Тарбағатай ауданында жаңа мектеп құрылысы аяқталуда (видео)
Тарбағатай ауданының Тәуке ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 80 орындық жаңа мектеп құрысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нысанның уақтылы қолданысқа берілуін тікелей қадағалауға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арнайы жұмыс сапарымен барды.
Тәуке ауылындағы қазіргі негізгі орта мектеп кезінде саман кірпіштен салынған ескі ғимаратта орналасқан. Ауыл тұрғындары бұл мәселені аймақ басшысымен кездесуде көтерген болатын. Нәтижесінде, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып кеткен. Қазіргі уақытта ескі мектепте 60 оқушы білім алуда, ал жаңа мектеп оларға сапалы және заманауи оқу ортасын ұсынуды көздейді.
Жаңа мектептің құрылысы Тарбағатай ауданы әкімдігі, облыстық білім басқармасы және мердігер компанияның үш жақты меморандумы аясында іске асырылуда. Жалпы аумағы 1290 м² болатын мектептің құрылысына 600 млн теңге қаражат бөлініп, «АБР» мердігер компаниясы жұмысты атқаруда.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес жүргізілуін қатаң бақылауда ұстайтынын айтты.
Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров атындағы жаңа мектепте оқушылардың жайлы ортада білім алуына барынша мүмкіндік қарастырылып отыр. Ғимаратта жаттықтырушылар бөлмесі мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған орны бар кең спорт залы, буфет аймағы, оқу сыныптары, санитарлық тораптар мен техникалық үй-жайлар қарастырылған.
Төлеуғазы Жансая