Өскеменде көлік кептелісін қалай азайтпақ?
Фото: faz.net
Биыл Өскеменде де бірнеше ірі жоба іске асырылады. Қаладағы көлік кептелісін азайтып, қозғалысқа қолайлы жағдай туғызу үшін Жібек жолы, Базовая көшелері мен Сәтпаев, Есенберлин даңғылдарының қиылысында айналма жол құрылысы басталды. Болашақта мұнда көп деңгейлі жол айырығы салынады.
Қазір онда жерді қазу, ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, әзірге мұнда айналма жол ғана түседі. Қаржыландыру көлеміне қарай кейін бірнеше деңгейлі үлкен жол айырығын салу жоспарда бар.
Жобаның қажеттігі туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Былтыр Шығыс Қазақстанға көлік министрі Марат Қарабаев жұмыс сапарымен келгенде бастапқы кезеңде айналма жол салынатыны айтылған. Жыл басынан бері бұл жерде құрылыс қызу жүріп жатыр. Айналма жолмен бірге мұнда кейінірек бой көтеретін күрделі жол айырығының тағаны да қалана бастағанын көруге болады.
Сонымен қатар Базовая көшесі де кеңейтіліп жатыр. Өйткені «Нұрлы жол» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің көп салынуы, бұл аумақтағы халық санының өсуіне, көлік қозғалысының жиілеуіне әсер етті. Жоспар бойынша жолды кеңейту жұмысы биыл аяқталуға тиіс.
Облыс орталығының тұрғындары «Шнайдер көпірі» атап кеткен Үлбі өзенінің үстінен салынған шағын көпірдің тіректері тоза бастауы себепті былтыр күзде нысан жөндеуге жабылған болатын. Көлік қозғалысы тоқтатылған. Биыл жөндеу жұмыстары аяқталып, дәл Наурыз мейрамында Шнайдер көпірі ашылды. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі парақшасында қуана хабарлады.
Сондай-ақ облыс орталығында жүргізіліп жатқан Ертіс көпірінің астынан өтіп Пермитин көшесі мен Е.Славский жағалауын жалғайтын жолдың құрылысы да осы жылы тиянақталады.