Ардақ Мәдиев: «Инвесторларды өзіміз таңдаймыз»
Өз алдына ауқымды міндеттер қоя отырып, мүмкіндіктер мен қажеттіліктер туралы есеп бере отырып, Шығыс Қазақстан облысы бүгінде өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және халықтың қажеттілігін қамту үшін қандай инвесторлармен жұмыс істеу керектігін өзі шешеді. Мәселен, облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдарын тозған жылу желілерін ауыстыру үшін құбырлармен қамтамасыз ету үшін меншікті құбыр илемдеу зауыты қажет. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің бағдарын саудадан өндірістік бастамаларға, атап айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бұру қажет.
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев айтып берді.
Жобалар мүддемізге сай келуге тиіс
– Әңгімені Ресеймен және Қытаймен шекаралық ынтымақтастық сияқты маңызды бағыттан бастайық. Жақында Қытайда өткен ЭКСПО халықаралық көрмесінде Орталық Азия елдері мен Қытайдың мүмкіндіктері ұсынылды. Шығыс Қазақстан шекаралық ынтымақтастық үшін өз компаниялары мен ресурстарын ұсынды. Біздің өңір үшін халықаралық форумның нәтижесі туралы айтып берсеңіз.
– Шынында да, біз осы халықаралық алаңға үлкен үміт арттық және ол бекер емес сияқты. ЭКСПО аясында «Қазақстан және Қытай» өңірлік форумы өтті, оған еліміздің барлық шекаралас облыстары қатысты, оның ішінде Шығыс Қазақстан да бар.
Форумда инвестжобаларды іске асыру үшін бірқатар ірі компаниямен келіссөз жүргізілді. Қазір сол компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз.
Басты назар ауыл шаруашылығын дамытуға аударылып отыр. Өзіңіз білетіндей, Қытай – заманауи ауылшаруашылық техникасы мен инновациялық технологиялардың ірі импортеры. Оларда тамшылатып және жаңбырлатып суаруға арналған озық құрылғылар бар. Мұның бәрі Шығыстың шаруалары үшін қызық.
Біз дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауға мүдделіміз. Фермерлеріміз күнбағыс, соя, жүгері, жоңышқа және басқа да дақылдарды, сондай-ақ олардан өңделген өнімдерді жеткізуге дайын.
Форумда жалпы сомасы 470 миллион доллардан асатын үш ірі инвестициялық шартқа қол қойылды. Олар ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм салаларында іске асатын болады.
Қазір Шығыс Қазақстан өз экономикасын дамыту үшін тиімді әрі қажетті инвестжобаларға ғана көңіл бөлуде. Олар – сұранысқа ие зауыттар мен фабрикалар, өндірістік цехтар, басқа да кәсіпорындар салуды көздейтін жобалар.
Біз кез келген инвестициялық жобаларға жармасқан уақыт әлдеқашан өтті. Қазір ұсынылған әр инвестжобаның пайдасын мұқият зерттеп, нақты жұмыс істеп жатырмыз. Қытайлық не ресейлік инвесторлармен мүдделеріміз сай келсе ғана жобаны жүзеге асыратын боламыз.
Сауда саласының мәселелері қалай шешіліп жатыр?
– Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту туралы айтсақ, сауданы айналып өтуге болмайды. Өйткені, кез келген кәсіпкер не істесе де, өз өнімін нарықта сатады. Осы жерден бірқатар сұрақ туындайды. Облыста сауда саласы қалай дамуда? Қанша жеке кәсіпкер мен ЖШС саудамен айналысады? Аймақта қанша сауда үйі мен басқа сауда нүктелері бар? Қандай тауарлар экспортқа сатылады және керісінше шетелден келеді?
– Облыс бойынша Ұлттық статистика бюросы ұсынатын ресми деректерден бастайын, сол кезде облыстағы сауда көлемінің жалпы көрінісі қалыптасады.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2024 жылғы қаңтар-маусымда ішкі тауар айналымы 887,8 миллиард теңгені құрады. Егер республикадағы сауданың жалпы көлемі туралы айтсақ, Шығыстың үлесі – 3,23% немесе ел бойынша жетінші орындамыз.
2024 жылдың қаңтар-маусымында сауда саласындағы нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94,4%-ды құрады. Сауда көлемінің төмендеуі бірқатар объективті факторға байланысты. Біріншіден, қазір сатып алу сұранысының төмендеуі байқалады. Екіншіден, халықаралық нарықта сұраныс төмендеді.
Егер жалпы сауда туралы айтсақ, онда ҮМЗ, Казцинк, ТМК, басқа да компанияларды қоса алғанда, облыстың ірі өнеркәсіп орындары өндірген өнімдер туралы да айту керек. Олардың өнімдерінің көп бөлігі экспортқа кетеді, ал шетелде нарықтың қозғалысы биржадағы нақты жағдайға байланысты. Ал өнім бағасы төмендеген кезде өндіру және өңдеу көлемі автоматты түрде азаяды. Тиісінше, сауда көрсеткіші төмендейді.
Көтерме және бөлшек сауда ұғымдары да бар. 2024 жылдың бірінші жартысында облыста көтерме саудаға 359,1 миллиард теңге, бөлшек саудаға 528,7 миллиард теңге тиесілі. Ал қазір өңірде көтерме сауда төмендеді, ал бөлшек сауда, керісінше, өсті.
Сауда көлемінің төмендеуіне бір себеп – шағын кәсіпорындардың азаюы, олар мемлекеттік тексерулер мен бақылау рәсімдері қайта басталған соң жабыла бастады. Тексерулер болмаған кезде, олар қолдарынан келгенше бәрін алды, ал қазір мемлекет тексерулерге ұзақ мониторингті тоқтатқаннан кейін жабыла бастады.
Шағын бизнестің жабылуының тағы бір себебі – жұмыс беруші төлеуі керек әлеуметтік салықтың ұлғаюы. Бұл оларға тиімсіз.
Үшінші себеп – жалпыға бірдей табыс декларациясын енгізу. «Көлеңкелі» схемалар бойынша жұмыс істеген көптеген компаниялар бүгінде өздерін жойып отыр.
Бөлшек сауданың жалпы көлемінде облыста азық-түлік тауарларының үлесі 35%-ды, азық-түлік емес тауарлардың үлесі 65%-ды құрайды. Азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 1,4%-ға, азық-түлік емес тауарларды өткізу көлемі 2,2%-ға ұлғайды.
Осы жылдың бірінші тоқсанында көтерме және бөлшек саудада, автомобиль мен мотоцикл жөндеуде 50,4 мың адам немесе бүкіл республика бойынша көлемнің 13,9%-ы жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өңірде 20869 ішкі сауда субъектісі тіркелген, оның 17827-сі – жеке кәсіпкер, 3042-сі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Қала-аудан әкімдіктерінің деректеріне сәйкес облыста 3196 сауда нысаны бар, оның 67-сі – сауда үйлері.
Шығыс Қазақстан өндірушілерінің өнімі сауда айналымының жалпы көлемінде қандай үлесті құрайтынын айта аламын.
Мәселен, дүкен сөрелеріндегі ұн, ірімшік, сүзбе, тауық еті сияқты тауарлардың 60%-дан астамы – жергілікті өнім. Картоп, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақтың 10%-ын біздің шаруалар өсірген.
Айта кету керек, өңірде сауда құрылымында макарон, жұмыртқа, қант, пияз өндірушілері жоқ. Біз бұл тауарларды басқа облыстардан немесе көрші елдерден әкелеміз. Импорттық тауарлардың ең көп үлесі қант – 30%. Көкөністі жалпы қажеттіліктің 25-30%-ы көлемінде әкелеміз. Бұлар – қызанақ, қияр, пияз, картоп, сәбіз, яғни әлеуметтік маңызды азық-түліктер тізіміне енетін тауарлар.
– Нақ осы көкөністерді Шығыстың егістіктері мен жылыжайларында да өсіруге болады ғой?
– Әрине. Облыс әкімі жергілікті өндірушілерден бірнеше рет: «Біз қашан өз өнімдерімізді шығарамыз?» деп тектен-тек сұраған жоқ. Воронеж облысында шығарылған тұздалған көкөніс банкасын әкеліп көрсетті. Аймақ басшысы кәсіпкерлерді өзімізде өсірілген азық-түлікті ары қарай өңдеуге шақыруда.
Көкөністі, жеміс-жидекті өзімізге де консервілеуге болады. Тіпті импорттық шикізатты сатып алсаңыз да, оны бағасы ең төмен болған кезде сатып алып, одан өңделген өнімдерді жыл бойы сатуға болады.
Мұндай тәжірибе колхоздар мен совхоздарда кеңінен қолданылған, соны неге жаңартпасқа? Осылайша импортты алмастырар едік. Осы міндетті облыс әкімі алдымызға қойып отыр.
– Өңірдегі сауданы дамытуда қандай перспективалар бар? Қандай мәселелерді шешу керек? Көшедегі стихиялық сауданың алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Саланың келешегі туралы айтсақ, қазіргі уақытта облыста электрондық сауданы дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте түрлі тауарлардың электрондық саудасына маманданған бірқатар ресейлік компаниямен тығыз жұмыс істеудеміз.
Біз электронды сауда адам өмірін едәуір жеңілдететіп, тауар бағасын төмендететінін көріп отырмыз. Себебі сауда нүктесі бар кәсіпкер кез келген жағдайда сатылатын тауарларға үстеме баға қояды, ал электронды саудада біз тауарды көтерме бағада аламыз.
Әкімдік пен бизнес арасында сындарлы диалог құру үшін Кәсіпкерлер палатасында тұрақты диалог алаңы іске қосылды, онда онлайн-сауданы ілгерілету үшін шағын және орта бизнес субъектілерінің цифрлық сауатын арттыру жұмыстары жүруде.
Біздің міндет – барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің өзара өркениетті бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуі. Бұл бағаға айтарлықтай әсер етеді. Бағаның төмендеуі тұтынушылар үшін тиімді.
Сондай-ақ сауда және интеграция министрлігінің 2023 жылғы 30 наурызда бекіткен сауда нарықтарын жаңғырту жөніндегі Жол картасына сай Өскемендегі «Заря», «Заречный», «Орталық» базарлары жаңартылады.
Жақында облысқа сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев келіп, Өскемендегі базарларды жаңғырту идеясын қолдады. Өйткені, сауда мен сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасау – көшедегі стихиялық саудамен күресудің бір әдісі. ХХІ ғасырда өркениетті саудаға қажет барлық жағдайды қамту қажет: ыңғайлы сөрелер мен бөлімдер, ветеринарлық зертханалар және тағы басқа.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Мысалы, қазір Өскеменнің жаңа шағын аудандарындағы сауда объектілерінде орындарды көбейту бойынша конкурс ұйымдастырудың үлгілік қағидасын әзірлеп жатырмыз. Тұрғын үй құрылысының жобасын талқылау кезінде де біз құрылыс салушымен өркениетті жағдайда азық-түлік және басқа да тауарлар саудасын ұйымдастыруға болатын объектінің болуын қарастырамыз. Бұл жаңа шағын аудандарда стихиялық базарлардың пайда болмауына ықпал етеді.
Жалпы, рұқсат етілмеген көше саудасының алдын алу үшін полицейлермен бірге рейдтер ұйымдастырылады, сауда заңын бұзғандар үшін қандай әкімшілік жаза қарастырылғанын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
– Бүгінде отандық бизнес мемлекет тарапынан елеулі қолдау көріп отыр. Бизнесті қолдау шараларының бірі – өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландыру. Бұл жобалар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Мұндай жобалар облыста бар ма? Олар аймақтағы өндірісті дамытуға қалай көмектесті?
– Облыста ондай жобалар бар және сәтті жүзеге асуда. Мысалы, 2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Өскеменде «Полиус» ЖШС-нің өндірістік алаңына су тартылды. Олар полимерлі қаптаманы өндіреді. Жобаның жалпы құны – 110,4 миллион теңге. Жалпы, мемлекет тарапынан осындай инвестжобаларды іске асырудағы әлеуметтік әсер – жаңа жұмыс орындарын құру. Осы жобаның нәтижесінде 57 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын өнім шығарып, оны нарықта сатады, жергілікті бюджетке салық төлейді.
Сондай-ақ биыл өндірістік инфрақұрылымды тарту бойынша тағы бір жоба жоспарланып отыр. Самар ауданындағы «Алпыспай» шаруа қожалығына дейін электр желісі тартылады. Шаруашылық етті мал өсіреді, алайда ет және сүт өнімдерін өңдеу және сақтау үшін электр қуаты қажет. Бұл жоба бойынша бағдарламаның әкімшісі – энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Жуырда әріптестеріміз қажет қаражатты бөлгізу үшін жобаны облыстық мәслихатқа талқылауға ұсынбақ.
Бизнесті қолдау облыста тек ұлттық жоба аясында ғана жүргізілмейді. Өңірде облыстық бюджет есебінен де, инвестициялық компаниялардың қаражаты есебінен де іске асырылатын көптеген жеке бағдарламалар мен жобалар бар.
Біз облыстың қажеттілігіне назар аударамыз. Мысалы, екі жыл бұрын Риддердегі ЖЭО-да апат болып, қала жылусыз қалды. Бүгінде жылумен жабдықтау желілерін толық ауыстыру қажет. Мұндай жағдай Шығыста ғана емес, бүкіл республикада байқалады.
Отандық құбырларға қажеттілік бар екенін түсініп, Риддерде құбыр зауытын салу үшін Қазақстан, Қытай, Ресей, басқа да елдердің инвестициялық компанияларын тартып жатырмыз. Зауыттың өнімдері облыста ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де сұранысқа ие болары сөзсіз.
