Кәріз-тазарту құрылыстары ойдағыдай жұмыс істеп тұр
Жаңа Бұқтырма кентіндегі кәріз-тазарту құрылыстары тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұған Жаңа Бұқтырма кентінің және Көгілдір шығанақ елді мекенінің жұртшылығы көз жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осыдан бірер күн бұрын еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың Алтай ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында «Көгілдір шығанақ» демалыс базасынан Бұқтырма су қоймасына еш бақылаусыз кәріз ағындары төгіліп жатқаны туралы мәлімдеме жасалған болатын.
Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Жаңа Бұқтырма кентіндегі кәріз-тазарту құрылыстары еш ақаусыз, апатсыз, қалыпты жұмыс істеп тұр. Демалыс базаларының (оның ішінде «Көгілдір шығанақтың» да қалдықтары бар) кәріз ағындары діттеген жерге жеткізілуде.
Бұған көз жеткізу үшін жергілікті жұртшылық мұндағы №1 және №2 тазарту қондырғылары мен кәріз-қысым станцияларының (КҚС) жұмысын тексеріп қайтты. Тұрғындар ағынды суларды жинаудан тазартуға дейінгі жүйенің толық циклімен танысты.
Ал штаттан тыс жағдайда немесе негізгі жабдық істен шыққан кезде резервтік жабдықтар іске қосылады екен. Жүйе автоматтандырылған. Әзірге туристер қарасы аз. Алайда, қонақтар легі көбейсе, ағынды суларды тазарту қондырғылары толық күшіне енеді.
Қоғам өкілдері кей жандар ел арасына сыбыс таратып, сол арқылы дүрбелең туғызғысы келетініне наразы. Бұл фактілердің бұрмалануына әкеліп, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін, дейді олар.