KZ
Өскемен
+24°
переменная облачность жел 2 м/с, З
450.79 482.21 5.05

Марқакөлдің тыныс-тіршілігі қалай?

23.05.2024, 12:04 127 Қуаныш Рахметоллаұлы

Табиғаты әсем, шекара шебіндегі Марқакөл өңіріне барудың сәті түсті. Сұлулығымен тамсандырған өлкені көру арман еді. Өскемен қаласынан шығып, Самар, Күршім аудандарынан өтіп,  қысы ұзақ, қары қалың маңғаз Марқаға жеттік. Иә, аудан орталығы мәртебесінен айырылғаннан кейін мұндағы адамдар   үдере көшіп, халықтың саны азайып қалған еді. Ал туған жерін қимай, өсіп-өнген өлкесінде тіршілік етіп қалған жандар, еңбек етіп, кәсіп ашып, жерлестерін жұмыспен қамтып, олардың ауылда тұрақтанып қалуына әрекет етті. Мына ғажап өлкенің елсіз, иесіз жатқанын қаламаған, әрекет түбі берекет деген азаматтармен тілдескен едік.

Иә, Марқакөлдің аудан болуын жергілікті жұрт жылдар бойы армандап келгені жасырын емес. Президенттен үлкен үміт күтті. Елдің мәселесі Мемлекет басшысына жетіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марқакөл жеке аудан болып құрылғанда ауылдастарымен бірге кәсіпкер Ришат Сағымбекұлы бөркін аспанға атқандардың бірі еді. Бүгінде туған жерім аудан орталығы болды деп, өсеміз, өнеміз, өңірді көркейтеміз деп жанталасып жүр. Марқакөл ауылында қараусыз қалған ғимаратты қалпына келтіріп, дүкен ашып, тұрғындарға керегін ұсынуда.

 – Ел боламыз деп тіршілік істеп жатырмын. Өзім кәсіпкер ретінде азық-түлік дүкенін аштым. Марқакөлдің жағасынан туристерге арнап, демалыс орнын іске қосып жатырмын. Ауданның дамуына, аяққа тұрып кетуіне үлесімізді қоса береміз. Әрқашанда бастамамызды қолдап отыратын жергілікті билікке алғысым шексіз, – деді жеке кәсіпкер.

Ауылда сүт өңдеу зауыты бар

Мемлекет маған не береді емес, мен халқыма не беремін деп, берекені көктен емес, еткен еңбектен тілейтін туған жерінің жанашыр азаматының бірі – Амантай Иқанбаев. Ресейдің Барнаул қаласынан  сүт өңдеу зауытына қажетті құрылғыларды сатып әкеліп, жабдықтаған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы сүтті бағыттағы 50 симменталь сиырын сатып алған, қазір олар төлдеп жатыр. Малға қажетті жем, өңдеуге қажетті сүт шаруашылықтың өзінен. Амантай ақсақал алдағы уақытта зауытты іске қосып, ауыл мен ауданды ғана емес, облыс орталығының тұрғындарын да табиғи өніммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр екен.

– Қала тұрғындары көбінесе қолдың емес, шеттен келген сүт өнімдерін пайдаланады. Ал олардың құрамында әртүрлі қоспалар бар екенін білесіз. Содан тек табиғи өніммен қамтамасыз етсем деген ойға келдім. Мына көрші Ресейден сүт өңдеу зауытына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Сондағы мамандар өздері келіп, орнатып, адамдарды зауыт жұмысымен таныстырып, қалай қолдану керектігін оқытып кетті. Енді осы зауыт іске қосылған кезде 13 түрлі өнім шығармақпыз. Атап айтсам, сары май, сүзбе, қаймақ, кілегей, қатық, майлылығы әртүрлі сүт пен айран, үш түрлі сыр өндіру ойда бар. Барлығы 10 адамды жұмыспен қамтамасыз етпекпін. Осы кәсібіме қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне ризашылығым зор, – деді «Ақболат-Шорман» шаруа қожалығының басшысы Амантай Иқанбаев.

Ендігі кезекте шаруа қожалығының иесі жер алып, егін егіп, төрт түліктің санын арттырсам деген алдына мақсат қойып отыр. Міне, «мемлекет маған не береді емес, мен халқыма не беремін» деп, берекені еңбектен тілейтін туған жерінің жанашыр азаматтары осындай. Олар жаңадан құрылған ауданының дамуына сүбелі үлесін қосуға дайын.

1997 жылы аудан тарағаннан кейін шаруа­шылықтар тоқтады, кәсіпкерлік әлсіреді. Ел орталыққа үдере көшті. «Апыр-ай, Марқадай өлкеде адам қалмай, мына шырайлы жер бос жата ма?» деп туған жерінің келешегін ойлаған Данияр Қасымұлы өзге өңірлерге қоныс аудармай-ақ туған жерде тұрып та өмір сүруге болатынын иіспен дәлелдеуге кірісті. Қытай елінен керекті қондырғыларды сатып алған ол күнбағыс майын өндіруді қолға алады. Ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр қазір.

– Аудан тарағаннан кейін халық көше бастады ғой. Сондай бір қиын кезең болды. Мына Марқа өңірі иесіз қала ма деп қорықтық. Содан кәсіп аштым. Ісімді бастадым. Жер алдым, игердім. Қазір жылына 10 тоннадай күнбағыс майын шығарамыз. Жергілікті тұрғындарды өнімімізбен қамтамасыз етіп отырмыз. Одан кейін ауылда қараусыз қалған ғимаратты жөндеп, монша ашқан едім. Ағаш кесу цехым бар. Ол жерде де жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Қазір Марқакөл ауданы қайтадан құрылып, үмітіміз жанды. Болашаққа деген сенім пайда болды. Ертеде көшіп кеткен жерлестерім қайтадан туған жеріне келіп, тұрақтамақшы. Қуаныштымыз, – деді жергілікті кәсіпкер Данияр Қасымұлы. 

Кәсіпті дамытуға кедергі жоқ

Ел Президентінің Жарлығымен Марқакөл ауданы құрылғаннан кейін өңірді қалпына келтіру, аймаққа берілетін қызметкерлердің штат саны мен бөлінетін қаржыға қатысты экономикалық есептеулер қызу жүріп жатыр. Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы  Рүстембек Кемешевтің айтуынша, туризм және ауыл шаруашылығы саласы бағыттарын дамыту бойынша жүйелі жоспар құрылған.

– Қазір аудан тұрғындары ауыл шаруышылығы саласын дамыту, мал басын көбейту және асылдандыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайыздық несие алуда. Туристік кластерді дамыту бағыты бойынша ауданға бірнеше инвестор келіп, Марқакөлдің жағасында демалыс үйлерін салуға ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар аймақта кен орындары жұмыс істеп тұр. Бұл компаниялар алдағы уақытта ауданның дамуына өз үлестерін қоспақ. Жалпы Марқакөл ауданының дамуы облыс әкімінің тікелей бақылауында. Аймақ басшысы ауданға бірнеше рет келді. Тапсырмалар берілді, – деді Рүстембек Кемешев.

 P/S: Хош, сонымен шекараның шебіндегі, желдің өтіндегі ауданның тыныс-тіршілігімен таныстық. Ең бастысы, аудан тұрғындарының туған жерін қалай дамытсам, гүлдендірсем деген шынайы ниетін, әрекетін байқадық. Елім дейтін ерлер аман болса, Марқакөлдің болашағы да баянды болмақ. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив