KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Жаңа платформа басқарма жұмысын оңтайландырады - ШҚО

31.01.2024, 17:24 173 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы цифрландыруға мықтап бетбұрыс жасауы керек. Бұл бүтін бір басқарманың жұмысын оңтайландырып, өндірілген өнім мөлшерін арттыруға да мүмкіндік береді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есеп беру кездесуіне қатысқан аймақ басшысы Ермек Көшербаев осылай деді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Айта кетейік, қазір басқарма жұмысын цифрлық форматқа көшіру бағытында айтарлықтай шаруа атқарылып жатыр. Мәселен, «Рейтинг» компаниясының мамандарымен басқарманың цифрлық мәліметтерінің платформасы жасалуда. Болашақта мұндай платформаның көмегімен егіндік жерлер мен мал басын есепке алудан бастап, топырақ картасын әзірлеу сияқты жұмыстарға дейін жүргізуге болады.

– Барлық мәлімет сақталуы керек. Бұл – ең басты талап. Ол бірінші кезекте өздеріңіз, осы саланың мамандары үшін қажет. Өйткені, кейін қолдарыңызда 15-20 жыл бұрынғы мағлұматтар базасы болады. Ал сіздер сол мағлұматтармен жұмыс істейтін жүйелік сарапшыға айналасыздар. Өткен жылдардың көрсеткіштеріне қарап-ақ жоспар жасай алатын боласыздар. Жұмысты автоматтандыруға қол жеткізуіміз керек. Сонда ғана қызмет сапасы жақсарып, тиімділігі артатын болады. Жалпы алғанда, басқарманың бұл бағыттағы қадамдары қуантады. Енді осы бастамаларыңызды соңына дейін жеткізу шарт, – деді облыс әкімі.

Басқармадан хабарлағандай, жаңа платформа биыл іске қосылады деп жоспарланған.

Жалпы, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласында 14 инвестжоба жүзеге аспақ. Олардың қатарында жұмыртқа өндірісі мен бал зауытының құрылысы бар. Бұдан бөлек мал және өсімдік шаруашылығында ілкімді істер қолға алынады.

Былтыр аталмыш саладағы өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 539 397 миллион теңгеге жетті. Өсімдік шаруашылығын дамытуға 5 миллиардтан астам теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Дегенмен шаруалар өндірген өнімнің үлесі азайған. Бұған бірінші кезекте, ауа райының қолайсыздығы себеп болды.

Сол сияқты, мал шаруашылығына 9,5 миллиард теңге бөлінгені белгілі болды. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 109 кәсіпорын бар. Оның 15-і өнімін экспортқа шығарады. Сонымен қатар аймақта 37 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді, 24 сүт қабылдау пункті бар. Сала мамандары әсіресе, сүт өнімдерін қайта өңдеушілерде шикізаттың жетіспеушілігі байқалатындығын айтуда.

Ауыл шаруашылығы саласына негізделген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы да назардан тыс қалмады. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр 1 миллиард 535 миллион теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Бұл қаржы толық игерілген. Нәтижесінде 12 кооператив құрылып, 104 жеке кәсіп иесі ісін өрге бастырды. Биыл бағдарламаға 7 миллиард теңге бағытталды. Жұмыс жүйелі жүргізілуде.

Бұдан бөлек ветеринария саласында да қордаланған мәселе көп. Айталық, биыл құтырма ауруына қарсы екпе егу жұмыстары жүргізілуі керек. Өңірде бруцеллез ауруы бойынша жағдай тұрақсыз. Сонымен қатар аймақта Сібір жарасына шалдыққан мал өлекселерін көметін 101 қорым бар болса, олардың 64 талапқа сай емес. Биыл осы кемшілікті жою мақсатында біршама жұмыс жоспарланғанын атап өтті басқарма басшылығы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу