ШҚО-да жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты ма?
ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ағымдағы жылдың 1 тоқсанындағы аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуалдың қорытындысын жариялады.
ШҚО-да ағымдағы жылдың 1 тоқсанында сарып ауруының 9 жағдайы тіркелді. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 4,5 есе артық. Аталмыш ауру 5 ауданда тіркелген, атап айтқанда, Зайсан ауданында – 3 жағдай, Тарбағатай ауданы мен Өскемен қаласында 2 жағдайдан, Күршім және Ұлан аудандарында 1 жағдайдан, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сарыпты жұқтырудың негізгі көзі жануарлардан болып отырған көрінеді.
Ал облыста құтырма бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп сипатталады.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасында адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ. Шығыс Қазақстан облысында эпизоотиялық қолайсыздық Алтай ауданының 1 ошағында анықталды.
2022 жылы жарақат алғандардың 80,4%-ы ит тістеуінен болса, биыл 270 жағдай, яғни 72,4%-ы ит тістеуінен, түлкі мен қасқырдан – 1, жылқы мен қояннан 2 адам зардап шеккен.