Академияның атағын шығарып жүр
Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы түлектерінің мансабы қалай жоғарылағанын біз облысымыздағы Төтенше жағдайлар қызметі саласында еңбек етіп жүрген офицерлерден білдік.
Сондай мамандардың бірі Ерлан Қалиев академиядағы оқуын күні кеше, 2023 жылы ғана тәмамдапты. Қазір азаматтық қорғаныс лейтенанты атағына ие Ерлан Шемонаиха ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы қызметін атқарады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тағы бір кейіпкеріміз, Азаматтық қорғаныс лейтенанты Ұлан Білімбек 2019 жылы Зайсан ауданының Сарытерек ауылындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы академияға оқуға түскен. Кішкентайынан құтқарушы болуды армандаған жігіт ақыры дегеніне жетті. Осы мақсатқа жету жолында төрт жыл академияда оқып, қиын да қызықты сәттерге толы кезеңді бастан өткерді. Ал 2023 жылы Самар ауданының №32 өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы болып келді.
Отыздың екеуіне толған Аслан Қапаев болса, бүгінде Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері қызметін атқарып, облыс орталығы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. Оның міндеті – қиындыққа тап болған жандарға көмекке келу. Аслан бұл салаға кездейсоқ келді деуге болады. Бірақ кезінде осындай таңдау жасағанына еш өкінбейді.
Жалпы, майор Қапаевтың бұл салада еңбек еткеніне 10 жылдан асыпты. Ол аудандардың өрт сөндіру бөлімдерінде қарауыл бастығы болып та үлгерді, содан кейін Азаматтық қорғаныс жүйесінде аға офицер қызметін атқарды.
Міне, бұл кезінде академияда біліп алып, бүгінде ТЖ саласында абыроймен еңбек етіп жүргендердің бір парасы ғана. Облысымызда ондай жас офицерлердің қатары өте көп.
Осы ретте, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті болашағын азаматтық қорғаныс саласымен байланыстырғысы келетін жастарды академияда білім алуға шақырады. Көкшетау қаласында орналасқан білім ордасына түсуге ниет білдірген азаматтар ТЖД-ның кадр және тәрбие жұмысы бөліміне 25-07-94 телефоны бойынша хабарласа алады.