Семейде қолөнершілер фестивалі өтті
Семейде қолөнершілер фестивалі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш шара Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған. Мақсаты - өнерді ұлықтап, қолөнершілердің туындыларын көпшілік назарына ұсыну.
- Бүгін еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тамаша фестиваль өткізіп жатырмыз. Оған қалалық Достық үйінің этномәдени бірлестіктері қолдау білдірді. Көрме әр халықтың тарихы мен мәдениетін паш етеді,- дейді Достық үйінің директоры Надежда Шарова.
Көрмеге қолөнер шеберлері текемет, түрлі картиналар мен ерлердің бес қаруы, әшекей бұйымдар және ұлттық аспаптары қойылды.
– Қолөнер халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, тамырын тереңге жайып келе жатқан асыл мұрасы. Сондықтан бүгінгі шараның өткізілуін өте орынды деп білемін, - дейді қала тұрғыны Жанар Сәрсенбина.
Кеш соңында қолөнершілер марапатталып, фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты.