Арнайы техникамен залалсыздандырып жатыр – Көкпекті
Көкпектіде көшелер мен көпшілік баратын орындар жаппай тазаланып жатыр. Індеттің таралмауына жол бермеудің бірден-бір жолы – залалсыздандыру. Қазіргі таңда бұл іс Көкпекті ауданында жүйелі атқарылуда. Аудан орталығы мен халық көп шоғырланған Самар ауылында ауқымды жұмыс ұйымдастырылды.
Залалсыздандыру жұмыстарына қажетті гипохлорит кальций ерітіндісі облыс орталығы Өскемен қаласының «Титан-магний комбинатынан» жеткізілді. Бүгінгі күні ауданда дезинфекциялық ерітіндіге қажетті 5 тонна қор бар. Әрбір ауылдық округтерге де қажеттілігіне қарай таратылған.
Бастысы қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстарына арнайы жабдықталған «Hubei Dalu» техникасы тартылып отыр. Сыйымдылығы 4 тонна техниканың гипохлорит кальций қоспасын 5-7 метр аумаққа шашып өту мүмкіндігі бар.
Ауданның бас санитарлық дәрігері Гүлмира Абдрасулованың айтуы бойынша гипохлорит кальций қоспасы инфекциялық ауруларға қарсы бактерициттық құрал ретінде қолданылады. Ал, тұрғындар үшін қауіпсіз. Барлық шаралар 2 наурыз күні жарық көрген Денсаулық Сақтау Департаментінің нұсқаулығы негізінде атқарылуда.
Бұл жұмыс елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап толассыз жүргізіліп келеді.
Дархан Бердібек