KZ
Өскемен
-14°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Өскемендіктер республикалық акцияға ұйымшылдықпен үн қосты

9.04.2019, 05:16 430

Бүгін ел аумағында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен бір мезетте бастау алған республикалық ағаш отырғызу акциясына өскемендіктер де бір кісідей ұйымшылдықпен қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Биіктігі метр, метр жарымнан асатын шырша, сібір шыршасы, қайың, самырсын көшеттері Өскеменнің жаңа 19-шы тұрғын ауданындағы Ілияс Есенберлин даңғылының бойына қаз-қатар егілді. Көшеттер облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 мемлекеттік мекемедегі тұқымбақтардан әкелінген.


Игілікті істің басы-қасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбековті және Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарды да даңғыл бойынан көзіміз шалды.
Сондай-ақ, бүгінгі жергілікті атқарушы органдар өкілдері, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, журналистер, депутаттар, спортшылар, блогерлер, қоғам өкілдері, студенттер және қала тұрғындары көшет егуге үлкен ұйымшылдықпен қатысып жатыр.

– Аталған акцияны ағымдағы жылдың көктемінде бастағанбыз. Облыс бойынша содан бері 132 800 түп көшет егілді. Экологиялық сағаттар өткіздік. Мектеп оқушылары 4000 мыңға тарта ағаш екті. Бүгін алты мың көшет егеміз. Оның ішінде мына 19 тұрғын аудандағы Есенберлин даңғылының бойына 1100 ағаш отырғызамыз. Оның ішінде 400 қылқан жапырақты шырша, самырсын көшеттері бар. Бұдан басқа қайың, қарағаш, шетен тағы басқалар бар. Әр сенбі сайын қалалар мен аудандарда сенбілікпен қатар көгалдандыру жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Жыл соңына дейін 150 мың түпке дейін жеткізбекпіз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.

Өз кезегінде егілген көшеттердің қурап қалмауы үшін ары қарай күтіп ұстау, уақытында суару жұмыстарын қалалық ТҮКШ бөлімі және сол аудандағы тұрғындардың өздері жауапкершілікке алмақ.
Акция әлі де жалғасуда. Алдын ала берілген мәлімет бойынша бүгін облыс орталығында 18 мыңнан астам адам акцияға қатысып, 6000 мың көшет егеді деп жоспарлануда.Атап өтерлігі, акция бүгін абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша жүргізіліп жатқан қалалық сенбілікпен қатар ұйымдастырылуда.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу