Ашық есік күндері – обырмен күресудің оңтайлы тәсілі
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында, сондай-ақ облыстың барлық емханалары мен дәрігерлік амбулаторияларында қатерлі ісіктің алдын алу және оны ерте анықтау мақсатында ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Бұл күні кез келген адам онколог-дәрігерлерден терапевттің жолдамасынсыз және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан білікті кеңес ала алды. Ол үшін тек жеке куәлікті алып келу жеткілікті болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ТӘУЕКЕЛ ТОБЫ
Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты, ШҚО көпбейінді онкология және хирургия орталығының (КОХО) директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, бүгінгі таңда колоректальды қатерлі ісік Қазақстандағы ең кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. Жыл сайын онкологтар бұл аурудың үш мыңға жуық жағдайын анықтап, емдейді.
Мамандардың мәліметінше, колоректальды қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың орташа жасы шамамен 50 жастан асқан, әрі бұл ауру ер адамдарда әйелдерге қарағанда жиі кездеседі.
2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында ішек қатерлі ісігінің 245 жағдайы тіркелген. Оның 171-і аурудың ерте кезеңінде анықталған.
«СҮЗГІЛЕУ» ӘДІСІ
2008 жылдан бастап Қазақстанда ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтауға бағытталған ұлттық скринингтік бағдарлама іске асырылуда. Бұл бағдарламада негізгі рөлді бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жұмыс істейтін қарау кабинеттері атқарады. Шығыс Қазақстан облысында мұндай 107 кабинет бар.
Қарау кабинеттеріне пациенттер емханаға алғашқы рет жүгінгенде жіберіледі. Мұнда арнайы дайындықтан өткен фельдшерлер қолжетімді жерлерге визуалды тексеру жүргізіп, патология анықталған жағдайда қосымша тексеруге жібереді.
Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, бұл онкологиялық ауру түріне скрининг 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін екі жылда бір рет бекітілген емханаларда жүргізіледі.
Зерттеу үш кезеңнен тұрады, егер қатерлі ісікке немесе басқа да патологияларға күдік туындаса, әр кезеңде қосымша шаралар қабылданады. Бірінші кезеңде пациентке нәжісте жасырын қанның бар-жоғын анықтайтын иммуногематологиялық экспресс-тест (гемокульт-тест) ұсынылады.
2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында 49 628 ер адам мен әйел (скринингке жататын халықтың 96,1%-ы) колоректальды қатерлі ісікке тексерістен өтті. Нәтижесінде 1 148 оң гемокульт-тест анықталып, 32 жаңа қатерлі ісік жағдайы тіркелді.
Егер нәжісте жасырын қан анықталса, пациенттерді қосымша тексерулерге, ең алдымен колоноскопия мен биопсияға жібереді.
Мәселен, ШҚО-ның бір тұрғынында скрининг кезінде тоқ ішектің шырышты қабаты астында орналасқан қатерлі ісіктің бастапқы кезеңі анықталды. Ісік өте кішкентай болғандықтан, оны жеңілдетілген операция арқылы алып тастады. Бүгінде пациенттің денсаулығы қалыпты. Егер скрининг болмағанда ісік үлкейіп, тек ауырсыну пайда болғанда ғана анықталып, оны емдеу мүмкіндігі аз болар еді.
АУРСЫНУСЫЗ ЖӘНЕ ДӘЛМЕ-ДӘЛ
Қазіргі медицинада тоқ ішек қатерлі ісігін анықтаудың озық әдістерінің бірі – виртуалды колоноскопия.
ШҚО онкология және хирургия көпсалалы орталығы (КОХО) Қазақстанда осы әдісті алғашқылардың бірі болып 2018 жылдан бастап қолдана бастады. Бұл жаңа буын 128 тілімді компьютерлік томография аппараты орнатылғаннан кейін мүмкін болды.
КОХО-ның сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Мәлика Мейірманованың айтуынша, виртуалды колоноскопия компьютерлік томография (КТ) аппараты арқылы жүргізіледі және тоқ ішектің толық жағдайын кешенді бағалауға мүмкіндік береді. КТ-колонографияның көмегімен жоғары диагностикалық дәлдікке қол жеткізуге болады. 2023 жылы онкоорталықта шамамен 50 виртуалды колоноскопия жасалды.
Бұл әдіс пациентке ауыртпалықсыз ішектің ішкі қабырғасының жағдайын ең толық әрі егжей-тегжейлі көруге мүмкіндік береді. Осы арқылы тоқ ішекте түрлі түзілімдер мен полиптердің бар-жоғын нақты анықтауға болады. Өткен жылы виртуалды колоноскопияның көмегімен Шығыс Қазақстан облысында 27 колоректальды қатерлі ісік жағдайы анықталды.
Мәлика Мейірманованың айтуынша, диагностика тек тоқ ішекті зерттеумен шектелмейді, ол сонымен қатар аш ішектің патологияларын анықтауға да қажет. Бұл онкологиялық аурулар сирек кездескенімен, тіркеліп жатыр, сондықтан мұндай зерттеулер де маңызды.
Бүгінгі таңда КОХО-да аш ішекті зерттеудің жоғары дәлдіктегі әдісі – магниттік-резонанстық энтерографияны сәтті қолдануда. Бұл әдіс ішектегі қабыну процестері мен жаңа түзілімдерді, сондай-ақ қатерлі жасушалардың құрсақ қуысының басқа органдарына таралуын көруге мүмкіндік береді. Осы әдістің көмегімен 2023 жылы екі пациентке аш ішектегі қатерлі түзілім диагнозы дәл анықталды. Өткен жылы бұл зерттеу жалпы 11 пациентке жүргізілді.
НАУҚАС ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДА…
ШҚО онкология және хирургия орталығының (КОХО) консультациялық-диагностикалық бөлімінің эндоскопист-дәрігері, жоғары санатты маман Нұргүл Өтепаева орталықта наркоз арқылы фиброколоноскопия әдісін сәтті енгізіп, екінші жыл қатарынан қолдануда.
Бұл әдіс пациентке эндоскопиялық зерттеуді ауыртпалықсыз жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар қажет болған жағдайда биопсия алып, ішектегі ұсақ түзілімдер мен полиптерді дереу жоюға мүмкіндік береді. Айта кету керек, өткен жылы дәл осы әдісті қолдану арқылы ішек қатпарларында пайда болған жаңа түзілімді алып тастау бойынша 70 шағын операция жасалды.
Сонымен қатар хирургия және проктология бөлімшесін одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Мұнда тоқ ішектегі ісіктерді алып тастаудың лапароскопиялық операцияларын кеңінен қолдану әдісі енгізілмек. Бұған дейін Шығыс Қазақстанда мұндай операциялар жасалмаған еді, ал қазіргі таңда олардың саны екі жүзден асады.
ЕЛІМІЗДЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ
КОХО-да өткен Ашық есік күндері жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға арналған шараға да арналды. Бұл әйелдер арасындағы онкопатологиялардың ішінде сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр. Атап айтқанда, жатыр мойны қатерлі ісігінің 90%-ында негізгі себеп болып табылатын адам папиллома вирусының (АПВ) 16 және 18 штамдары ең жоғары онкогенділігімен ерекшеленеді.
Қыркүйек айынан бастап Қазақстанда алғаш рет отандық денсаулық сақтау тәжірибесінде 11 жасар қыз балалар арасында адам папиллома вирусына қарсы ерікті вакцинация жүргізіле бастады. Уақтылы егілген вакцина, әсіресе жыныстық өмірді әлі бастамаған жасөспірім қыздарға, олардың болашақта, яғни 35 жастан асқан кезеңде бұл аурудан сақтануына көмектеседі.
Екатерина Гуляева
Аударған – Ержан Әбіш