Еңбек вице-министрі Зимовьедағы орталықта болды
Шығыста жұмыс сапарымен жүрген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов Глубокое ауданының Зимовье ауылында орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл мекеме стационар жағдайында мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтің алуан түрін көрсетеді.
Мекеме директоры Қалел Теленчиновтың айтуына қарағанда, қазір орталықта 210 адам әлеуметтік көмек алуда. Оларға 183 маман қызмет көрсетеді. Арасында медициналық қызметкерлер мен психологтар да бар. Осы ретте жұмысшылардың дені маңайдағы бірнеше ауылдың тұрғындары екенін айту керек. Орталықта ем-дом алып жатқандар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мәселен, мұнда жұмыс терапиясы орталығы мен спорт секциясы ашылған. Сондай-ақ апитерапия әдісі кеңінен қолданыла бастады. Ол үшін омарта шаруашылығы аумағында ағаш бөренелерден арнайы кішігірім үй салынып, іші жайластырылған.
Белгілі болғандай, бүгінде елімізде әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету мақсатында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін бір мыңнан астам ұйым жұмыс істесе, оның 67-сі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.
Орталық ұжымымен, сондай-ақ қызмет алушылармен кездесу барысында Ақмәди Сарбасов Әлеуметтік кодексте көзделген мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын енгізу мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.
Мекемені аралап шыққан Ақмәди Сарбасов ұжыммен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Жергілікті жұмысшыларды еңбекақы мәселесі толғандыратыны белгілі болды.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, қазір елімізде бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр.