Шалғайдағы жұртшылық оңалту қызметінен хабарсыз ба?
сурет редакция архивінен
Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығы травматологиялық-ортопедиялық бөлімшесінде осы жылдың төрт айында 600-ге жуық адам оңалтудан өтті. Яғни, ай сайын өңірдің 150-ге жуық тұрғыны білікті, ең бастысы, уақтылы көмек алып, әртүрлі отадан немесе инсульт , инфаркт сияқты ауыр дерттерден кейін қатарға қосылды. Дегенмен мамандар оңалтуға шалғай аудандардан келетін науқастардың саны әлі де аз екенін айтады.
Қазақстандағы медициналық көмектің оңалту қызметі әлі жас, еліміздегі тұңғыш оңалту орталығы біздің өңірде 2015 жылы ғана ашылды. Бірақ осы уақыт ішінде орталықтың дәрігерлері мыңдаған пациенттен алғыс алды, науқастар ең ауыр жарақаттардан, инсульт пен инфарктан, буындарда ауыстыру және эндопротездеу операцияларынан кейін аяққа тік тұрып, сауығып кетті.
– Бұрын біздің бөлімшенің қуаты бізге оңалтуға жіберілген пациенттермен айналысуға әбден жеткілікті болатын. Бірақ МӘМС жүйесі мен биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген қомақты қаражаттың арқасында эндопротездеу операцияларының саны айтарлықтай өсті. Өйткені сақтандырылған азаматтар үшін қандай күрделі ота не болмаса оңалту түрі болмасын, тегін көрсетіледі. Эндопротездеу операцияларынан кейін оңалтуды 10 күннен кешіктірмей бастау керек, әйтпесе хирургтердің еңбегі зая кетеді, бұл өте күрделі үдеріс. Бір айдан кейін буындарды жаттықтыру кеш болады. Қазір бізге операция жасатқан науқастар да, кезекте тұрғандар да келіп жатыр. Орталық директоры Денсаулық сақтау министрлігінде және облыстық деңгейде бөлімшені кеңейту туралы мәселені көтеріп отыр, – деп атап өтті травматологиялық-ортопедиялық бөлімшенің меңгерушісі Надим Мұхаммед.
Бөлімше меңгерушісі шешімін таппай отырған мәселелердің бірі ретінде шалғай аудандардағы аурухана дәрігерлерінің науқастарды оңалтуға жіберуге асықпайтынын, ол жайында тіпті білмейтінін қынжыла айтты.
– Бізге оңалтуға аудандық ауруханалардан науқастарды өте аз жібереді. Кейде дәрігерлердің өздері де осындай көмек бар екенін мүлдем білмейтін сияқты. Біз орталықтың қызметі туралы үнемі ақпарат таратамыз, көшпелі кеңестер өткіземіз, мамандарды орталыққа, арнайы шеберлік-сабақтарына шақырамыз. Кейде пациенттер бізге кезегі жеткенде келеді, бірақ тым кеш, өкініштісі, уақытты жоғалтып алады, – деп түсіндірді дәрігер.
Надим Мұхаммед аудандық дәрігерлерді ақпараттандыруды және олардың осы мәселеде белсенділігін арттыруды ширата түсу керектігіне тоқталды. Ол үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде өңірдегі науқастарды оңалтуға жіберудің арнайы алгоритмін жоспарлап, әзірлеу қажет, өйткені бұл жүздеген және мыңдаған шығысқазақстандықтың денсаулығын жақсартуға және олардың толыққанды өмірге оралуына көмектеседі.
Облыстық оңалту орталығы берген мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері өңіріміздің аудандарынан барлығы үш жүзден астам науқас оңалтудан өтіп, денсаулығын түзеткен. Олардың ішінде ең көбі Глубокое ауданынан – 91 науқас, Ұланнан – 53, Алтай мен Күршім аудандарынан – 39 науқастан келген. Басқа аудандардан білікті оңалту қызметін алуға жіберілгендердің саны жиырмаға да жетпейді. Катонқарағай ауданы мен Серебрянка қаласының әрқайсынан он науқасқа ғана облыстық орталыққа жолдама берілген.
Облыстық оңалту орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Толқын Маратқызының түсіндіруінше, аудандардың барлығында дерлік оңалтудың екінші кезеңін өткізетін 10-15 орын бар екен.
