«Алтай» «Ертіс-Қазхромды» тағы жеңді
Өскеменде өтіп жатқан Ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінде «Алтай» қыздары қатарынан үшінші жеңісіне жетті. Кеше кешке өткен кездесуде жерлестеріміз Павлодардың «Ертіс-Қазхромынан» 3:1 есебімен басым түсті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, облыс орталығындағы доданың алғашқы екі кездесуінде алтайлықтар 3:0 есебімен «Қарағанды» (25:14, 25:18, 25:20) мен «Астана» (25:21, 25:15, 25:22) волейболшыларын тізе бүктірген-ді.
Ал бұл жолғы кездесуде сербиялық бапкер Марко Гршичтің шәкірттері қарсыластарына бір партияны беріп қойды. Есеп 21:25. Дегенмен қалған кезеңдерде жерлестеріміз қателікке бой алдырған жоқ, 25:17, 25:22, 25:12.
Айта кетейік, қос ұжым соңғы рет осыдан бірнеше апта бұрын өткен Қазақстан суперкубогы үшін додада кездесіп, ол ойында да өскемендік волейболшылардың мерейі үстем болған еді. Есеп 3:0.
Бүгін алтайлықтар петропавлдық «Қызылжар» волейболшыларымен шеберлік байқаспақ. Бұл ойын кешкі сағат 19:30-да басталады.