Тұрсынов Токиоға бара алмай қалуы мүмкін. Неге?
Тағы бір жерлесіміз Токио Олимпиадасының лицензиясын қоржынға салды. Бұл жолы төртжылдықтың басты додасына жолдаманы грек-рим күресінің шебері Нұрсұлтан Тұрсынов жеңіп алды.
Алматы қаласында өткен құрлықтық іріктеу турнирінде 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен семейлік балуан доданың бірінші айналымында жапон мықтысы Масато Сумиді тізе бүктірсе, одан кейін үнділік Кумар Сунилден басым түскен. Бұл жарыстың жартылай финалы болатын. Осылайша, жерлесіміз күнібұрын Олимпиада жолдамасын жеңіп алған-ды.
Бір қызығы, Алматыда тамаша белдескеніне қарамастан, Тұрсынов Токиоға бара алмай қалуы да мүмкін. Себебі, күрес түрлерінен Олимпиада жолдамасы спортшыға емес, командаға беріледі. Яғни, 87 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанда лицензия бар болғанымен, дәл осы салмақта Олимпиадаға ел сапынан кімнің аттанатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Нұрсұлтанның бозкілемге ұзақ үзілістен кейін қайта оралғанына көп бола қойған жоқ. Еске салайық, 2016 жылы ол Олимпиада ойындарының алдында допинг қолданды деп айыпталып, төрт жылға спорттан шеттетілген болатын.
– Мен мельдони қолданғаным үшін спорттан шеттетілдім. 2020 жылдың наурыз айына дейін ішкі және сыртқы халықаралық жарыстарға қатысуға тыйым салынды. Бастапқыда оған дейінгі жетістіктерімді ескерген спорт басшылары жазамды екі жылға дейін қысқартамыз деп уәде берген еді. Алайда, уәде орындалмағаннан кейін, басқа қалаға, басқа салаға кетуге шешім қабылдап, спорттан қол үздім. Спорттан шеттетілген кезде жеке кәсіппен айналысып, әртүрлі салада қызмет еттім. Ал кілемге шығатын уақыт таяғанда пандемия басталып, тағы бір жылға жуық уақытымды жоғалттым. Жалпы, бұл тыйым салынған затты қабылдамаған спортшы жоқ қой. Тіпті, спортшылардың көбісі мұны допинг деп те есептемейді. Дегенмен, бұл ақталғаным емес. Негізі, жағдайдың осылай ушығуына өзім кінәлімін, – дейді Нұрсұлтан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Ұзақ үзілістен кейін бозкілемге қайта шыққан Тұрсынов 2020 жылдың соңында өткен Қазақстан чемпионатының финалында өзінің командадағы негізгі қарсыласы Азамат Құстыбаевты 3:1 есебімен ұтып, ұлттық құрама сапына оралған.
– Токио Олимпиадасына кімнің баратынын уақыт көрсетеді. Қазір менен бөлек, командаласым Азамат Құстыбаев та бар. Азамат өте мықты әрі нағыз бабында жүрген балуан, – дейді ол.