KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
477.62 527.67 5.25

Шығыс өңірінің Алматымен ынтымақтастығы артады

7.08.2024, 11:32 415 Ләззат Қанатқызы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен Алматы қаласының делегациясы келді. Кездесу барысында тараптар қаланың дизайн коды, кәсіпкерлік, өнеркәсіп пен туризм салаларының дамуы мәселелерін талқылап, өңіраралық кооперацияны күшейтуге келісті.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев өңірде қолға алынған және даму көрсеткіші басым салаларды айта келе атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ екіжақты экономикалық байланыстың мықты екенін де атап өтті.

Мәселен еліміздегі жетекші саланың бірі түсті металлургияда Шығыс өңірінің рөлі айрықша. Бұл саладағы іргелі кәсіпорындардың бірқатары Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.

-              Сондай-ақ балық өндіру бойынша республика көлемінде екінші орындамыз, ал ара шаруашылығын дамыту жөнінен алдыңғы орындамыз. Марал шаруашылығы да ілгерілеп келеді. Облыстың туристік әлеуеті баршаға аян. Бұл сала бойынша да маңызды жұмыстар, мазмұнды жобалар қолға алынды. Бүгінгі кездесу ынтымақтастығымыздың бастамасы болады деп ойлаймын. Бірігіп жұмыс істеп, тәжірибе алмасу екі аймақтың да дамуына жол ашады, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде қос тарап арасындағы сауда айналымы 30 млрд теңгеден асады. Жергілікті тауар өндірушілер Алматы нарығына өсімдік майын, қарақұмық жармасын, ұн мен шұжық өнімдерін және басқа да өнімдерді жеткізеді.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өз сөзінде оңтүстік астанада шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін, сондай-ақ ірі компанияларға қолдау зор екенін атап өтті.

-              Алматы жылына 4,2 млрд долларға 1,8 млн тонна өнім тұтынады. Мұның, шамамен, 45 пайызы импортталады. Осы орайда Шығыс Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін Алматы тұтынушыларына жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында делдалсыз сауда нүктелерін құруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ерболат Досаев.

Жалпы өңір экономикасын әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға туризм даңғыл жол ашады. Сондықтан туристік саланы түлету үшін өңір билігі бірқатар маңызды жобаны қолға алды. Атап айтқанда, Риддер қаласында тау-шаңғы курортын салу, Қанас көлі (ҚХР) мен Марқакөл арасында трансшекаралық маршрут ашу жобалары жоспарда тұр. Ерболат Досаев Шығыс Қазақстанның ауылдық туризмді дамыту саласындағы тәжірибесі Алматы үшін қызықты ұсыныс екенін атап өтті. Ал жергілікті тарап инвесторлармен ынтымақтастыққа қашан да дайын екнені жеткізді.

Сонымен қатар кездесуде бірлескен туристік маршруттар құру мүмкіндігі талқыланды. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласындағы туристік компаниялардың өкілдерін кездестіру жоспарда бар.

-              Жоспар белгіленіп, міндеттер айқындалды. Енді тек жұмыс істеу керек, – деді өңір басшысы Ермек Көшербаев.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін «Алматы» ӘКК және «Ертіс» ӘКК бір-біріне сауда желілеріне және Алматының азық-түлік нарықтарына өнім жеткізуге келісімшарттар жасасу бойынша жәрдем көрсетпек.

Алматы қаласынан келген делегация Шығыстағы «Эмиль» ЖШС мен «Алтай» көтерме-тарату орталығына барды.

Алматы қаласының делегациясы өңірдегі іргелі кәсіпорындар – «Эмиль» ЖШС мен «Алтай» көтерме-тарату орталығын аралап көрді.

Шығыста сүт өңдеу өнеркәсібі жолға қойылған. Бұл бағыттағы жетекші кәсіпорынның бірі – «Эмиль» ЖШС. Мұнда өндірілетін 80-ге жуық өнім өңірге ғана емес, өзге аймақтарға да тарайды.

Қазіргі уақытта компания Алматы қаласындағы ірі супермаркеттерге апта сайын тонналап өнім жөнелтеді. Кәсіпорын басшысы Анна Аберленің айтуынша, қазір жұмыс дистрибьютор арқылы жүргізіліп отыр. Алайда, ол бағаның өсуіне әсер етеді. Сондықтан халыққа өнімді тікелей сату әлдеқайда тиімді болмақ.

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев «Эмиль» компаниясының өнімдерін делдалсыз жеткізу үшін жекелеген сауда павильондарын және өндірістік үй-жайларды ұсыну мәселесін қарастыратынын атап өтті.

Ал облыс орталығындағы «Алтай» көтерме-тарату орталығы құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Яғни, өнімдерді қыс мезгілінде сақтайтын және азық-түлік, күнбағыс майы және басқа да өнімдер үшін арнайы салқындатқыш орнатылған екі қойма дайын. Кросс-докинг, қонақ үй мен әкімшілік ғимаратының да құрлысы аяқталған.

Екінші кезеңде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз тауарларын делдалсыз сата алатын сауда үйі салынбақ. Сондай-ақ ет, балық және басқа да өнімдерді дайындайтын цех дайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, қыс мезгілінде көкөніс қоймасында 18 мың тоннаға жуық өнім сақтауға болады. Қазір онда картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат сақталған.

-              Алматы халқы жылына 4,2 млрд долларға 1,8 млн тонна өнім тұтынады, оның 850 тоннасы - әлеуметтік маңызы бар өнімдер. Біз сапар барысында шығысқазақстандық өнім өндірушілердің әлеуетін байқадық. Жергілікті тауар өндірушілер Алматыға күнбағыс майы, қарақұмық пен сүт өнімдерін жеткізеді. Алдағы уақытта картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізу бойынша ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз, – деді Әлішер Сатыбалдиев.

Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив