«Бауырына салу» фильмі халықаралық фестивальдерде топ жарды
Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық кино орталығының» қолдауымен түсірілген «Бауырына салу» фильмі халықаралық фестивальдерде топ жарып келеді. Жақында режиссер Асхат Кучинчерековтың фильмі Австрия мен Санкт-Петербургте екі беделді марапатқа ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Австриядағы Der Neue Heimatfilm халықаралық кинофестивалінде фильм «Үздік көркем фильм» сыйлығын жеңіп алды. Аталған фестиваль жүздеген кәсіби мамандардың басын біріктіріп, маңызды деректі картиналарды ұсынады.
Санкт-Петербургте өткен Lendoc Film Festival фестивалінде де «Бауырына салу» тағы биіктен көрініп, Ерсұлтан Ерман «Үздік актер» номинациясын еншіледі.
Айта кетейік, «Бауырына салу» фильмі әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға және бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады.
Кучинчирековтың өзі бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді.
Фильмнің тұсаукесері ірі халықаралық кинофестивальдерде өткен. Сонымен қатар жақында картина прокатқа шығып, көрерменнің оң бағасын алды. Режиссердің айтуынша, бұл туынды – қазақ халқының салт-дәстүріне деген ерекше құрмет.