Үржарда көпбалалы үйге көмір түсіріліп берілді
Жер-жерлерде өтіп жатқан «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясы көптеген жандардың жүректеріндегі мейірімділік сезімдерін оята бастады. Таяуда Таскескен ауылындағы «Үржар колледжі» мекемесі де аталмыш акцияға үн қосты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Акция аясында Таскескен ауылындағы көпбалалы Кенжебек Сабитов, Дүйсен Құдабай, Гүлнәз Кұрымбаевалардың отбасыларына көмек көрсетілді. Оларға азық-түлік себеттері табыс етілді. Сондай-ақ, өзі жалғыз басты болып саналатын,бес баланың анасы Гүлнәз Кұрымбаеваға қосымша көмір түсіріліп берілді. Бұдан өзге ауыл тұрғындары Қыстаубаев Мәуліт пен Құдагелді Ләйліге де көмір жеткізілді. -Көпбалалы аналардың үйінде болған колледж әкімшілігі мен кәсіподақ мүшелері бұл шараның жыл сайын өтетін игі дәстүрге айналғанын айтып,жанұя мүшелеріне жылы лебіздерін білдірді,-дейді «Үржар колледжінің» директоры Қанағат Чарахметов,- Жалғыз басты қарт аналар Гросс Зинаида,Тұқтыбаева Зейнеш және ұзақ уақыт колледжде еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеткерлікке шыққан Күлзейнеш Оразғалиева апамыздың үйіне колледж студенттері барып аулаларының қарын күреп,ағаш жарып, отындарын дайындап берді.
Жалпы, мұндай тағылымды шаралар шалғайда жатқан оқу орнында үнемі болып жатады. Әлі де Үржар колледжінде мұндай ізгілікті шаралар жалғасын таба бермек.