KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

ШҚУ студенттері Италияда білім алуда

14.11.2024, 10:00 146 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту – еліміздің басым бағыттарының бірі. Президент халыққа Жолдауында Катонқарағай мен Зайсан курорттық аймақтарының әлеуетін дамыту керектігіне айрықша тоқталған болатын. Саланың өсіп-өркендеуі үшін жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар қажет. Бұл орайда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өзіндік үлесін қосып, еліміздің туристік индустриясы үшін кәсіби мамандар даярлауда, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Үздік туристік елдердің тәжірибесін қолдана отырып, Аманжолов университеті Италиядағы Генуя университетімен бірлесіп, «Тұрақты туризм және дестинацияларды басқару» қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Халықаралық кеңістіктегі стратегиялық серіктесті таңдай отырып, ШҚУ Италияны таңдаған. Өйткені, Италиядағы туризм көрсеткіштері түрлі әлемдік рейтингтер бойынша рекордтық деңгейде. Жылына ол елге 150 миллионнан астам турист келеді. Италия Еуропадағы барлық мәдени ескерткіштердің жартысынан көбі орналасқан ашық аспан астындағы мұражай аталуы бекер емес.

Генуя университеті бірнеше жылдан бері ШҚУ-дың серіктес университеті. Былтыр да академиялық ұтқырлық бойынша тек туризм емес, өзге де мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттер барып, білімдерін жетілдіріп келген болатын.

Бір ай бұрын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Италия Республикасының университеттер және зерттеулер министрі Анна Мария Бернинидің кездесуі барысында да екі ел арасындағы жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланған.

Айта кетсек, ШҚУ шығыс өңірінде Италия мен Қазақстан арасында жоғары білім беру саласында байланыс орнатқан алғашқы жоғары оқу орны. Мұнда жастар арасында итальяндық мәдениетті, білім мен ғылыми жетістіктерді насихаттау мақсатында Сальваторе Квазимодо атындағы Тіл және мәдениет орталығының ашылуы маңызды қадамдардың бірі  болды.

Ынтымақтастық озық тәжірибемен алмасуға ғана емес, сонымен қатар оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, халықаралық стандарттарға сай білім сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Орталық жұмысының аясында ШҚУ студенттері арасында итальян тілі мен мәдениеті, ал италиялық университеттер қабырғасында қазақ тілі мен мәдениеті насихатталады.

Ынтымақтастық аясында ШҚУ делегациясы Италияның серіктес жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Кассино, Оңтүстік Лацио университеті, Генуя Университеті және Линк Кампус университетінде болып қайтқан.  Келіссөздер барысында жоғары оқу орындары арасында Генуя университетінің филиалын, қосдипломды білім беру бағдарламаларын ашу, бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыру, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығы бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылған. Бір жылда жоспарланған жұмыстар сәтті жүзеге асырылып, алғашқы студенттер легі Генуя университетіне бір оқу семестріне аттанды.

– Мен қазір Генуя университетінде үш негізгі пәнді оқып жатырмын. «Экономика және бизнес менеджменті», «Бизнеске арналған ағылшын тілі» және «Қаржылық математика» пәндерін таңдадым. Бізде жеке оқу жоспары бар. Сондай-ақ, сабақ беретін профессорды өзіміз таңдап, өзімізге ыңғайлы кесте жасай аламыз. Бос уақытымызда ежелгі Генуя қаласымен танысамыз. Мұнда әдемі, тарихи сәулет ғимараттары, ескерткіштер өте көп, – дейді ШҚУ студенті Павел Староверов.


Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу