KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Аудан әкімдерінің жұмысында олқылық көп

7.08.2024, 11:26 339 Ләззат Қанатқызы

Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық өсуі тұрақты. Барлық салада негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштерге сүйенсек, ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және көліктік-логистикалық инфрақұрылым және ақпарат және байланыс бойынша оң динамика байқалады. Тек сауда бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілмеген.

Облыс әкімдігінің мәжілісінде баяндама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова осылай деді.

 

Жолға қойылмаған мәселе көп

Облыс әкімі Ермек Көшербаев мәжіліс барысында аудан әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алды. Өңірдің экономикалық өсімі қарқынды болғанымен, кей салаларда сын көтермей тұрған мәселелер шаш етектен екені рас. Мәселен, облыста жергілікті өнімдерді нарыққа шығару ісі әлі де жолға қойылмай келеді. Аймақ басшысы бұл мәселені мамыр айында көрсетіп, қала мен аудан әкімдеріне тапсырма берген болатын.

-              Жергілікті дүкен сөрелерінен өзімізде өндірілетін өнімдерді таппаймыз. Үлкен Нарынға сапарымда дүкендегі қарапайым сиыр етінен дайындалған фарштың өзі сырттан жеткізілгенін көрдім.  Біздің әр ауданда түрлі өнім, консерві өндіріледі. Мәселен, Тарбағатай ауданында ет өнімдері жеткілікті, Ұлан ауданында консерві зауыты жұмыс істеп тұр. Алайда өнімді өңірлік нарыққа шығара алмай отырмыз. Аудан әкімдері берілген тапсырмадан еш нәтиже шығара алмады, – деді Ермек Көшербаев.

Аймақтың бірегей табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, келешекте туристік саланы Шығыс Қазақстанның даму драйверлерінің біріне айналдыру - бүгінгі күннің басты міндеті. Қазіргі таңда облыс экономикасындағы туризм үлесі шамамен 2-3%-ды құрайды.

-              Сала дамудың оң серпінін көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың басынан бастап ішкі туристер саны 22,4%-ға, орналастыру орындарымен көрсетілген қызметтер көлемі 84,7%-ға, инвестициялар көлемі – 10,2%-ға өсті, - деді облыстық әкімдіктің отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова.

Айта кету керек, ағымдағы жылы туризм саласына инвестициялар 18 млрд теңгені құраған. Өңір басшысы басшысы қызмет көрсету саласының да олқы тұстарын көп екенін атап өтті.

-              18 миллиард теңге жалпы облыстың туризм саласын дамытуға бөлініп отыр. Ол аз ақша емес. Алайда ақшаның қалай игеріліп жатқаны бәріне қызық, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы біздің өңірде жол бойындағы сервиске, санитарлық-гигиеналық пункттерге мүлде көңіл бөлінбегенін тілге тиек етті. Ал бұл туризмді дамытуға әсер ететін факторлардың бірі.

-              Әкімдерге жол бойындағы дәретхана мәселесін шешу туралы тапсырма бергенмін. Өкінішке орай, одан да еш нәтиже көріп отырған жоқпын. Жол бойындағы дәмхана мен дәретхана – табыс көзі. Тұрғындарымызға осы бизнесті қолға алуды үйретіңіздер. Оларға жағдай жасаңыздар, – деді Ермек Беделбайұлы.

Отырыс барысында ет және мал саудасына қатысты проблемалар да көтерілді. Өскеменде мал базары ашылу керек болатын. Жер бөлінді, бірақ жұмыс осымен тоқтап қалған.

-              Мал арзан бағаға сатылмау керек. Шаруалардың еңбегін ойлаңыздар. Жыл бойы малдың соңында жүріп, артынан арзан бағамен өткізеді. Өскеменде «Мал базарын» құру қажет, бұл мал биржасына айналып, малды нарық бағасы бойынша сатуға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы мал базарының жанынан ет комбинатын, өнімді сертификациядан өткізетін зертхана ашуға болатынын алға тартты. Ол осы мәселе бойынша жұмысты ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларына тапсырды.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің барлығы тартылатын орын «Алтай» көтерме сауда орталығы болатынын айтты. Ол Алматыдағы «Алтын Орда» базарын мысал ретінде келтірді. Онда жергілікті өнімге ден қойылған.

-              Әкімдеріміз «завхозға» айналып кеткен. Бюджетті игеріп, орындалғаны туралы есеп берсе болды. Сіздер бизнес үшін жағдай жасауларыңыз керек. Кәсіпорындарды кеңейту қажет. Енді бастан сипау деген болмайды. Қажет болса, қош айтысамыз. Әлеуметтік зерттеудің қорытындыларын көріңіздер, адамдардың біз туралы не ойлайтынын, не айтып жатқанын біліп жүресіздер. Оң өзгерістер де жоқ емес, дегенмен, сұрақ та көп. Осы мәселелерді шешетін болсақ, жағдай да өзгереді, - деді Ермек Көшербаев.

 

Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істей ме?

Өңір басшысы 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді.

-              Ол жұмыс істейді дейді. Алайда мен қалалық пабликтерді қарап отырамын, барлық мәселелер сол жерде қамтылған. Бұл адамдардың сіздерге деген сенімсіздігін аңғартады. Егер тұрғындар сол пабликтерде мәселе көтерсе, сіздер тез әрекет етесіздер. Бұл дұрыс емес. Егер біз тек естіп қана қоймай, жауап беретін мемлекет туралы айтатын болсақ, платформа жұмыс істеуі керек. Енді сіздердің жұмыстарыңызды платформа арқылы қадағалайтын боламын, – деді Ермек Көшербаев.

Қазір Бірыңғай орталыққа Өскемен қаласы әкімдігінің барлық салалық бөлімдері мен қалалық коммуналдық қызметтер қосылған. Аймақ басшысының айтуынша, енді аудандарды қосу қажет. Барлық ведомстволар келіп түскен қоңыраулар мен өтініштерге жедел ден қойып, қысқа мерзімде кемшіліктерді жоюға тиіс.

 

600 шақырым жол жөнделеді

Шығыс өңірінде биыл Жол жылы жарияланғаны белгілі. Соның аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға 31,5 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары бойынша 114 жобаны іске асыру жоспарланған. Барлығы 600 шақырым жол жөнделеді.

– Облыс жолдарының сапасын бақылауға және күтіп ұстауға 6,5 млрд теңге бөлінді. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы, Осинов асуын айналып өтетін Қалбатау-Майқапшағай, Өскемен-Рахман қайнары жолдарын реконструкциялау жалғасуда, – деп мәлімдеді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде облыстағы автомобиль жолдарының үлесі жыл қорытындысы бойынша 93 пайызға дейін ұлғайды.

 

Балабақша мәселесін тез арада шешу қажет

Облыста 1 шілдедегі жағдай бойынша 2 104 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Соның ішінде Өскемен қаласында - 1 593 бала. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова бұл мәселені шешу үшін бірқатар нақты жұмыс қолға алынғанын атап өтті.

-              Жыл басында облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында 380 жаңа орын құрылды. Атап айтқанда, Өскемен қаласында 240 орындық балабақша ашылған болатын. Сондай-ақ облыс орталығы мен Ұлан ауданында жұмыс істеп тұрған балабақшаларда 140 қосымша орын ашылды, – деді ол.

Жылдың соңына дейін облыс орталығындағы 200 орындық бұрынғы балабақша ғимаратын нысаналы мақсатқа қайтару, 475 орындық үш жеке балабақша ашу, 220 орындық екі балабақша ғимаратын сенімгерлік басқаруға беру, профицит және жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша 838 орын құру есебінен тағы 1593 жаңа орын ашу жоспарда бар. Бұл жұмыстар үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз қамтуға, екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды 98,7 пайыз қамтуға мүмкіндік береді.

-              Балабақшаға сұраныстың артуы, бүлдіршіндер санының өсуі, әлбетте, бізді қуантады. Алайда екі мыңнан астам бала кезекте тұр. Бұл мәселені тез арада түбегейлі шешу қажет, - деді аймақ басшысы.

Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен Өскемен қаласында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұдан басқа, 500 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілуде, оларды ағымдағы жылы іске қосу жоспарланған.

-              «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023 жылдан бастап 3000 орындық жеті мектептің құрылысы, атап айтқанда, Өскемен қаласында 1500 орындық үш мектеп, Риддер қаласында 600 орындық мектеп, Шемонаиха қаласында 300 орындық мектеп, Глубокое ауданында 600 орындық екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ биыл 2,8 млрд теңгеге 84 нысан жөнделуде. 549,3 млн теңгеге жаңа модификациядағы 45 пәндік кабинет сатып алу жоспарланған, оның 14-і жеткізілді, - деді Динара Жұманова.

 

Денсаулық сақтау саласының дамуы

Қазіргі уақытта өңірде денсаулық сақтау саласы бойынша 152 маман жетіспейді. Оның басым бөлігі ауылдық жерлерде екен. Медициналық кадрлардың ең үлкен тапшылығы Өскемен қаласында – 49, Алтай ауданында – 44, Шемонаиха ауданында  –  10, Риддер қаласында – 10.

Осы ретте аймақ басшысы зейнт жасында қызмет көрсетіп жүрген ақ халатты жандардың еңбегін елеу қажет екенін аудан әкімдеріне ескертті.

-              Ауылдық жерлерде зейнет жасына келсе де жұмыс істеп отырған мамандар бар. Себебі ауылдық жерлерде ақ халаттылар жетпейді. Халықтың денсаулығы үшін зейнет жасына қарамастан еңбек етіп жүрген жандар марапатқа лайық. Аудан әкімдері оны ескеруі керек, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Айта кетсек, 2023-2024 жылдарға арналған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бойынша 36 медициналық мекеме салу көзделген: жеті дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт.

-              2023 жылы 17 медициналық пункт салынды. Ағымдағы жылдың басынан бастап Глубокое ауданының Прапорщиково кентінде ауысымына 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді және жыл соңына дейін тағы 18 нысанды аяқтау жоспарланып отыр, - деді облыстық әкімдіктің отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова.

Сондай-ақ өңірде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіштері 2,5%-ға, туберкулезбен сырқаттанушылық 1,8%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан 16%-ға, қатерлі ісіктерден 2,9%-ға, қант диабетінен 2,9%-ға төмендегені туралы баяндалды.

Алайда туберкулезден болатын өлім-жітімнің 40%-ға өсуі байқалады. Белгілі болғандай, аурудың барлық жағдайлары кеш сатысында анықталыпты.

-              2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші 30%-ға төмендеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында нәресте өлімінің 21 жағдайы тіркелді, ал өткен жылдың қаңтар-маусым айларында-32 жағдай тіркелген. Зайсан, Күршім, Глубокое және Тарбағатай аудандарында, сондай-ақ Алтай ауданында нәресте өлімінің көрсеткіші облыстық көрсеткіштен жоғары, - деді Динара Жұманова.

Өңір басшысы Ермек Көшербаев тұрғындарға ауруларды ерте сатысында анықтауға және емдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін скринингтерден өтудің маңыздылығы туралы түсіндіру қажеттігін атап өтті. Ауылдық округтердің әкімдері әрбір жүкті әйелді есепке алуға тиіс.

-              Ауылдық округтердің әкімдері әрбір жүкті әйелді есепке алуға тиіс. Сонда ана мен бала өлімінің төмендеуі, әкімдердің еңбегі деп есептеуге болады, - деп атап өтті облыс әкімі.

 

Жер жұмыс істейтіндерге берілсін

Шығыс өңірінде пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары табысты жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштер бұл сөзімізді растайды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің мәлімдеуінше, 46,9 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Бұл дегеніміз жылдық жоспардың 29 пайызы.

– Бірінші жартыжылдықта облыстық жер ресурстарын басқару департаменті 215 тексеру жүргізді. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға қатысты 206,1 мың гектар аумақта 176 тексеру жүргізілді. Сондағы 111 тексеру 115,6 мың гектар аумақ бойынша заң бұзушылық бар екенін көрсетті, – деді Надежда Михайлис.

Тексеру қорытындысы бойынша 1 661,4 мың теңге сомасына жеті айыппұл салынды.

– Кәсіпкерлер қазір бос жатқан жер мемлекетке қайтарылатынын біліп, учаскелерді өзге біреуге сатуды шығарды. Бұл бейберекетсіздікті тоқтату керек. Меніңше, кәсіпкер жер учаскесін алған соң оны ұтымды пайдаланатынын көрсетуге тиіс. Өйткені, жер - халық пен мемлекеттің қазынасы. Бұл жұмысты бастаған екенбіз, қатаң түрде жүргізуіміз керек. Жер шынымен де жұмыс істегісі келетіндерге берілсін, – деді облыс әкімі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив