KZ
Өскемен
-14°
туман жел 2 м/с, С
502.89 527.03 5.71

ШҚО-да 100-ден астам есірткі сайтының жұмысы тоқтатылды (видео)

Бүгін, 15:30 77 Гульжан Мусина

ШҚО-да прокуратура мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі саудасын анықтау және жолын кесу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде Өскемен қаласы бойынша жыл басынан бері 17 қылмыстық іс тіркелді, 7 іс сотқа жіберілді, 10 адам сотталды, 6 келіден астам синтетикалық есірткі және 78 кг марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгін Өскемен көпсалалы технология колледжінде өткен студенттермен кездесуде Өскемен қалалық прокуратурасының аға прокуроры Сергей Упоров  мәлім етті.

Шараны ұйымдастырған Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ермек Асқаровтың айтуынша, «Нашақорлыққа жол жоқ!» республикалық акциясы аясында облыстық фронт-офис волонтерлері облыс прокуратурасының өкілдерімен және Полиция департаментінің нашақорлық қылмыстарға қарсы күрес басқармасының мамандарымен бірге 100-ден астам нашақорлыққа жарнамалайтын граффити жазбаларын жойған, түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Шара барысында есірткі қылмысына байланысты жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп,  жастардың қылмысқа қалай тартылатыны жөнінде ақпарат берілді.  

- Өткен жылдың басынан бастап облыстық прокуратура есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, 100-ден астам есірткі сайтының жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, есірткі тасымалдаумен, таратумен айналысатын адамдарды, наркоқойма иелерін, есірткі орамасын жасырушыларды, ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерін анықтау бойынша шаралар атқарылуда. Бұдан бөлек, қала бойынша әр ауданда есірткі жарнамасына қарсы рейдтік шаралар жүргізіледі.  Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді аға прокурор Сергей Упоров.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 18 мыңнан астам нашақор тіркелген, алайда нақты саны 150 мыңға дейін жетуі мүмкін. Прокуратураның ақпараты бойынша, бүгінде нашақорлық диагнозымен Өскемен қаласы бойынша 900 адам есепте тұр, оның ішінде 36-сы – кәмелетке толмағандар.

Есірткінің зиянын бәрі біледі, бірақ соған қарамастан, нашақорлардың саны жыл сайын артып келеді.  

– Есірткі – ағзаны толықтай жоятын аса қауіпті у. Тәуелділік кейде бір рет қолданғаннан кейін-ақ пайда болуы мүмкін. Нашақорлар арасындағы өлімнің себептері - АИТВ (ВИЧ), гепатит, инсульт, жүрек тоқтауы, бауыр мен бүйректің бұзылуы. Бастапқыда есірткі адамға жалған сергектік беруі мүмкін. Бірақ көп ұзамай селқостық, депрессия, бұлшықеттің құрысуы, ұйқысыздық, ағзаның толық әлсіреуі сияқты ауыр зардаптары пайда болады. Осы белгілерден арылу үшін адам есірткіні қайта қолданады, осылайша тәуелділіктің тұзағына түседі. Нашақорлардың балалары көбіне физикалық және психикалық ақаулармен туады.  Қазір облыс бойынша 1300-ден астам есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Оның ішінде 900 адам - Өскемен қаласы бойынша. Медициналық емдеуден бөлек, нашақорларға психологиялық көмек көрсетіледі. Бұл олардың қалыпты өмірге қайта оралуына көмектеседі, - деп атап өтті Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Зоя Владимировна.

Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, есірткіге тәуелді 10 адамның тек біреуі ғана оңалтудан сәтті өтеді. Сарапшылардың пікірінше, синтетикалық есірткі героиннен ондаған есе қауіпті. Оны қолданушылар орта есеппен бес жылдан артық өмір сүрмейді.

Есірткіні заңсыз сақтау және тарату үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.  

Қоғамдық орындарда таратқан жағдайда жаза 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды.  Егер есірткі қылмыстық топ құрамында таратылса, білім беру мекемелерінде немесе кәмелетке толмағандарға сатылса, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. 

Есірткі қылмысына ең жиі тартылатын адамдар 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Елімізде Бас прокуратураның «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба жастар арасында алдын алу шараларын жүргізуге, интернет арқылы есірткі сататын ресурстарды анықтауға, тыйым салынған заттардың жарнамасы бар граффитилерді жоюға және басқа да шараларға бағытталған.

Айжанат Бақытқызы

Фото: Нелли Петенева

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу