XVIII спартакиада: Мемлекеттік қызметшілер майдангерлер рухына спорт арқылы тағзым етуде (видео)
Шығыс Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің XVIII облыстық спартакиадасы өз жалауын көтерді. Бұл спорттық дода – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр. Сондықтан да бұл сайыстың маңызы биыл ерекше, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Спорт мерекесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жиылған қауымға сәттілік тілеп, жарыстың рухани маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығының кепілі екенін ұдайы айтып келеді. Бұл бағытта Шығыста бірқатар нақты істер жүзеге асырылған. Бүгінде облыс аумағында 1687 спорт нысаны жұмыс істейді. Тұрғындардың 42 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл – ел арасында салауатты өмір салтына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Облыста қызмет ететін 1974 мемлекеттік қызметшінің жартысына жуығы – нақты айтқанда, 950 адам – биылғы спартакиадаға қатысып отыр. Олардың қатарында 175 нәзікжандылар бар. Қатысушылар футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, арқан тарту, үстел теннисі, жүзу, шахмат және садақ ату сияқты сегіз спорт түрі бойынша сынға түсуде.
Дода қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, облыс құрамасы жасақталады. Бұл команда маусым айында өңірдің бас шаһары Өскемен қаласында өтетін республикалық спартакиадада Шығыстың намысын қорғамақ.
Айдос Мырзахметов
Фото: Махаббат Ахметжанова