KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 1 м/с, С
521.81 543.67 5.05

Әлеуметтік тауарлардың бағасы қалай ырықталады?

Фото: pexels.com

Кеше, 09:40 45 Гульжан Мусина

Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының санаттары мен оларға қатысты мемлекеттік баға саясаты туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – күнделікті тұтынуға қажетті ең маңызды өнімдер. 

Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19 атаудан тұрады. Оған мынадай өнімдер жатады: ұн, нан, макарон өнімдері, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, тұз, күнбағыс және сары май, еттің кейбір түрлері мен көкөністер (сәбіз, картоп, пияз, қырыққабат). Бұл тізім Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысымен бекітілген. 

Аталған құжатта азық-түлік өнімдерінің нақты санаттары да анық көрсетілген, мысалы: 

- бірінші сортты бидай ұны, 

- бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген қалыптық нан, 

- тауық жұмыртқасы (I санат), 

- жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% пастерленген сүт, 

- жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 

- тұзсыз сары май (майлылығы – кемінде 72,5%, қоспалар мен өсімдік майларынсыз). 

Сонымен қатар, кейбір өнімдерге ерекше талаптар қойылған. Мысалы, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, күріш тек салмақтық түрде, яғни дүкенде өлшеніп сатылатын түрінде ғана әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жатады. 

Тұтынушы білуі керек: зауыттық жағдайда жеке қаптамаға салынған дәл осы тауарлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) тізіміне кірмейді. 

КӘСІПКЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ТАУАРЛАРҒА БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ КӨТЕРУІ БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘКІМШІЛІК ШАРАЛАР 

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті (Шығыс Қазақстан облысы бойынша) сауда қызметін реттеу туралы заңнаманың, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) 15%-дық сауда үстемесін сақтау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. 

Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес, ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін өндірушінің босату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-нан аспайтындай деңгейде белгілейді. Бұл баға тауарды жеткізу туралы келісімшартта көрсетілуі тиіс. 

Егер кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін асырып жіберсе, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 204-4-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сауда субъектісі ӘМАТ-қа белгіленген шекті сауда үстемесін алғаш рет асырған жағдайда ескерту жасалады. 

Егер осы әрекет бір жыл ішінде қайта жасалса, онда 204-4-баптың 2-бөлігіне сәйкес айыппұл салынады: 

Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);  

Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК; 

Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК. 

Бұл шаралар кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға тұрақтылығын сақтауға және халықтың әл-ауқатын қорғауға бағытталған. 

АЗЫҚ-ТҮЛІК ДҮКЕНІНДЕ БАҒА КӨРСЕТКІШІ МЕН КАССАДАҒЫ БАҒА СӘЙКЕС КЕЛМЕСЕ ТҰТЫНУШЫ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙ АЛАДЫ? 

Дүкенде немесе базарда азық-түлік сатып алу кезінде әрбір адам кем дегенде бір рет сапасыз тауарға тап болған шығар. Көп жағдайда, мысалы, бұзылған сүт, жағымсыз иісті ет немесе үсіп кеткен көкөністер мен жемістерді еш ойланбастан қоқысқа лақтырамыз. Алайда сапалы азық-түлік сатып алу құқығын заңды түрде жүзеге асырып, бүлінген тауарды сатушыға қайтару әлдеқайда орынды. 

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 15-бабына сәйкес, сапасыз тауар сатып алған тұтынушы сол тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Ол үшін: 

- Бүлінген тауарды дүкенге қайтарып апару қажет. 

- Егер чек сақталған болса, тауарды қайтару қиындық тудырмайды. 

- Чек болмаса да, тауарды сатып алғаныңызды дәлелдеуге болады, мысалы, бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы. 

Мұндай жағдайлар тұтынушылар арасында жиі кездеседі. Егер тауардың баға көрсеткішінде бір баға, ал кассада басқа баға көрсетілсе, бұл заңсыз әрекет болып табылады. Тұтынушы мұндай тауардан бас тартуға құқылы. Әдетте, тауар кассада қалдырылады. 

Кейбір сатушылар тұтынушының байқамай қалуын пайдаланып, тауарды басқа бағамен өткізеді. Бұл жағдайды олар түрлі себептермен ақтап алуға тырысады: жаңа баға әлі енгізілмеген, қоймада түгендеу жүргізілді немесе қызметкерлердің жетіспеуі себепті жаңарту жұмыстары кешігіп жатыр деп түсіндіреді. 

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабының 12-тармағына сәйкес, сатушы тауардың бағасын нақты көрсетуге міндетті. Дүкендегі ішкі және сыртқы витриналарда тауардың бағасы жазылған жапсырма болуы қажет. Баға көрсеткішіндегі ақпарат – бұл қоғамдық оферта, яғни дүкен мен тұтынушы арасындағы формалды келісім. Сондықтан сатушы тауарды көрсетілген бағамен сатуға міндетті, ал тұтынушы сол бағада сатып алуға құқылы. 

Егер сатушы көрсеткіште жазылған бағадан жоғары баға ұсынса немесе тауарда мүлдем баға көрсеткіші болмаса, бұл әрекет әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 193-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес, кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Мұндай жағдайларда тұтынушы бағасы көрсетілген жапсырманың және кассадағы чектің суретін тіркеп, тиісті органдарға шағымдана алады. 

Егер тауар бағасы көрсеткішке сәйкес емес бағамен сатылған болса, тұтынушы артық төленген соманы қайтаруды талап етуге құқылы. Егер дүкен әкімшілігі қайтарым жасаудан бас тартса тұтынушы тауар бағасының айырмасын өтеуді талап етіп, дүкен басшылығына жазбаша шағым қалдыра алады. 

Егер шағымға он күн ішінде жауап берілмесе немесе ақша қайтарылмаса, тұтынушы тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органға немесе дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне өтінішпен жүгінуге құқылы. 

Сонымен қатар, Заңның 30-бабының 6-тармағына сәйкес, тұтынушы дүкеннен тауар құнының 1%-ынан кем емес айыпақы (пеня) талап ете алады. Айыпақы әрбір кешіктірілген күн үшін есептеледі. 

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары келесі мекенжайға жүгінуіне болады: Өскемен қаласы, Крылов көшесі, 114. Телефон: 8 (7232) 267-207. Электрондық пошта: dzpp.vko@mti.gov.kz. 

Өз құқықтарыңызды қорғап, сауатты тұтынушы болыңыз! 

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу