5 жыл ішінде 16 мектеп салынады - ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылының басталуына дейін 40 білім беру объектілерінде 1 млрд. теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтуға 180 млн. теңге көзделген.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Мемлекет басшысының «Қазақстанда 1000 мектеп салу" тапсырмасына сәйкес 5 мектепті іске қосу жоспарлануда. 5 жыл ішінде өңірде 16 мектеп салынады.
- Көптілді білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі Практикалық қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта 400 қазақ тілі пәнінің оқытушысы алты айлық біліктілікті арттыру курстарында қайта даярлаудан өтуде, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов ОКҚ брифингінде.
Көп балалы және азқамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдау бұрынғысынша басым күйінде қалып отыр. 21 мың оқушы тегін тамақпен, мектеп формасымен, қысқы аяқ киіммен, қоғамдық көлікте тегін жол жүрумен қамтамасыз етіледі, 2,4 мың бала балабақшаларға тегін барады, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың 100 пайызы жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылған.
- Біз жыл сайын IT-фестивальдер өткізіп, өз гранттарымызды бөлеміз. Биыл 14 грант бөлінді, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, жыл сайын колледждерде студенттерді тегін оқытуға мемлекеттік тапсырыс 10 пайызға артады, басқа қаладан келген студенттердің тұруы үшін жағдайлар жасалады. Колледждерге арнап жоспарланған 7 жатақхананың 5 жатақханасы салынды, енді 2 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, өңірлік жоғары оқу орындарына түсу үшін жергілікті бюджеттен берілетін гранттар саны 10 пайызға ұлғайды.