KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

ШҚО тұрғыны үшінші баласын босанғаннан кейін мүгедек болып қалды

31.01.2019, 10:14 260


35 жастағы Земфира Кәкенова - Бесқарағай ауданы Қарағайлы ауылының тұрғыны. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын ол дені сау, құлпырған келіншек еді. Екі баланың анасы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Үшінші баласына аяғы ауыр болатын. 2016 жылдың 21 наурызында қағанағынан су кетіп, Семей қаласындағы №3 перзентханаға өз аяғымен келген Земфираны әп-сәтте мүгедекке айналады деп кім ойлаған?


Земфираның күйеуі Мұратбек Кәкеновтың айтуынша, өздігімен босана алмай жатқан әйелге дәрігерлер екі тәулік бойы еш шара қолданбаған екен. Әбден қиналып, есінен тана бастағаннан кейін ғана кесар тілігін жасапты. Іштегі сәби аман қалды. Бірақ жаңа босанған ана комаға кеткен.


-Кесар тілігін жасағанда көп қан кетіп, дәрігерлер жатырға ампутация жасайды. Наркоз кезінде ол құсығына шашалып жатқан. Несептамырын да зақымдап тастағандықтан, енді сол жақ бүйрегі кеуіп барады. Бұл аздай, дұрыс жұмыс істемейтін өкпені жасанды желдету аппаратына қосыпты. Салдарынан ми гипоксиясы болған, - дейді Мұратбек.


Комада жатқан Земфира 10 күннен кейін есін жинайды. Алайда өздігімен дем алып, сөйлеп, жүріп-тұрудан қалған. Басқаша айтқанда, 100% еңбекке жарамсыз, мүгедек жанға айналды.


Бүгінде Мұратбек үш баласы мен мүгедек әйелін жалғыз өзі бағып отыр. Бұларды киіндіру, жуындыру, тамақтандыру – барлығы ер азаматтың мойнында. Өзінің жеке фермерлік шаруасы да жайына қалған. Земфираның кенже ұлы Аңсар қазір екі жаста. Дүние есігін ашқан сәттен бастап сәби мүшкіл  халге түскен анасының қамқорлығын көре алмады. Анасының жанынан айналшықтап шықпайды екен,  құшақтап, қасықпен тамақ беруге тырысады...


Сол оқиғадан бері 2,5 жылдай уақыт өтіпті. Алайда Мұратбек әлі күнге дейін  дәрігерлердің жіберген қателігін дәлелдей алмай жүр. Оның сөзінше, істі екі жылға созып, сотқа жеткізбей жауып тастаған.  Десе де, қайсар азамат бұл жағдайға мойынсынбайтынын, соңына дейін баратынын  айтады.  Ол осымен, міне, сегізінші адвокатты жалдап отыр. Азаматтық сотқа жүгінбекші. Айтуынша, қолында қылмыстық істің көшірмелері мен медиктердің кінәсін дәлелдейтін құжаттардың барлығы бар.


Отбасының басына түскен ауыртпалықтар мұнымен ғана шектелмейді.  Ай сайын Мұратбек Земфираны Астанаға ота жасауға апарады. Әйел өздігімен дем ала алмайтын болғандықтан, тамақ тұсына түтікше орнатылған. Түтікшені ай сайын жаңартып, ауа тамырларын тазартып отыру қажет.


Осыдан бір жыл бұрын мейірімді жандар отбасына көмек ретінде 1 млн теңге жинап беріпті. Сол қаражатқа Земфираны Новосібір қаласындағы емханаға сауықтыруға апарып келген.  10 күндік ем-шаралардан кейін қимылсыз жатқан Земфира ақырындап ходункимен, яғни сүйемел арбамен қозғала бастайды.


Ресейлік дәрігер мамандар Земфираны аяғына тұрғызуға болатынын айтып, 98 пайызға сенімділік беріп отыр. Бірақ оған 3-4 жыл уақыт кетеді. Сондай-ақ, 40 млн теңгеге жуық қаражат қажет.


-Ал біздің дәрігерлер өзіміздің елде емдеуден бас  тартып, сан түрлі сылтау табуда, - дейді Мұратбек.


Сондықтан ендігі бар үміт шетелдік мамандарда. Земфира Кәкенова туралы ақпаратты Instagram желісіндегі арнайы парақшадан көруге болады.


Кәкеновтар отбасына көмек қолын созам деген жандар болса,  төмендегі реквизиттер бойынша қаражат аударуға болады:


Kaspi Gold 5169 4931 0837 7741, ЖСН 730511301216.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив