ШҚО-да аралас жекпе-жек турнирін өткізу жоспарланды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев аралас жекпе-жек өнерінің шебері Шавкат Рахмоновпен кездесті. Кездесу барысында өңірге атақты спортшыларды шақыра отырып, турнир өткізу жөнінде ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Спортшылар – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Спорт жұлдыздарын шақыра отырып, аралас жекпе-жек турнирін өткізу арқылы жастарымызды спортпен тұрақты шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Бұл, әсіресе, ауылдардағы балалар үшін аса маңызды, – деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, Шавкат Рахмонов UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсетеді. Халықаралық спорт ұйымымен келісімшартқа отырған алғашқы қазақстандық спортшының қоржынында 18 жеңіс бар.