– Жалпы оңалту қызметі жарты жылдың ішінде көрсетіледі. Оңалту бірнеше кезеңнен тұрады. Мысалы, инсульт, инфаркт алған науқастарға оныншы тәулікте екінші кезеңі бойынша оңалту қызметі көрсетілуге тиіс. Алайда аудандық ауруханаларда құрал-жабдықтардың барлығы бола бермейді, реабилитолог мамандармен де жүз пайыз қамтылмаған. Сол себепті жергілікті жерде көрсетілетін оңалту қызметінің сапасы ақсап тұр. Одан кейін бір айдың ішінде пациенттер бізде оңалтудың үшінші кезеңінен өтуге тиіс. Осы жерде алғашқы санитарлық-медициналық көмек ұйымдарының мамандары оңалту алгоритмін дұрыс түсінбегендіктен науқастар бізге уақытында келмейді. Бұған дейін оңалту алгоритмін мен өзім жазып, аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенбіз. Алдағы уақытта біздің комиссия мүшелері тағы да аудандарға шығып, осы жұмысты қолға алуды жоспарлап отыр. Комиссия аудандардағы оңалту қызметінің сапасына баға береді, кеңес беріп, үйретеміз. Алты ай ішінде пациентке тиімді көмек көрсету мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Ең бастысы – науқас оңалту уақытын өткізіп алмауы керек, – деді Толқын Маратқызы.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығы жұмысын 2015 жылдың желтоқсан айында бастады. Бір жылда 6,5 мың науқас орталықта ем-дом алып, денсаулықтарын түзейді. Мамандар жыл сайын тұрғындардың 70%-ының денсаулығы қайта қалпына келетінін айтады. Мамандардың айтуынша, аталған орталық өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсарта алады және мұнда білікті мамандар жұмыс істейді.
«Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының ақпаратына сәйкес, биыл МӘМС аясында оңалту қызметі түрлеріне 3,3 млрд теңге бөлініп отыр.
–МӘМС жүйесі медицинаның өте маңызды бағыты – оңалтуды дамытуға мүмкіндік берді. Мысалы, миокард инфарктісінен, кардиохирургиялық операциядан өткен адамның өмірін сақтау бір басқа, кейін қалпына келтіру – ол басқа. Егер сіз сақтандырылған болсаңыз, онда бұл оңалтуды міндетті түрде МӘМС есебінен тегін аласыз, — деп толықтырды бас дәрігердің орынбасары.
Ауыр жарақаттан кейін аяққа тұрды
Біз шығысқазақстандық дәрігерлердің тәжірибесінен тамаша бір мысал келтіргенді жөн көрдік. Ауыр өндірістік жарақат алған кеншіні дәрігерлер екі ай ішінде аяққа тік тұрғызды. Глубокое ауданы, Белоусовка кентінің тұрғыны Никита Шумский қазір өз бетінше жүреді, үй шаруашылығымен айналысады. Қазір ол Абай облысының шахталарының біріндегі оқыс оқиғадан кейін өмірі мен денсаулығы үшін күрескен білікті медицина мамандарын ризашылықпен еске алады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жазатайым оқиға биылғы наурыз айының соңында болған. Кенші болып істейтін Никита шахтадағы апаттан кейін бірнеше сағат бойы тау жынысы үйіндісінің астында қалған. Негізгі соққы денесінің оң жағына тиген, жігіт есінен танып қалған. Бас-сүйегін жарақаттап алған, бет сүйегі, аяқ-қолдары сынған. Шахтерге алғашқы шұғыл көмек Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасында көрсетілді. Одан кейін Никита облыстық оңалту орталығына жеткізіледі. Бұл жерде дәрігерлердің пациентпен ауыр да қиын жұмысы басталды.
– Никитаны бізге мүгедек арбасымен әкелді. Ол тек балдақпен жүре алады екен. Отадан кейінгі жағдайы қиын еді, науқас аяғын басуға қорықты, өйткені жүрген сайын ауырсынуды сезеді. Жас жігітті тезірек қатарға қосу үшін оңалту процесіне травматолог, реабилитолог, невропатолог және психолог сияқты бірнеше маманды тартуға тура келді. Никитаның нағыз күрескер екенін мойындау керек! Үш күннен кейін ол өз бетімен алғашқы қадамын жасады. Біз оны аяққа тұрғызғанымызға қуаныштымыз, – дейді оңалту орталығы травматологиялық-ортопедиялық бөлімшесінің меңгерушісі Надим Мұхаммед.
Қазір Никита үйінде, нейрохирургиялық және көзді қалпына келтіру операцияларына дайындалуда.
– Мен барлық дәрігерлерге ризамын, олардың көмегімен қалыпты өміріме оралдым. Оңалту орталығына келер алдында менің ота жасаған аяғымнан аппаратты алып тастаған болатын. Ал мен болсам, қозғалуға, аяғымды қимылдатуға қорықтым. Санамда психологиялық кедергі болды, бірақ оңалту орталығының дәрігерлері үш күннен кейін менен балдақты тартып алып, «сенің қолыңнан келеді» деді. Мен жүріп кеттім... – деп есіне алады Никита Шумский.
Никита екі ай бойы барлық медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында алып жатқандықтан барлық қызмет тегін көрсетілгенін атап өтті.
– Мен күрделі операциялар мен тиімді оңалту қызметінің құнын ешқашан өтей алмаспын деп ойлағам. Бәрі тегін болып шықты, МӘМС жүйесіне рахмет. Бұл қазір біздің отбасымыз үшін өте маңызды, – дейді Никита.