KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да жаңа құрылған аудандарда жас мамандар жетіспейді

instagram/samar_news16

10.02.2024, 14:10 164 Назерке Каримова

Жас мамандарға жұмыс табылғанымен, баспана болмай тұр.

Самар ауданының жастары өзекті мәселелерді ортаға салды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

Жуықта ШҚО қоғамдық даму басқармасының жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы және облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Самар ауданының жастарымен кездесті. Жиын барысында ауылды жерлерге жас мамандарды тарту, қолдау көрсету мәселесі талқыланды.

– Ауылда жұмыс бар, еңбекақысы жақсы. Бірақ жастар келгісі келмейді. Себебі олардың баспанасы, үйі жоқ. Меніңше, жас мамандарды ауылға шақырмас бұрын алдымен үй мәселесін шешу керек. Ауылдағы бос үйлерді мемлекет меншігіне алып, жөндеу жұмыстарын жасағаннан кейін маман шақырсаң, сонда ғана келеді. Ондай үйлер ауданда бар. Тек әкімдік тарапынан қолдау керек, – дейді жиынға қатысқан жастардың бірі.


Тағы бір ауыл тұрғыны Самар ауылында жастардың бос уақытында баратын орынның жоқ екендігін айтып қалды.

– Жастардың ауылда баратын жерлері жоқ. Тіпті әңгімелесіп отыратын орындары да жоқ. Әйтеуір, спорт мектебіне барады. Жастарға арналған орталықтар ашылса деген тілегіміз бар, – дейді ауыл тұрғыны.


Айта кетейік, Самар аудандық Жастар орталығы әкімдік ғимаратында орналасқан. Бұл ауыл жастарының орталыққа емін-еркін келіп-кетуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

– Самар ауданының Жастар орталығы әкімдік ғимаратында отыр. Бұл жастардың басқосуына ыңғайсыз. Сондықтан басқа бос ғимараттар болса, соларға орналастыруға ұсыныс береміз, – дейді ШҚО қоғамдық даму басқармасының жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Сайлаубекұлы.


Жиын барысында мемлекет тарапынан жастарға арналған 2,5% жеңілдетілген несие беру тәртібін жетілдіріп, қаражат көлемін арттыру мәселесі де талқыланды.

Қоса кетейік, жас мамандар «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналаса алады. Бұған 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бір ерекшелігі, жұмыс беруші де қосымша ақша төлейтін болады.

Облыстық жастар орталығының басшысы ауданда жастар ұйымын құруды тапсырды.

– Самар ауданында үкіметтік емес жастар ұйымдары жоқ. Сондықтан осындай ұйымдар құруымыз керек. Ауданды көркейту, дамыту – ол жастардың қолында. Бұл ұйымдар түрлі жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді, – дейді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айдос Әділбеков.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу