E-tutynushy.kz құқығы бұзылған тұтынушылардың шағымын қабылдайды
Фото: kazbusiness.kz
Тұтынушылардың құқығын қорғау саласы - елдегі ең проблемалы бағыттардың бірі. Себебі - азаматтардың өз құқықтары мен заңдарды жетік білмеуі және дауларды шешудегі қиындықтар. Бұл орайда e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ақпараты бойынша, тұтынушылардың өтініштерін жедел және сапалы қарауға арналған e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған.
Аталған сайтта әрбір тұтынушы ұялы телефон немесе компьютер арқылы бұзылған құқықтары туралы жүгіне алады.
Тұтынушы уәкілетті органға хабарласпас бұрын мәселені бизнес субъектісімен тікелей шешуге тырысуы керек. Егер бизнес субъектісі шағымға 10 күн ішінде жауап бермесе, тұтынушы мемлекеттік органға жүгінеді.
Дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне шағым жіберілген жағдайда, дауды қараудың негізгі мәні бұзылған құқықты қалпына келтіру және залалды өтеу болады. Шағым мемлекеттік органға жіберілген жағдайда, заңнама талаптарын бұзу фактілері расталған кезде оны қараудың негізгі мәні кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту болады.
E-tutynushy арқылы өтінішті қалай беру керек?
1. Сілтеме бойынша өту - https://e-tutynushy.kz;
2. Әрі қарай сайтқа кіру;
3. Тұтынушылар үшін авторизация түймесін басу;
4. Ұялы телефон нөміріңізді енгізу;
5. Көрсетілген нөмірге келген кодты енгізу;
6. Әрі қарай өтініш беру батырмасын басыңыз;
7. Хабарласқыңыз келетін инстанцияны (сауда нүктесін немесе қызмет көрсету орнын) таңдаңыз.
Содан кейін нысанды толтырып, өтінішіңізді жіберіңіз.
Өтініш берудің негізгі шарты - заңды тұлғамен тұтынушылық даудың туындағанын растайтын құжаттарды жолдау.
Сонымен қатар, тұтынушы кері байланыс үшін аты-жөнін, ЖСН, электрондық мекен-жайы мен телефонын көрсете отырып тіркелуі керек.
Кәсіпкер бұл шағымды қалай көре алады?
Ол үшін кәсіпкер Бірыңғай ақпараттық жүйеге тіркелуі керек.
Жүйеге тіркелу тұтынушылардан шағымды тікелей алуға,
дауды сыртқы тараптардың қатысуынсыз уақтылы реттеуге, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығы мен қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде кәсіпкер 10 күн ішінде мәселені өз бетінше шеше алады. Егер бұл орындалмаса, мемлекеттік органдар процеске автоматты түрде қосылады. Бұл кәсіпкерді айыппұл санкцияларына алып келеді.
Айжанат Бақытқызы