Шығыстың өз киноиндустриясы болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан киноиндустриясы жайында: Кино өндірісін креативті индустрияның жеке секторы ретінде қарастыру маңызды екенін айтқан. Сондай-ақ, мемлекет басшысы отандық кинематографияны одан әрі дамыту мәселесі айрықша бақылауда болатынын да ескерткен болатын.
Осыдан соң еліміздің әр өңірінде үлкенді-кішілі кино түсіретін компаниялар түрлі тақырыптарды қамтитын документалды, қысқа метражды фильмдер мен түрлі сериалдарды, тағы да басқа фильмдер түсіруді қолға ала бастаған.
«Бұл үрдістен біз неге шет қаламыз?!» деген шығысқазақстандықтар да осынау кино-аламанына қатысып, бақ сынамақ.
Өскемендегі «Ертіс» қонақ үйінде қазақ-киноиндустриясына зор үлес қосып жүрген еліміздің кино мамандары «Хирург» фильмінің актеры әрі қоюшы суретшісі Өмірзақ Шманов, сценарий авторларының бірі, продюсер Дәуір Досыбиевпен және қоюшы-оператор Александр Рубановпен журналистерге арналған шағын басқосу жиыны өтті.
Мамандар Өскемен кинотеатрларында бірнеше күннен бері тегін көрсетіліп жатқан «Хирург» фильмінің мазмұнына, сценарий авторының осы туынды арқылы қоғамға қандай ой салмақ болғандығына, отандық медицинаның қазіргі хал-ахуалына тоқтала келе, фильмді түсіру барысында орын алған қиындықтар мен кедергілерге, жалпы кино саласындағы шешімін таппай келе жатқан қайсыбір келеңсіздіктерді де әңгімелеп берді.
Мамандар өз кезегінде фильм түсіру кезінде орын алып жататын қызықтарымен де, қиындықтарымен де бөлісті.
Серік Құсанбаев