және өзінің мықтылығын бозкілемде дәлелдеді, – дейді грек-рим күресінен кадеттер мен кіші жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Данияр Абилов.

Әлиді күреске осыдан сегіз жыл бұрын әкесі алып келген екен. Бозкілемге алғаш шыққаннан-ақ оның бұл спорт түріне деген ықыласы бөлек болыпты. Содан бері ол өзінің «чемпион болып, еліміздің көк байрағын биікте желбіретсем» деген мақсатына қарай ақырын жүріп, анық басты. Нәтижесі міне, табанды еңбек пен талаптың арқасында талантты жасөспірім жеңіс тұғырының биігінен көрініп отыр.

– Жарысқа жеңу үшін бардым. Қарсыластарым осал болған жоқ. Финалда өзбекстандық балуанмен кездестім. Тартысты өткен белдесудің соңына дейін таразы басы 1:1 болып тұрған. Соңғы сәттегі әрекетім үшін жеңісті маған берді. Басында сене алмадым. Кейін марапаттаған кезде барып чемпион болғанымды ұқтым, – дейді Әли Бекенғазы.

Айта кетейік, бұл жыл жас спортшы үшін жемісті болуда деуге толық негіз бар. Осының алдын ғана ол Қазақстан біріншілігінде топ жарған еді. Енді міне Азия чемпионы атанып отыр. Алда Әлем біріншілігі бар. Оны бағындырар күн де алыс емес деп сенейік.

 

Ауылдағы спорт кешеніне келушілер көп

 

Ұлан ауданының Айыртау ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанатын жергілікті жастар мен ересектердің сүйікті орнына айналған.

Айта кетейік, спорт нысанының құрылысы 2022 жылы басталған. Сол жылдың желтоқсан айында кешен пайдалануға беріліп, 2023 жылы жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне өткен.

Кешеннің спорт залдарына кез келген уақытта келіп, бадминтон, баскетбол, волейбол, теннис немесе шағын футбол ойнауға болады. Барлық зал заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

– Бұл кешенде жаттығулармен қатар түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар да өткізуге болады. Жерлестерімізге дәл осындай заманауи әрі көпфункционалды нысанды ұсына алатынымызды мақтан тұтамыз, – деп атап өтті облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Қарлығаш Айтқазынова.

Кешенде бір уақытта шамамен 30 адам жаттыға алады. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы.

Рас, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің әлеуметтік маңызы зор. Ол тұрғындарды жыл он екі ай тәуліктің кез келген уақытында спортпен шұғылдануға қолайлы жағдаймен қамтамасыз етеді.

– Біздің кешен – спортпен шұғылдануға арналған орын ғана емес, бұл жерді, сонымен қатар ауылдың қоғамдық өмірінің орталығы деуге болады. Мұнда кез келген келуші өзіне ұнайтын іспен айналыса алады, – деп бөлісті кешенде жаттығу жасап жүрген ауыл тұрғынының бірі.

Бүгінде спорт кешеніне келушілер қарасы көп. Бір қуантарлығы, кешен басшылығының айтуынша, спортқа ден қойғандар саны уақыт өткен сайын артып келе жатыр екен. Мұны ескерген аудан басшылығы спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Осылайша ел ағалары салауатты өмір салтын ұстанғандар үлесін арттыруға мүдделі.

 

Әзірлеген – Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу