"Балконнан жол шығарамыз". Шарасыз тұрғын әкімге өзі жасаған сызбаны көрсетті
Өскеменнің мүмкіндігі шектеулі тұрғыны үйінен шыға алмайды. Шықса, қайтып кіре алмайды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Себебі үйдің алдында мүгедек жандарға арналған пандус жоқ.
Айбар Ақбердиев Күленов шағынауданының тұрғыны. Үйі Молдағұлова көшесі 15/3 мекенжайында орналасқан. Аталмыш аудандағы дәл осы көшені бойлай салынған үйлердің дөңес жерде тұрғаны көпшілікке белгілі. Аяқ-қолы сау адамның өзі алқынбай кіріп-шыға алмайды. Ал арбада отырған Айбарға тіптен қиын. Себебі, айтып өткеніміздей, подъезде пандус жоқ.
– КМС-тің бірінші филиалына мамыр айында осы өтініш бойынша бардым. Бәрін жөндейміз деген. Одан бері алты ай өтті. Енді өзіміз балконнан жол шығарамыз, – дейді шарасыз күйге түскен азамат.
Айбардың арбасын айдап бармаған жері жоқ көрінеді. Есік алдына ешкімнің пандус салып бермесін білген ол, балкон арқылы өзіне жол салуға бекінген. Ол бірінші қабатта тұрады. Кәнігі сәулетшідей құрылыс жобасының сызбасын да дайындап қойыпты. Бізге көрсетті. Енді тым болмаса соны бекітіп беретін адам таппай жүр. Өйткені жерде пайдалануға рұқсат керек.
Пандусты мүмкіндігі шектеулі азаматтың өзі жасай ма? Әлде мүмкіндігі мол тиісті бөлімдер іске кірісе ме? Өскемен басшысы Жақсылық Омар бұл сұрақтардың жауапсыз қалмайтынын айтты.
Еске саламыз, бүгін шаһар басшысы бірнеше шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.