ҚР Оқу-ағарту министрлігі бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімін ұзартты
Фото: gov.kz
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен жұртшылықтың өтініші бойынша білім беру ұйымдарына қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Егер бұрын бірінші сыныпқа қабылдау мерзімі 1 сәуірден 1 тамызға дейін болса, енді баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында өтеді», - делінген Министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, өзгерістерге сәйкес, бір мектептен басқа мектепке ауысу тек каникул кезінде ғана деген шектеу алынып тасталды.
«Осылайша, жаңа ережелерге сәйкес балаларды оқу жылы ішінде тұрғылықты жері бойынша бір мектептен басқа мектепке ауыстыру мүмкіндігі бар»,-деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, білім алушылардың оныншы сыныпқа өтініштерін қабылдау мерзімі де өзгерді.
«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау кезеңі 25 тамызда аяқталуына байланысты білім алушылардың оныншы сыныпқа өтініштерін қабылдау мерзімі 15 тамыздан 31 тамызға өзгертілді. Осылайша колледжге қабылданбаған білім алушылар мектептің 10-11 сыныптарында оқуын кедергісіз жалғастыра алады», - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Айжанат Бақытқызы
Оқи отырыңыз