KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 2,9 м/с, ОШ
440.9 475.95 4.82

«Мені қаңғыбас немесе маскүнем деп ойламасын». ШҚО тұрғыны анасын іздеп жүр

15.02.2019, 11:26 154

Магомед Оздоев Бесқарағай ауданы Жыланды ауылының тұрғыны. Жасы 37-де.  Ол балалар үйінде ержетті.  Енді туған анамды тапсам деген арманы бар. Бізге іштегі сырын бүкпесіз айтып берді.


Магомед негізінде 1982 жылы Алматының Түріксіб ауданында дүниеге келген. Жаркенттегі балалар үйінде жатты – жақыным, өгейді- өзім деп өсті.


– 9 сыныптан кейін мені, тағы бірнеше бала бар, мүгедектер үйіне жіберді. Сабақ үлгерімім нашар болды, жөндеп оқығым да келмеген...Сол себепті мені сол жерге жіберді, – дейді кейіпкеріміз.


Алайда Магомед жанына сүйеу болатын адамдарды дәл сол мүгедектер үйінен тапқан екен:


«Балалар үйінде өскендіктен біздің өмірге деген көзқарасымыз мүлдем өзгеше болды. Себебі біз ешкімге керек емес едік, ешкім де бізге мойын бұрып қарамады. Ал ол жерде, мүгедектер үйінде, мен мейірбан жандармен жолықтым. Олар бізді жанына тартып, жақын тұтты. 22 жасымда сол қайырымды жандар мені өз қамқорлығына алды. Солардың арқасында үй алдым, аяғыма нық тұрдым»


Осыны айтқан Магомед бала күнгі еміс-еміс естеліктерді есіне алды:


«Кішкентай кезімде мені әлдебір әйел адам бассейінге шомылуға апаратын. Бассейнде тағы екі бала болғаны, олардың мені шомылуға шақырғандары есімде. Ал әлгі әйел адам қарапайым ғана киінген болатын. Тағы бір есімде қалғаны, балалар үйінде маған бір ұзын бойлы жігіт келіп, мен сенің ағаңмын деген болатын. Қандай да бір қиындықтарың болса, маған айт, мен келіп тұрам деген еді. Жанында иті бар болатын...»


Қазіргі уақытта Магомед шаңырақ көтерген, балалы-шағалы. Жарының есімі – Ақмарал. Екі ұлы бар. Енді анамды тапсам, нұр үстіне нұр болар еді дейді отағасы.


– Анамды көрсем, құшақтасам... Көп нәрсе сұрағым келеді, көп нәрсе айтқым келеді. Әкемді де тапқым келеді. Мүмкін менің аға-бауырларым бар шығар, – дейді Оздоевтің өзі.


– Егер сіздер менің анамды тауып жатсаңыздар, ол мені қаңғыбас немесе маскүнем деп ойлап қалмасын. Мен – молдамын, үйлі-күйлімін. Тек ана ғана жетпейді маған, – деп жан-жықпылын сығымдап алды Магомед.



Анасын өз бетімен талай іздестіріп көрген. Нәтиже шықпады. «Әлі-ақ табасың, түбі анаңмен қауышасың» деген көптің сөзі ғана жұбаныш жанына.


Өзінің айтуы бойынша, анасы пойызда жолсерік болып істеген. Алматының Борозов көшесінде тұрған екен. Есімі – Оздоева Зинаида Магомедовна дейді. 1953 жылы 20 наурызда дүниеге келген.


Магомедтті молда деп атап кеткен – ауылдастары. Көрші-қолаң ауыл молдасы жоқ кезде, үйіне келіп, шайға бет сипауға шақыратын көрінеді. Медреседе оқыған Магомед араб тіліне судай. Құранды да жатқа білемін дейді.


– Тек көз жанарым әлсіз. Мүмкін анама тартқан шығармын, – деп әңгімесін жұмбақтай аяқтады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив