Өскеменнің дәрігерлері тікұшақты апаттан аман алып қалды
Өскеменнің екі дәрігері «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Облыстық аурухананың реаниматолог-дәрігері Галина Семенова мен санитарлық авиация бөлімінің фельдшері Татьяна Сергеева осыдан бір жыл бұрын ерекше ерлік жасап, төтенше жағдай кезінде бес адамды аман алып қалған екен.
Оқиға 2018 жылдың 15 қазанында болған. Санитарлық авиация бөлімінің мобильді бригадасы Риддер қаласынан Өскеменге қарай ұшады. Тікұшақтың бортында бас сүйегінен ауыр жарақат алған науқас бар. Оны тез арада облыс орталығына жеткізу керек еді.
Кенеттен тікұшақ қатты шайқалып, селкілдей бастайды. Сөйтсе екінші пилоттың қол-аяғы тартылып, командирдің үстіне құлап, басқару тетігін жауып тастаған екен. Науқастың жанында отяырған Галина мен Татьяна есінен танып қалған пилотты алып шығыпты. Ал басқаруды қайта қолына алған командир тікұшақты шұғыл түрде Винное ауылының жанына қондыруға мүмкіндік алады. Жайсыз жағдайға ұшыраған пилот инсульт орталығына, ал риддерлік науқас облыстық аурухананың нейрохирургия бөліміне жеткізіліпті.
Нәзік жанды қос дәрігердің батылдығы апаттың алдын алып, бес адамның өмірін сақтап қалған екен.