Қазақстан денсаулық деңгейі бойынша әлемде нешінші орында?
Қазақстан денсаулық деңгейі бойынша 167 мемлекеттің ішінде 84-орында. Бұл туралы Energyprom.kz сарапшылары Лондондағы The Legatum Institute ұйымының рейтингіне сүйене отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Халқының денсаулық деңгейі жөнінен Қазақстан ЕАЭО елдері арасында Ресей мен Қырғызстанды басып озған, бірақ Беларусь пен Армениядан артта қалды.
Рейтингінің алғашқы орындарын Жапония, Швейцария, Оңтүстік Корея, Норвегия, Гонконг, Исландия, Дания, Нидерланды, Австрия елдері иеленіп отыр.
Денсаулық рейтингі – The Legatum Institute ұйымының дүниежүзі елдері халқының әл-ауқаты индексін өлшеуге арналған зерттеудің бір бөлімі. Әл-ауқат индексі 167 мемлекетті немесе Жер шары тұрғындарының 99,4%-ін қамтиды. Онда 65 шешуші санатқа топтасқан 300-ге жуық көрсеткіш есепке алынады. Ал халықтың денсаулық деңгейі жөніндегі рейтинг адамдардың қаншалықты дені сау екенін, медицина қызметтерін қаншалықты пайдалана алатынын, әр елдегі денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бағалау мен ауру көрсеткіштерін, адамдар денсаулығына төнетін қауіп-қатер мен өлім-жітімге қатысты деректі саралау нәтижесінде жасалады.