KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег Штиль
504.49 587.73 6.57

Шығыстағы ауылдарда “Ауыл аманаты” жаңа мүмкіндіктер есігін ашты

pixabay.com

25.08.2025, 16:30 180 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанның ауыл-аймақтарында тұрғындардык ахуалын жақсарту мен халықты өз кәсібіне бейімдеу – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта жүзеге асып жатқан “Ауыл аманаты” бағдарламасы – жеңілдетілген несие тетігі әрі ауыл тұрғындарын өз кәсібін бастауға жетелейтін жүйелі бастамаға айналып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстанда осы күнге дейін бағдарлама аясында 395 жоба қаржыландырылып, 3,9 миллиард теңгеден астам қаражат игерілді. Нәтижесінде жүздеген ауыл тұрғыны әлеуметтік көмекке мұқтаж емес, өз кәсібін ашқан белсенді азаматқа айналды. Ең бастысы, адрестік әлеуметтік көмек алушылардың қатары 40%-ға қысқарып, 3081 адам әлеуметтік көмек алушылар санатынан шығып отыр. Әрине, мұның барлығы дерлік бағдарлама арқасында емес. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, аталмыш нәтижеге жан-жақты кешенді жұмыстар арқылы қол жеткізіліп отыр.

- Жұмыссыздықпен күресте біз барлық құзырлы органдармен бірлесе қызмет етудеміз. Мәнсап орталықтары, дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, азаматтарды әлеуметтік ортаға бейімдеу және түрлі мемлекеттік қайтарымы гранттар да айтарлықтай жемісін беріп жатыр. Соның қатарында “Ауыл аманаты” арқылы кәсібін ашып, көмекке мұқтаж азаматтар қатарынан кәсіпкер санатына өтіп, өздері жұмыс берушіге айналғандары қаншама, - дейді басқарма басшысы.

Мәселен, аудандық көрсеткіштерге сүйенсек, Тарбағатай ауданы бұл бағытта ең үздік нәтиже көрсеткен өңір ретінде аталды. Облыстық мәслихат сессиясында мәлім болғандай, көмек алушылар саны азайғандықтан оларға бөлінетін мақсатты төлем де 1,1 миллиард теңгеге кеміген. Мамандар мұны тек әлеуметтік саясаттың емес, сонымен бірге “Ауыл аманаты” сияқты бағдарламалар мен қолжетімді гранттардың да тиімділігінің көрінісі деп бағалап отыр.

2025 жылдың өзінде өңірде 1,37 миллиард теңге бөлініп, 115 жоба жеңілдетілген несие алған. Олардың ішінде 37 жас кәсіпкер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бұл – ауыл жастарының енді тек жұмыс іздеуші емес, жұмыс беруші болуға ұмтылып жатқанын айқын көрсетеді.
Катонқарағай, Ұлан, Тарбағатай, Самар сынды аудандарда жүзеге асқан жобалар тек жеке кәсіп ашуға ғана емес, тұтас ауылдың экономикалық тынысын кеңейтуге үлес қосуда.

Бүгінге дейін облыстағы 50-ден астам ауылда ақпараттық кездесулер өткізіліп, мыңдаған тұрғынға кеңес берілді. Нәтижесінде 728 жоба ұсынылды, олардың ішінде туризм, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы техникасы мен басқа да салалар қамтылған.

Биылға берілген қаражат толық игерілгенімен, төртінші тоқсанда тағы да қосымша қаржы бөлінеді деп күтілуде. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта бір бөлігі бар кәсіпті дамытуға бағытталса, енді бірі жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына жол ашады. Бастысы – “Ауыл аманаты” көмек сұратпайды, кәсіп бастатады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу