Өскемендіктер неге жапа-тармағай азық-түлік алып жатыр?
Өскемен тұрғындары жаппай азық-түлік алуға көшті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Дәл қазір кез-келген супермаркетте ұзын-сонар кезек. Азық-түлік дүкендерінің сөрелері бірінен соң бірі бос қалуда. Қала тұрғындары ең бірінші макарон өнімдерін, ұн, қант, май сынды тауарларды жапа-тармағай алып жатқан көрінеді. Сондай-ақ дәретхана қағазы, сабын сияқты тұрмыстық заттар да көп өтіп жатыр.
Бұл әрекетті әркім әртүрлі түсіндіруде. Бірі шынымен де індетке байланысты алаңдаушылық білдіріп, «карантин уақыты ұзаққа созылып кетуі мүмкін ғой» десе, енді бірі валюта бағамының тұрақсыздығын алға тартты. Бензин бағасының өсуі де негізгі себептердің бірі көрінеді, тұрғындардың айтуына қарағанда. Қалай болғанда да тұтынушылар осыдан былай бәрі қымбаттай береді дегенге сеніп алған сияқты.