Самарда туризм саласына басымдық беріліп отыр
Самар ауданындағы жағажай туристік аймағында Алакөл жағалауы үлгісінде өрт сөндіру депосын, сондай-ақ медицина мен полиция бекеттерінің ғимараттарын салу жоспарлануда. Бұл туралы Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев мәлім етті.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Самар ауданының биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы сөз қозғалды.
Қайдар Сұрашевтың айтуынша, Самар ауданы Шығыс Қазақстандағы негізгі жағажай туризмі аймақтарының бірі саналғандықтан, өңірде аталмыш бағытты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде.
Белгілі болғандай, су қоймасының жағалауындағы демалыс базалары мен қол созым жерде Миролюбовка, Новостройка және Сарыбел ауылдарының орналасуы маусым сайын 75 мыңға жуық туристі қабылдауға мүмкіндік береді. Ал әзірге бір маусымда Самардағы туристік аймаққа келіп қайтатын қонақтардың саны 55 мың шамасында екен.
Қайдар Сұрашев Бұқтырма су қоймасының жағалауында 54 демалыс базасы орналасқанын, онда 2 260 орынға шақталған 1 030 үй бар екенін хабарлады. Осы ретте облыс орталығынан шамамен 180 шақырым қашықтықта орналасқан жағажайдағы демалыс үйлерінің орташа бағасы тәулігіне 20 мен 35 мың теңге аралығында екенін де айтқан жөн.
Аймақта жаңа туризм нысандарын салу үшін инвесторларға беру мақсатында перспективалы жер учаскелерін анықтау жұмыстары қолға алынған. Бұған қоса ауданда жағалауға апаратын жолдарды жөндеу, трасса бойында және туристік аймақ аумағында санитарлық-гигиеналық тораптар салу, сондай-ақ демалыс базаларын интернетпен қамту бағытында да бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Қайдар Сұрашевтың айтуынша, 2023 жылы Сарыбел ауылында жалпы сомасы 90 миллион теңгеге кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары жүргізілген-ді. Ол, сонымен қатар 10,3 миллион теңгеге 16 бейнебақылау камерасы орнатылғанын, ал 2024 жылы көше жарықтандыру жұмыстарына 3,6 миллион теңге бөлінгенін жеткізді.
Туристік аймақта орналасқан Новостройка ауылында да біршама шаруа тындырылған. Атап айтсақ, ауылдың кіреберіс жолына 105 миллион теңгенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса жалпы ауданы екі гектарды құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының айналасына 11 миллион теңгенің қоршауы орнатылыпты. Ауылдың ішіндегі көшелерді жарықтандыруға 3,3 миллион теңге бөлінген.
Аудан әкімдігінен хабарлағандай, қазір ауданның үш ауылында санитарлық-гигиеналық торап бар екен. Олар аудан орталығындағы «Айару», сондай-ақ Құлынжон ауылындағы «Акимжан» мен «Інжу» дәмханаларында орналасқан. Тағы бір санитарлық-гигиеналық торап тәулік бойы жұмыс істейтін «PetroRetail» жанармай бекетінде ашылған. Самар ауылының кіреберісіндегі бұрылмада да санитарлық-гигиеналық торап құрылысы жүргізілуде. Аталмыш жоба құны – 10,412 миллион теңге.
Әлбетте, ауданда берілген жер телімдерінің мақсатты пайдалануы да ерекше бақылауда.
Нұржан Кенжеұлы