– Көкөністі, жеміс-жидекті, сүт, ет өнімдерін өңдейтін цехтар мен шағын зауыттарды салу үшін қаражат қажет. Бұл ретте ауыл бизнесіне мемлекет қолдауы қажет. Шаруалар не ала алады? Мемлекет шағын және орта бизнеске қандай қолдау көрсетеді?
– Жалпы, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау барлық министрліктердің 2023 жылғы 21 қарашадағы бірлескен бұйрығымен бекітілген қағидалар аясында жүзеге асады. Бұл ережелер кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бұрынғы ұлттық жоба мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының орнына келді. Қолдау сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиеге кепілдік беру арқылы көрсетіледі.
Осы жылдың алты айында 15 миллиард теңге кредит сомасының 299 субсидиялау шартына қол қойылды. Бұрын берілген міндеттемелерді ескере отырып төленген субсидиялар сомасы 4,9 миллиард теңгеге жетті. Несиелер сомасы 7,4 миллиард теңге болатын 205 жобаға кепілдік берілді, ал кепілдіктер сомасы 3,5 миллиард теңгені құрады.
Бұл қолдау шаралары, оның ішінде кредиттер бойынша кепілдіктер «Даму» қорының құралдары арқылы ұсынылады. Бұл әсіресе жаңа бизнес-жобаға несие алу үшін кепіл мүлкі жетіспейтін ауыл кәсіпкерлері үшін маңызды. Екінші деңгейдегі банктер мұндай несиелерді қолдамайды. Содан кейін мемлекет «Даму» қоры арқылы екінші деңгейдегі банктерге несие сомасының 75%-на дейін кепілдік береді. Мысалы, ауыл кәсіпкері шұжық өндіру не көкөніс өңдеу цехын ашуды жоспарласа, оған несие сомасының 25%-ын кепілмен растау жеткілікті, қалғанына қор кепілдік береді.
Сонымен қатар бұл мақсаттарға қаражат республикалық бюджеттен ғана емес, жергілікті бюджеттен де бөлінеді. Қаржыландырудың баламалы құралдарын дамыту ретінде облыста «Ақ Ниет» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын жеңілдікпен қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы іске асуда. Осы жылы оны іске асыруға 650 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта қайтарымды қаражатты ескере отырып, 959,6 миллион теңгеге 73 жоба кредиттелді.
Биыл мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы ауыл кәсіпкерлеріне бағдарланды және атаулы сипатта болады. Пилоттық режимде қолдау облыстың жаңа төрт ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған, облыс аумағында тіркелген және Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Күршім аудандарында жобаларды іске асыратын шағын және орта бизнес субъектілері несиелендіріледі.
Біз ет, сүт, көкөніс өнімдерін, жүн, тері, дәнді дақылдарды өңдеуге, машина-трактор стансаларын салуға, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуге және тағы басқаларға бағытталған жобаларды қолдайтын боламыз.
Облыста республика қойып отырған жоспарды орындайтын ірі өнеркәсіп алыптары бар. Бірақ сонымен бірге біз шағын және орта бизнесті дамытуды қолдауға мүдделіміз. «Даму» қорының көмегімен жеңілдікті кредит алғысы келетіндердің тізімін пысықтап отырамыз. Ол үшін басқарма қызметкерлерімен аудандарға жиі барамыз, сондағы кәсіпкерлерді сауда алаңдарына емес, өндіріске инвестиция салуға шақырамыз.
– Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік гранттар беру де – бизнес-бастамаларды қолдаудың бір шарасы. Осы жылы қанша мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр және олар кәсіпкерлердің қандай санаттарына беріледі?
– Ағымдағы жылы гранттар беру шарттары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ережеге сәйкес, қазір бес миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне ғана беріледі.
Бұл ретте кәсіпкер облыстың әлеуметтік кәсіпкерлер тізімінде тіркелуге тиіс. Олар кәсіпкерлік қызметтің әр түрімен айналысатын мүгедектер, мүгедектер жұмыс істейтін заңды тұлғалар, әлеуметтік осал топтардың өкілдері болуы мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға тауар шығаратын немесе қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер не заңды тұлғалар әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін ала алады.
Биыл байқаудың үш кезеңі өтті, біз қатысуға өтінімдер жинадық. Әдетте олар тоқсанына бір рет өтеді: наурыз, маусым, қыркүйек, желтоқсан айларында 1-інен 15-іне дейін. Бүгінде облыста мемлекеттік гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 25 өтінім іріктелді. Байқауды қазанда өткізуді жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, осы жылы облыстық бюджетте 14 үміткерге грант беру үшін 72,5 миллион теңге қарастырылған.